Адвокатура Конституцияға енсе – халық үшін не өзгереді?

Бүгін, 18:14 / Alashorda
Ашық дереккөз

Адвокат Әлімжан Жұбатханов Конституцияға енгізілетін өзгерістерге байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.

Кей адамдар: «Адвокаттар онсыз да бар ғой, Конституцияға енгізудің қажеті не?» деп сұрайды. Бұл жерде мәселе адвокаттың бар-жоғында емес, азаматтың құқығы қаншалықты кепілденгенінде.

Қазір адвокаттардың қызметі қарапайым заңдармен реттеледі. Ал кез келген заңды өзгертуге, шектеуге немесе айналып өтуге болады. Сондықтан адвокаттың рөлі кейде практикада толық іске аспай қалады.

Ал адвокатура Конституцияға енгізілсе, жағдай түбегейлі өзгереді.

🔹 Қорғаныс – мемлекеттің тікелей міндетіне айналады
Адвокаттың қатысуы жай мүмкіндік емес, әр азамат үшін конституциялық кепілдік болады.

🔹 Адвокатқа қысым жасау – Конституцияны бұзу болып саналады
Сот, тергеу немесе басқа орган адвокаттың құқығын шектесе, бұл енді жай заң бұзушылық емес, ең жоғарғы заңға қарсы әрекет деп бағаланады.

🔹 Жарыссөзде нақты теңдік қалыптасады
Адвокат прокурормен тең жағдайда сөйлеп, қорғаныс пен айыптау арасындағы әділ тепе-теңдік сақталады.

🔹 Қорғаныс барлық салада күшейеді
Азаматтық, әкімшілік, еңбек, отбасы және басқа да дауларда адвокаттың рөлі міндетті әрі толыққанды болады. Бұл құқық тек тәжірибеде емес, Конституциямен қорғалады.

🔹 Халықтың заңға және әділдікке сенімі артады
Адам өз құқығының артында тек заң емес, Конституция тұрғанын сезінеді.

💡 Негізгі түйін:

Конституцияға адвокатураны енгізу – адвокаттар үшін емес, қарапайым халықтың құқығын нақты қорғау үшін қажет қадам. Бұл құқықты сөз жүзінде емес, іс жүзінде қорғауға бағытталған. 

Әлімжан Жұбатқанов

Адвокат

конституция Әлімжан Жұбатқанов Адвокат