«Қазақ пен қарақалпақта 90 пайыздай ұқсастық бар»

Қазақ еліне алыс-жақын шет елден көшіп келіп, өмір сүріп жатқан азаматтар жетерлік. Солардың бірі Астана қаласындағы «Жайхун» қарақалпақ этномәдени орталығының төрайымы Тазабике Салиева. Ол жолдасы екеуі 2000 жылдары Қарақалпақстаннан Астанаға көшіп келгенін айтады.

«Бірлік пен тұрақтылықтың арқасында Қазақ елінде мыңдаған азамат көшіп келіп, осында өз жолын тапты. Мәселен жолдасымды 2000 жылы Астана қаласындағы театрға жұмысқа шақырды. Ал өзім 2001 жылдың жазында елордаға көшіп келдім. Жолдасым – виолончелист,  өзім хореографпын. Екі ұл, екі қызымды осы жерде оқытып, тәрбиеледік, Қайта ауылға яғни Қарақалпақстанға қайтпадық.

Жалпы Астана жасампаздардың қаласы. Елордаға келіп, балаларымызды оқыттық. Жаңа қалада жаңа идеялар, креатив болады. Астанаға әр түрлі аймақтан жаңа адамдар келіп, жаңа бастамалар пайда болады. Астанада алған білімнің арқасында бір балам Мәскеудегі консерваторияда оқып жатыр. Ол Мәскеудегі жоғары оқу орнына түскен бірінші қарақалпақ азаматы болды.

Ал қызым Астанада ағылшын тілін үйреніп, білімін жетілдіріп жатыр. Жуырда ол Қазақстанның атынан Италияда қайырымдылық концерт ұйымдастырды. Ислам деген татар баламен бірге Қазақстан халқы Ассамблеясынан көрген тәжірибесі бойынша балаларды жинап,  бауырсақ, күріш пісіріп қайырымдылық концертін өткізді. Концерттен түскен 2000 евро қаржыны Украинадағы балалар үйіне аударыпты», – дейді ол.

«Ассамблеямен қоян-қолтық жұмыс істеп жатырмыз»

Тазабике Салиева «Жайхун» қарақалпақ этномәдени орталығы республикалық статус алуы үшін 11 өңірде филиал болуы керек екенін айтады. Қазір Астанадан бөлек Алматы, Шымкент, Ақтау, Атырау  қаласында 5 этно-мәдени бірлестіктер бар.

«Астана қаласындағы «Жайхун» қарақалпақ этно-мәдени орталығы 2016 жылы 9 желтоқсанда ашылды. Бастапқы кезде орталықта небәрі 13 қарақалпақ болатынбыз. Қазір қатарымыз көбейіп, бір қауым ел болып қалдық. Негізі орталықта барлығының ұлты қарақалпақ емес, қазақ, өзбек, кәріс секілді түрлі ұлт өкілдері бар. Бірақ барлығы Қарақалпақ елінен көшіп келген азаматтар. Ауылдың нан-тұзын татқан, суын ішкен адамдар болғаннан кейін бөлінбей, бірге жұмыс істеп жатырмыз. Қарақалпақстанан келгендердің ішінде әйелі немесе күйеуі қазақ, өзбек, кәріс азаматтар бар.

Біз Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастырған іс-шаралардан қалмай, қатысып тұрамыз. Орталық төрайымы болғаннан кейін қай жерде іс-шара болса, кімге қай тақырыпқа сай келетінін қарап сол адамдарды жіберіп отырамын. Мәселен діни іс-шара болатын болса, діни сауаты бар адамдарды жіберемін. Осылай Ассамблеямен қоян-қолтық жұмыс істеп жатырмыз. Жалпы этномәдени орталықтың мүшелері жылына бір-екі рет бас қосып, атқарған және алда атқаратын шаруаларымызды пысықтаймыз. Өткен жылы бас қосып, атқаратын шаруалырымызды ақылдастық. Ал биылғы кездесуімізді ауа-райына байланысты сәл кейінге қалдырып отырмыз», – дейді ол.

«Қарақалпақтардың саны 60 мыңнан асып кетті»

Этномәдени орталықтың төрайымының айтуынша, 2018 жылғы ресми статистика бойынша Қазақстанда 11 602 қарақалпақ өмір сүріп жатыр. Алайда ол қазір бұл азаматтарды саны әлдеқайда өсіп кеткенін ескертті.

«2018 жылы тиісті органға Қазақстанда қанша қарақалпақ бар екенін білу үшін хат жазған едім. Биыл да нақты қанша азамат бар екенін анықтау үшін арнайы хат жазып қою керек екен. Бірақ одан бергі 6 жылда қаншама қарақалпақ Қазақ елінің азаматтығын алды? Менің ойымша, тұрақты тіркеуі бар қарақалпақтардың саны 60 мыңнан асып кетті. Ал азаматтық алған бауырларымыздың алды 15-20 мыңды шамалап қалған шығар. Себебі ауылдан көп азаматтар көшіп келіп жатыр.

Қазақ пен қарақалпақтар бұрыннан ауылы аралас, қойы қоралас келе жатқан халық. Әлі күнге дейін қазақтармен құда, құдағи болып өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан қарақалпақтар Қазақстанға келіп, тез тіл табысып, сіңісіп кетеді. Шыны керек, бізде адаптация тез болады. Себебі, тіліміз бен діліміз, жалпы басқа да жақтан ұқсас болып келеміз. Қазақ пен қарақалпақта 90 пайыздай ұқсастық бар. Сол себепті Қазақ еліне көшіп келген қарақалпақтарға ешқандай қиыншылық жоқ», – деді ол.

«Елімізді көрсетейік деп мәдени орталық аштық»

Тазабике Салиева Қазақстан халқы Ассамблеясына алғысы шексіз екенін айтады. Себебі аталған ұйым әр халықтың мәдениетін көрсетуге, жаңа істер бастауға көп қолдау көсертіп  жатқан көрінеді.

«Шыны керек Ассамблеяның қарақалпақтардың мәдениетін көрсетіп, танылуына мүмкіндік бергені үшін ризамын. Ауылдағы азаматтар бізбен мақтанып отырады. Әдебиет пен мәдениетіміз көрсету үшін түрлі конференциялар өткіздік. Лев Гумилев атындағы Еуразия университетінде «Қырық қыз» дастаны туралы конференция өткіздік. Сосын атамыздың (Келіндік ізетпен атасы Қаллы Айымбетов аты-жөнін атамады – СЖ) 100  жылдығына байланысты ауқымды жиын өткіздік. Менің жолдасымның әкесі Қарақалпақтың фольклорын бірінші қағазға түсіріп, ең бірінші театр ашқан адам.

[Қаллы Айымбетов] Қызылордаға 27 күнде жаяу келіп, Мұхтар Әуезов, Сәкен Сейфуллин секілді қазақтың игі жақсыларынан білім алған. Сол кісілер туралы естеліктер жазған. Сондай-ақ ол 1940 жылы бірінші әліппе жазғандықтан ауылда оны «Ең сауатты кісі» деп таниды. Төрт ұлының бірі менің атам Қарақалпақстанға еңбек сіңірген мәдениет қайраткер болса, қалған үшеуі академик, докторантура бітірген. Қазір ағайын-туысымыздың барлығы Қарақалпақстанда тұрады. Біз жолдасым екеуміз Қазақстанда көшіп келдік. Ол жақта бізді Айымбетовтер династиясы деп айтады. Осы жақтан елімізді, жерімізді көрсетейік деп мәдени орталық аштық.