AFM AI Hackathon 2026: қаржылық қылмысқа қарсы технологиялар

Бүгін, 17:38 / Alashorda
Фото: alashorda.kz

2026 жылғы 24-25 маусым күндері Қаржылық мониторинг агенттігі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен бірлесіп «AFM AI Hackathon 2026: қаржылық қылмыстарға қарсы технологиялар» атты республикалық байқау өткізді, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.

Ауқымды іс-шараға Қазақстанның түрлі өңірінен 350-ден астам қатысушы жиналды. Олардың қатарында IT-мамандар, деректер талдаушылары, бағдарламалық жасақтама әзірлеушілері, жасанды интеллект саласының сарапшылары және еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының студенттері болды.

Хакатон «Заң және Тәртіп» қағидатын іске асыру аясында ұйымдастырылып, экономикалық және қаржылық қылмыстарға қарсы іс-қимыл саласына заманауи цифрлық шешімдерді енгізуге, сондай-ақ жастардың инновациялық әлеуетін дамытуға бағытталды.

Екі күн бойы қатысушылар үш негізгі бағыт бойынша жобалар әзірледі:

• Digital Shadow – көлеңкелі интернетті бақылау және ашық дереккөздерден (OSINT) ақпарат жинау;

• AI Shield – дерекқорларды қорғауға және киберқауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған жасанды интеллект алгоритмдерін әзірлеу;

• AI Media Watch – әлеуметтік желілердегі заңсыз ойын бизнесі мен қаржы пирамидаларының белгілерін анықтау.

AFM AI Hackathon 2026 жас мамандарға өз білімдері мен дағдыларын көрсетуге, қаржылық қауіпсіздік саласындағы өзекті мәселелердің практикалық шешімдерін ұсынуға және мемлекеттің экономикалық мүдделерін қорғауға арналған заманауи технологияларды дамытуға үлес қосуға мүмкіндік берді.

Байқау қорытындысы бойынша үздік жобалар марапатталып, оларды одан әрі жетілдіру және қаржылық құқық бұзушылықтарға қарсы іс-қимыл тәжірибесіне енгізу мүмкіндігіне ие болды.

Алматы Қаржылық мониторинг агенттігі Хакатон Hackathon Қылмыс Технология