Сабыржан Аққалықов: 75 келіде өзімді тамаша сезінемін

Астанада World Boxing федерациясының ұйымдастыруымен бокстан Әлем кубогының кезеңі өтті. Аталмыш жарыста ұлттық құрама боксшысы Сабыржан Аққалықов 75 келіге дейінгі салмақтың жеңімпазы атанды. Сондай-ақ, былғары қолғап шебері жарыс аяқталғаннан кейін Olympic.kz сайтына сұхбат берді.

“75 келіде өзімді жалпы жақсы сезініп жүрмін. Бұған дейін арнайы диетологтармен жұмыс істеп, дұрыс тамақтану мен салмақты қалыпта ұстау жағын жіті қадағаладық.

Финалда кездескен спортшымен біз бұған дейін де қолғап түйістіргенбіз. Болгарияда өткен “Странджа кубогында” жартылай финалда жолығып едік. Ал Астанада сол кездесудің қарымтасы болды деуге болады. Қазіргі есеп 2:0 мен алда келе жатырмын (күледі).

Айта кетейін, бұл қарсылас осал емес, Олимпиада ойындарының қатысушысы.

Енді келесі оқу-жаттығу жиынымыз Алматыда өтеді. Одан кейін Астанада тағы бір дайындық кезеңі жоспарланған. Сосын Ливерпульге аттанамыз. Онда шамамен бір апта бойы жергілікті жағдайға бейімделу кезеңі болады. Сол дайындықтан кейін әлем чемпионатында ел намысын қорғаймыз”, – деді спортшы.