Әкелер күні мерекесінде футболдан шеберлік сабақ өтті

Бүгін, 21:43 / Alashorda

Әкелер күніне орай «Отбасы – бақыт мекені» жобасы аясында футболдан шеберлік сабақ ұйымдастырылды, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.

Спорттық шараға әкелер мен балалар қатысып, кәсіби бапкерлердің жетекшілігімен арнайы жаттығулар жасады. Сондай-ақ басқосу соңында отбасылық командалар жолдастық матч өткізді.

Шараның құрметті қонағы ретінде «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары, Астана қалалық филиалының басшысы Бекдайыр Күзембай, «Әкелер одағы» бірлестігінің Астана қалалық филиалы  төрағасының орынбасары Темірхан Тұрлыбаев және танымал футболшы, футболдан ұлттық құрама бас бапкерінің ассистенті Елдос Ахметов қатысты. 
– Үш жыл бұрын Үкімет қаулысы шығып, отбасыға қатысты екі мереке ресми атап өтілетін болды. Біріншісі Аналар күні, екіншісі Әкелер күні. Мұндай қадам отбасы институтын нығайтуға және ата-бабадан жеткен салт-дәстүрімізді насихаттауға зор үлес қосып келеді. Мереке қарсаңындағы ел аумағында ата-ана жауапкершілігін арттыруға арналған келелі жиындар толастаған емес. Бүгінгі спорттық шарада да әке мен баланың ынтымағының, отбасы бірлігінің куәсі болдық, – дейді Бекдайыр Күзембай.
Ал танымал спортшы Елдос Ахметов әкелердің балаларымен бірге жаттығып, бірге алаңға шығуын жақсы бастамаға балады.
– Әкелер мен балаларды спорт арқылы біріктіретін осындай шаралардың маңызы өте зор. Футбол – тек ойын емес, ол тәртіпке, жауапкершілікке және бір-бірін қолдауға үйретеді. Бүгін алаңда әкелер мен балалардың бірге жаттығып, бірге ойнағанын көру ерекше әсер қалдырды. Осындай кездесулер отбасылық байланысты нығайтып, балаларға жақсы үлгі береді, – деді Елдос Ахметов.
Айта кетейік, «Отбасы – бақыт мекені» жобасы астаналық жас отбасыларды қолдау бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Жастардың әлеуметтік мәселелерін шешуге, олардың жан-жақты дамуына және бос уақытын тиімді өткізуіне ықпал етуде.

спорт