Украина Ресеймен дипломатиялық қатынасын үзді

Украина Ресеймен дипломатиялық қатынасты бұзу жөнінде шешім қабылдады. Бұл туралы бейсенбіде өткен брифингте Украина президенті Владимир Зеленский мәлімдеді, деп хабарлайды Alashorda.kz сайты ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.

22 ақпанда Зеленский Украина сыртқы істер министрлігінен Ресеймен дипломатиялық қарым-қатынасты үзу туралы өтініш алғанын хабарлады.

Ресей президенті Владимир Путин бейсенбі күні таңертең теледидар арқылы сөйлеген сөзінде Донбасс республикалары басшыларының үндеуіне жауап ретінде арнайы әскери операция жүргізу туралы шешім қабылдағанын айтты.

Ресей басшысы Мәскеудің жоспарында Украина аумағын оккупациялау жоқ екенін баса айтты.

Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігі ресейлік әскерилер Украина қалаларына соққы жасамайтынын, әскери инфрақұрылым жоғары дәлдіктегі құралдармен шығарылатынын хабарлады.

Бейбіт тұрғындарға ешқандай қауіп төнбейді, деп сендірді ведомство.

Укринформ басылымының жазуынша, елдің сыртқы саяси ведомствосы Ресейдің шабуылдау операциясы Украинаның егемендігі мен аумақтық тұтастығына шабуыл, БҰҰ Жарғысын және халықаралық құқықтың негізгі нормалары мен қағидаларын өрескел бұзу екенін атап өткен.

«Украина 1963 жылғы Консулдық қатынастар туралы Вена конвенциясының 2-бабына сәйкес Ресеймен дипломатиялық қатынастың үзілгенін мәлімдейді. Біз Ресейдегі украиналықтардың, соның ішінде украин саяси тұтқындарының құқықтары мен мүдделерін қорғауды жалғастырамыз», — деп толықтырды агенттік.

Украина Сыртқы істер министрлігі де Украинаның Ресей Федерациясындағы уақытша сенімді өкілі Василий Покатилоны кеңесу үшін Киевке шақырып, Мәскеудегі Украина елшілігін эвакуациялауды бастады.

Қазіргі уақытта Украинаның Ресей Федерациясының аумағындағы консулдық мекемелері жұмысын штаттық режимде жалғастыруда.

Еске сала кетейік, бүгін Украина президенті Владимир Зеленский ел халқына үндеу жариялап, Украина аумағында әскери жағдай режимі енгізілгенін мәлімдеді.

Бұдан бұрын хабарланғандай, жақында ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Ресейдің Донецк пен Луганскіні тұрақтандыру шешіміне пікір білдірді.

Айта кетейік, Қазақстан Украинадан ел азаматтарын эвакуациялап жатыр.

Украинадағы күрделі жағдайларға байланысты қазіргі уақытта сол елдегі ҚР азаматтарына тұрғылықты жерлерінде болу және ҚР елшілігімен және консулдықтарымен тұрақты байланыста болу ұсынылады.