Астанада ондаған азамат Aliba Travel туристік компаниясынан ақшасын қайтара алмай жүр, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі Adal Adam-ға сілтеме жасап.
Бірі жүздеген мың теңге төлеп, сапарға мүлде шыға алмаған. Енді бірі шетелге барғанымен, елге өз қаражатына қайтуға мәжбүр болған. Тіпті сотта жеңіп шықса да, ақшасын өндіріп ала алмай жүргендер бар. Туристік компания басшысы болса, мұның бәріне өздерін емес, «халықаралық жағдайды» кінәлайды. Тіпті, туристердің ақшасы қайда кеткенін, қашан қайтарылатынын айта алмай отыр. Енді бұл іске полиция араласты. Туристік компанияға қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды.
«510 мың теңге төледік, билет жоқ»
Зардап шеккендердің бірі Гүлвира Ақтайқызы 7 сәуірде Стамбулға саяхаттау үшін 460 мың теңгеге тур брондаған. Сапар 24-28 қазанға жоспарланған. Алайда ұшуға екі күн қалғанда компания байланысқа шықпай қойған.
«Трансферге 20 мың, багажға 30 мың теңге қосымша төледік. Барлығы 510 мың теңге кетті. Бірақ билет те алынбаған, қонақүй де брондалмаған. Қанша жазсақ та, жауап бермеді. Кейін Instagram-нан компанияның банкрот болғанын мәлімдеп, жұмысын тоқтатқанын білдік», – дейді ол.
Оның айтуынша, туристер алдын ала еңбек демалысын алып, кейбірі басқа қалалардан Астанаға арнайы келген. Ал уақыт тақағанда турфирма осындай “тосынсый” дайындап қойған.
«Біз істің тергеліп, ақшамыздың толық қайтарылуын талап етеміз», – деді Гүлвира Ақтайқызы.
«Ұшуға 12 сағат қалғанда хабарлады»
Осындай жағдайға тап болған Бибігүл Абжанова отбасымен Еуропаға саяхаттауды жоспарлаған. Ол үшін тур құнының 50 пайызын алдын ала төлеген.
Алайда визасы мақұлданбаған. Кейін 15 қыркүйекке жоспарланған Еуропа турының өзі де өтпегенін білген.
Ақшасы компанияда қалғандықтан, турист басқа бағытты таңдауға мәжбүр болған.
«Ақшамыз жоғалмасын деп компанияның ұсынысымен 19 қазанда Стамбулға баруға келістік. Бірақ ұшуға 12 сағат қалғанда билеттердің алынбағанын, сапардың болмайтынын хабарлады. Компания кеңсесіне барғанымызда, басшысы ішкі техникалық ақаулар болғанын айтты. Нақты ештеңе түсіндірмеді», – дейді Бибігүл Абжанова.
«Сот шешімі бар, ақша жоқ»
Сая Оразалина наурыз айында жолдасымен бірге Стамбул мен Каппадокияға тур сатып алған. Бастапқыда 11 мамырда ұшуға тиіс болған. Кейін сапар 14 мамырға ауыстырылғанымен, саяхат жүзеге аспаған.
«Ұшуға бір күн қалғанда билет ала алмай жатқанын айтты. Ақшамызды 14 күнде қайтарамыз деп уәде берді. Бірақ бір ай өтсе де ақша түспеді. Сотқа жүгінетінімді айтқанымда, "Сотқа берсеңіз, бере беріңіз. Сот шешімімен қайтарамын" деді», – дейді ол.
Сая Оразалинаның айтуынша, 17 шілдеде сот шешімі шыққанымен, ақшасы әлі қайтарылмаған.
«Қазір компания басшысы ақшаны өзінен емес, жеке сот орындаушысынан сұрауымды айтады. Оның есепшотынан 400 мың теңге өндірілген екен. Бірақ ол менен бұрын сотқа жүгінген азаматқа тиесілі болып шықты. Мен екінші кезекте тұрмын. Менен кейін тағы алты адам бар», – деді.
«698 мың теңге төледім»
Даяна Садвакасова да Түркияға саяхаттау үшін Aliba Travel компаниясына жүгінген. Оның айтуынша, турдың толық құны – 698 мың теңге. Компания бұл қаражатқа ұшақ билеті, қонақүй, трансфер және басқа да қызметтер кіретінін айтып сендірген.
Алайда сапар жақындағанда компания билеттерді беруді қайта-қайта кейінге қалдырған. Ақырында туристер сапардың тоқтатылғанын компаниядан емес, бөтен адамдардан естіген.
«Бізге "Билеттер келесі аптада дайын болады", "Ертең береміз" деп құр уәдемен алдаусыратып келді. 24 қазанда ұшуымыз керек еді. Ал сапардың болмайтынын 22-сі күні ғана білдік. Оның өзінде компания бізге хабарлаған жоқ. Ешқандай ресми ескерту де жасалмады», – дейді ол.
Даяна Садвакасованың айтуынша, компания басшысы ақшаны қайтару мәселесіне жауап берудің орнына, талап қойған өздеріне дөрекі сөйлеп, тіпті балағаттаған.
«400 мың теңге шығынға ұшырадым»
Тағы бір турист Анель Алтаева компанияға шілде айында төлем жасаған. Ол екі адамға Стамбулға тур сатып алған.
Сапар 23 қазанға жоспарланған. Бірақ ұшуға бірнеше күн қалғанда компания өкілдері байланысқа шықпай қойған.
