Ит талаған баланың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ – дәрігер

Алматы облысы Жамбыл ауданына қарасты Ақсеңгір ауылдық округінде ит талаған 9 жастағы баланың жағдайы туралы дәрігер мәлімет берді, деп хабарлайды Alashorda.kz сайты ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

Алматы қалалық балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығы бас дәрігерінің орынбасары Алуа Жексенованың айтуынша, оқушы аман, қазір ауруханада жатыр.

«Ата-анасының қалауымен бала біздің орталыққа жеткізілді. Оқушыға қабылдау бөлімінде құтыруға қарсы иммуноглобулин салып, бөлімшеге жатқыздық. Келгендегі жағдайы орташа ауыр болды. Қазір бала орташа ауырлықта. Бірақ, динамикада жағдайы тұрақталған және құтыруға қарсы вакцинасы схема бойынша салынып жатыр. Дәрігерлердің бақылауында. Хаттама бойынша ем жасалады. Қазіргі уақытта баланың өміріне қауіп жоқ», — деді дәрігер.

Айта кетейік, ит талаған баланың фотосы әлеуметтік желіде тарады.

Бұған дейін Алматы облысында 9 жастағы баланы ит қауып алғаны туралы жазған болатынбыз.

Баланы қапқан ит Ұзынағаш ауылының ветеринарлық станциясына қамалды.