Қазақстанда қатты тұрмыстық қалдықтардың 22%-ы ғана қайта өңделеді

Елімізде қатты тұрмыстық қалдықтардың 22 пайызы ғана қайта өңделеді. Бұл туралы KazWaste қалдықтарды басқару Қазақстан ассоциациясының басқарма төрағасы Шынболат Байқұлов мәлім етті, деп хабарлайды Alashorda.kz сайты ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

«Пластиканы қолдану аясы кеңейген сайын, оны қайта өңдеу мәселесі де күн тәртібінен түспейді. Бүгінде пластика барлық сала бойынша қолданылады және бұл тек Қазақстанның ғана проблемасы емес. Пластикадан келетін зиян туралы баршамыз білеміз. Және ол ұзақ жылдар бойы ыдырайды. Сондықтан дабыл қағатын уақыт жетті. Ол туралы әлемдік қауымдастықтар мен экологтар айтып та жатыр. Қазір біздің алдымызда тұрған міндет пластиканы қайта өңдеу мәселесін шешу. Оны қайта өңдеп, екінші рет қолдануға болады», — деді Шынболат Байқұлов елордада өтіп жатқан экология тақырыбына арналған конференция барысында.

Оның айтуынша, елімізде және әлемде қатты тұрмыстық қалдықтарға тыйым салу туралы тиісті заңнамалар бар.

«Пластиканың ішінара бірнеше санатқа бөлінеді. Сондықтан оны қайта өңдеу мен ыдырату деңгейі де әртүрлі. Бұл жерде басты проблема пластиканы жинау. Осы орайда қолданушылар пластиканы арнайы қоқыс контейнеріне тастағаны жөн. Яғни қалдықты ажыратып тастау керек. 2021 жылдың қорытындысы бойынша жиналған қатты тұрмыстық қалдықтардың 22 пайызы ғана қайта өңделді. Пластиканы жинау мен өңдеу еліміздің әр өңірінде әртүрлі деңгейде жүріп жатыр», — дейді ол.

Ассоциация басшысының мәліметінше, қазір елімізде пластиканы жинау және өңдеумен 17 компания айналысады.

Айта кетейік, елордада «Пластика экономика айналымында: өндіріс – қайта өңдеу – қайта қолдану» атты конференция өтіп жатыр.