Бүгін «QAZCONTENT» АҚ-на қарасты «Әдебиет порталы» интернет-жобасы мен ҚР Ұлттық кітапханасының «Ұлт оқитын 100 кітап» бірлескен жобасының ресми таныстырылымы өтті, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.
Нақтырақ айтсақ, енді Абай Құнанбайұлының өлеңдері мен қара сөздерінен бастап, белгілі ақын Гүлнар Салықбайдың «Жан» кітабының электронды нұсқасын «Әдебиет порталынан» оқуға болады. Жиынға Мәжіліс депутаттары мен астаналық зиялы қауым өкілдері қатысты. Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан қазіргі таңда жастардың кітап оқуға аса мән бермей кеткенін айтады.
«Жалпы, кітап оқитын ұлт, кітап құндылығын арттыру бағытында соңғы кездері үлкен жобаларды қоғамдық ұйымдардан бастап, мемлекеттік мекемелерге дейін іске асырып жатыр. Оның ішінде «Әдебиет порталы» секілді электронды сайттар да өз жұмысын істеп жатыр. Соңғы кездегі ең үлкен проблема — кітап оқу үрдісінен айырылып бара жатқанымыз. Кешегі Кеңестер Одағы кезіндегі ең бір сәулелі, жарқын сәттерді кітап оқитын ұрпақ жасады. Қазір біздің беделді, белгілі азаматтар мемлекеттік тапсырыспен емес, Шыңғыс Мұхан секілді азаматтар әртүрлі тақырыптағы кітаптар шығарып жатыр. Бұл, әрине, өте орынды бастама деп ойлаймын.
Негізі, 100 үздік кітап деген шартты ұғым. Негізі, біз тізімге кірген кітаптарды әлдеқашан оқып қойғанбыз. Бірақ қазір жас ұрпақ, жас буын кітаптан алыстап, керісінше, телефонға телміріп қалды. Осыдан кейін жастар кітап оқуға ден қойса деген ниеттен туған ой еді», – дейді ол.