Мемлекеттік қызметшілердің, депутаттар мен судьялардың декларацияларынан жарияланатын мәліметтердің тізбесі қысқартылды, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.
Енді жеке тұлға өз бетінше салық салуға жататын табыстар туралы ғана мынадай мәліметтер жарияланады:
➣ табыстың жалпы сомасы;
➣ кірістер мен мүлік туралы декларация тапсырған тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің 2025 жылғы 27 желтоқсандағы №216 бұйрығы 2025 жылғы 30 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілді.
Бұған дейін лауазымды тұлғалар Қазақстан Республикасында және шет елдерде мүлікті сатып алу және сату туралы, шетелдік банктердегі шоттардағы қаражат және басқа да мәліметтерді жариялауға міндетті болған.
Еске сала кетейік, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңның 11-бабының 9-тармағы қолданысқа енгізілді. Осыған сәйкес, 2025 жылдан бастап саяси мемлекеттік қызметшілер, «А» корпусының әкімшілік мемлекеттік қызметшілері, Парламент депутаттары, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, судьялар, квазимемлекеттік сектор субъектілерінде басқарушылық функцияларды атқаратын тұлғалар және олардың жұбайлары жыл сайын 31 желтоқсанға дейін өздерінің кірістері мен мүлкі туралы декларацияларында көрсетілген мәліметтерді жариялауға міндетті.