Қарағанды облысы Осакаров ауданына жаңа әкім тағайындалды

0 3

Қарағанды облысының Осакаров ауданына жаңа әкім тағайындалды. Бұл лауазымды Руслан Нұрмұханбетов атқаратын болады, деп хабарлайды alashorda.kz сайты.Қ

ҚР Президенті Әкімшілігінің және аудандық мәслихат депутаттарының келісімі бойынша Осакаров ауданының әкімі қызметіне Руслан Есенбекұлы Нұрмұханбетов тағайындалды. Бұған дейін ол осы ауданда әкімнің орынбасары болып жұмыс істеген.

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек аудандық мәслихаттың кезектен тыс сессиясына қатысып, аудан басшысының кандидатурасын ұсынды. Депутаттар оны қолдады.

Осакаров ауданының бұрынғы әкімі Нүркен Көбжанов Бұқар Жырау ауданының әкімі қызметіне ауысты.

Жеңіс Қасымбек ауданда атқарылуы тиіс басым міндеттерді атап өтті. Олардың қатарында тұрғын үй құрылысы, халықты таза ауызсумен қамтамасыз ету, инфрақұрылымды жақсарту мәселелері бар.

«Осакаровка кентіндегі Пионерское, Озерное-Ералы ауылдарында су құбыры желілерінің және 7-ші кезектің құрылысына қаражат бөлінді. Нысандарды 2023 жылы аяқтау қажет. «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасы аясында биыл Мәдениет үйі, екі мектеп және спорт кешені күрделі жөндеуден өтіп жатқан Молодежный кентіне көп көңіл бөлінді. Жұмыс сапасы мен жобалардың орындалу мерзімін бақылау қажет», – деді облыс әкімі.

Руслан Нұрмұханбетов мемлекеттік қызметте 16 жылдан астам уақыт жұмыс атқарып келеді. Еңбек жолын 2005 жылы Осакаров ауданы Молодежный кенті әкімі аппаратының маманы болып бастаған.

Осакаров ауданы әкімінің аппаратында әртүрлі лауазымдарды атқарды. Содан кейін Солтүстік Қазақстан облысында Білім басқармасы басшысының орынбасары болып жұмыс істеді.

Кейін Бұқар Жырау ауданында еңбек етіп, бас маманнан аудан әкімінің орынбасарына дейінгі жолды жүріп өтті.

2017 жылдың тамыз айынан бастап қазіргі уақытқа дейін Осакаров ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарып, экономика, ауыл шаруашылығы, ветеринария, жер қатынастары мәселелеріне жетекшілік етті.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.