«Қазақстан – БАӘ» бизнес-форумында бірқатар келісімге қол қойылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Абу Дабидің Тақ мұрагері шейх Халед бен Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян «Қазақстан – БАӘ» бизнес-форумының жабылу салтанатына қатысты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Қол қойылған коммерциялық құжаттардың жалпы сомасы 5 млрд долларға жуық. Бұл экономиканың негізгі секторларын қамтиды. Қазақстанға 4,3 млрд доллардан астам инвестиция құйған БАӘ – еліміздің Шығанақ аймағындағы жетекші сауда және инвестициялық серіктесі.
– Энергетика, логистика, қаржы, интеллектуалды технологиялар, ауыл шаруашылығы және тағы да басқа түрлі салада ынтымақтастығымызды кеңейтуге мүмкіндік мол. Masdar, Presight, Abu Dhabi Ports, Terminal Holdings және Аbu Dhabi Commercial Bank cекілді серіктестерімізбен бірге жүзеге асырып жатқан маңызды жобалар өзара ықпалдастықтың қарқын ала түскеніне айқын дәлел. Осы және басқа да бастамалар екіжақты қарым-қатынастың дәйекті әрі тиімді дамып келе жатқанын көрсетеді, – деді Президент.
Бизнес форум аясында цифрлық технология дамуына, қаржы, урбанистика және «жасыл» экономика салаларындағы заманауи трендтерге арналған тақырыптық сессиялар ұйымдастырылды.
Екі елдің бизнес өкілдері B2B форматында кездесулер өткізді.
Форумға Әмірліктерден Абу Даби Экономикалық даму департаментінің, БАӘ сауда-өнеркәсіп палаталарының, сондай-ақ Masdar, AMEA Power, Abu Dhabi Ports Group және тағы да басқа ірі компаниялардың өкілдері қатысты.
«Қазақстан – БАӘ» бизнес-форумында мынадай коммерциялық келісімдерге қол қойылды:
1. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі мен QazaqArab Sugar ЖШС арасында Қазақстанда қант зауытының құрылысы жобасы бойынша инвестициялар жөніндегі келісім;
2. Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Астана қаласы әкімдігі мен Presight компаниясы арасында мәліметтерді өңдеу орталығының құрылысы бойынша меморандум;
3. Астана қаласы Білім басқармасы мен Emirates Kazakhstan Education Investment Group арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
4. «Астана» Халықаралық қаржы орталығы мен Abu Dhabi Global Market арасында мәліметтерді қорғау саласындағы ынтымақтастық жөніндегі меморандум;
5. «ҚМГ Инжиринг» ЖШС мен AIQ арасында білім алмасу және AIQ шешімдерін әзірлеуге арналған стратегиялық ынтымақтастық жөніндегі келісім;
6. «Атамекен» ҰКП Қазақстанның сыртқы сауда палатасы мен Khalifa Economic Zones Abu Dhabi арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
7. Semurg Invest ЖШС мен Abu Dhabi Ports Group арасында «Құрық» көпмақсатты терминалының құрылысы және оны дамыту қағидаттары жөніндегі келісім;
8. «Ақтау теңіз порты» Арнайы экономикалық аймағы АҚ мен Khalifa Economic Zones Abu Dhabi арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
9. «Alel Agro» АҚ мен LULU Group арасында агро азық-түлік өнімдерінің саудасын ілгерілету және сатып алу саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум.