Қуандық Бишімбаев өзіне тағылған айыптарды мойындамады

Бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев өзіне тағылған айыптарды мойындамады деп хабарлайды Alashorda.kz ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

«Тағылған айыптармен келіспеймін. Іс алқабилердің қатысуымен қаралса және сот БАҚ өкілдерінің қатысуымен ашық өтсе», — деді Қуандық Бишімбаев сот алдында.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, бүгін Астанада Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдау өтіп жатыр. Оған ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы бойынша адам өлтіру, қасақана, аса қатыгездікпен адам өлтіру, Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі 1-тармағы бойынша материалдық жағынан тәуелдi адамды жүйелі түрде ұрып-соғу немесе өзге де зорлық-зомбылық әрекеттері арқылы физикалық және психикалық қинау фактісі бойынша айып тағылып отыр.

Іс елорданың Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралып жатыр. Судья — Айжан Құлбаева.

Айта кетсек, алдын ала тыңдауға 80-ге жуық БАҚ өкілі онлайн қатысып отыр.

Еске салайық, 2023 жылы 9 қарашада Астанадағы «Bau» мейрамханасында бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев өзінің жұбайын соққыға жықты. Әйел жедел жәрдем жеткенше көз жұмды.

Мұнан соң Ішкі істер министрлігі Қуандық Бишімбаевтың ұсталғанын растады.

Өткен жылы 15 қарашада өткен кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министріне Қ. Бишімбаевтің ісін ерекше бақылауға алуға тапсырды.

Айта кетсек, биыл 11 қаңтарда елорда соты Қуандық Бишімбаевты күзетпен ұстау мерзімін 2 айға ұзартқан еді.

Биыл 26 ақпанда Қуандық Бишімбаевтың ісі сотқа түсті.

1 наурызда Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдау күні белгіленген еді.