Астанада «Көктемдегі Қытай» жаһандық диалогі өтті

«Көктемдегі Қытай: Қытай мүмкіндіктері — әлеммен бөлісу» атты жаһандық диалогі өтті, деп хабарлайды KAZINFORM.

Қытай Медиа корпорациясы (CMG), Қытайдың Қазақстандағы Елшілігі және Астана халықаралық университеті бірлесе өткізген конференцияға екі елдің саясат, бизнес, ғылым мен медиа салаларынан 60-тан астам өкілі қатысты. Олар екі ел арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі жағдайын саралап, оның болашақтағы даму перспективаларын талқылады.

Қытайдың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлинь, Астана халықаралық университетінің президенті Серік Ирсалиев және Мәжіліс депутаты Еркін Әбіл іс-шараның ашылуында сөз сөйледі.

Елші Хань Чуньлинь Қытайдың аэроғарыш, жасанды интеллект және өзге де жоғары технологиялық салалардағы қарқынды дамуын атап өтті. Ол сондай-ақ Қытайдың реформаларды тереңдету, жоғары деңгейдегі ашықтық саясатын жалғастыру және «Адамзаттың біртұтас тағдыры қауымдастығы» тұжырымдамасын ұстану арқылы әлемдік дамуға жаңа серпін беретінін айтты.

Фото: Дана Нұрбақыт
Мәжіліс депутаты Еркін Әбіл өз сөзінде Қытайдың «екі сессиясының» табысты өтуімен құттықтап, соңғы жылдары Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестіктің нығайғанын және екі ел арасындағы сенім деңгейінің тарихи жоғарылай түскенін атап өтті. Сонымен қатар тараптар теңдік пен өзара тиімділік қағидаттары негізінде ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және түрлі саладағы өзара іс-қимылды кеңейтуге ниетті екенін жеткізді.

Конференция барысында қатысушылар «Бір белдеу, бір жол» бастамасы, Қытайдың жоғары сапалы дамуының жаһандық мүмкіндіктері және Қазақстан-Қытай жоғары технологиялық ынтымақтастығы тақырыптары бойынша терең пікір алмасты.