«Бізге компанияда қиындықтар барын ешкім ескертпеді. Керісінше, арнайы чат ашып, сапардың қалай өтетінін түсіндіріп, бәрі жақсы болатынына сендірді. Бірақ ұшуға үш күн қалғанда байланысқа шықпай қойды. Кейін біз сияқты ақшасын қайтара алмай жүрген адамдардың көп екенін білдік. Компания басшысы қаржылық қиындықтарды алға тартып, ақшамызды қайтаруға уәде берді. Алайда қашан қайтаратынын сұрасақ, "Өзім де білмеймін" дейді. Осылайша, 400 мың теңгемізден қағылдық. Енді ақшамызды қайтара аламыз ба, жоқ па, белгісіз», – деп қынжылды Анель Алтаева.
«Саяхатқа бармадық, несиесін төлеп отырмыз»
Aliba Travel компаниясына сеніп, енді болмаған саяхаттың несиесін төлеп отырғандардың бірі – Светлана Руденко. Ол қыркүйекте Стамбулға турды «Саяхат» жеке кәсіпкерлігі арқылы бөліп төлеуге рәсімдеген.
Туристің айтуынша, компания соңғы сәтке дейін еш күдік тудырмаған. Арнайы чат ашып, сапарға бір күн қалғанда бейнебайланыс арқылы нұсқаулық та өткізген. Алайда ұшуға бірнеше сағат қалғанда Астанадан баратын төрт адамның сапары тоқтатылған.
«Бәрі сенімді көрінді. Компания басшысы мен турагенттер үнемі байланыста болды. Бірақ билеттерді соңғы сәтке дейін бермеді. Ақырында топтың бір бөлігі ұшып кетті, біз қалып қойдық. Содан кейін компания хабарламаларымызға жауап бермей, мені әлеуметтік желілерде бұғаттап тастады», – дейді ол.
Ал Стамбулға ұшып кеткен туристердің де сергелдеңге түскені белгілі болған.
«Алматылық туристермен байланыста болдым. Сөйтсем, компания олардың тек Стамбулға баратын билеті мен әуежайдан қонақүйге дейінгі трансферін ғана төлеген екен. Қонақүй, гид қызметі және елге қайту билеттері төленбегенін олар сапар аяқталар кезде білген. Компания оларға да жауап бермеген», – деді Светлана Руденко.
Осылайша, Светлана уәде етілген саяхатқа бара алмағанымен, оның ақысын әлі төлеп отыр.
Компания басшысы не дейді?
Туристердің шағымына қатысты өзін Aliba Travel компаниясының басшысы әрі құрылтайшысы деп таныстырған Жарқын Мырзахан да түсініктеме берді.
Оның айтуынша, компания туризм саласында төрт жылдан бері жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде 100 мыңнан астам туристке қызмет көрсеткен. Ал 2025 жылдың 27 қарашасынан бері шетелге авторлық турлар ұйымдастырып, 10 мыңнан астам адамға қызмет көрсеткенін мәлімдеді.
Жарқын Мырзахан компаниядағы қаржылық қиындықтар наурыз айында басталғанын мойындады. Оның сөзінше, Таяу Шығыстағы қақтығыстар салдарынан әуе билеттері қымбаттап, компания шығынға батқан.
«Мысалы, турист бізге тур үшін 400 мың теңге төлесе, оның өзіндік құны 650 мың теңгеге дейін жетті. Бірақ клиенттермен алдын ала келісімшарт жасалғандықтан, бағаны өзгерте алмадық. Сондықтан шығындарды компанияның жалпы айналымдағы қаражатынан жауып отырдық», – деді ол.
Алайда шілдеде қаржылық тапшылық ушығып, компания бірқатар турды тоқтатуға мәжбүр болған. Тамызда туристердің ақшасын 14 жұмыс күні ішінде қайтаруға уәде бергенімен, бұл міндеттемесін де орындай алмаған.
«Ақшаны уақытында қайтара алмадық. Соның салдарынан жаппай шағымдар түсті. Компанияның есепшоттары бұғатталды. Мені полицияға жауап алуға алып кетті. Осыдан кейін жұмысымызды тиісті деңгейде жалғастыра алмадық», – деді Жарқын Мырзахан.
Компания басшысы кейбір туристердің шетелден өз қаражатына қайтуға мәжбүр болғанын да растады. Алайда қанша азаматқа қарыз екенін, жалпы берешек көлемін айта алмады.
Ондаған адам ұжымдық арыз жазды
Құр уәдеден қажыған туристер енді компания басшылығының сөзіне сенбейтіндерін айтады. Себебі кейбірі ақшасын бірнеше айдан бері қайтара алмай жүр. Тіпті сотта жеңіп шыққан азаматтардың өзі қаражатын өндіріп ала алмаған.
Шағымданушылардың мәліметінше, компаниядан зардап шеккендер саны 200-ден асқан. Тіпті, бірнеше мәрте ұжымдық арыз жазып, құқық қорғау органдарына жүгінген.
Жәбірленушілер азамат компания басшысы Жарқын Мырзахан мен оның әкесі делінген Е. Тәукеновтің әрекеттерін тексеруді талап етеді. Сондай-ақ туристер компания басшысы мен оның туыстарының атына тіркелген өзге кәсіпкерлік нысандарын да тексеруді сұрайды.
Арызданушылардың күдігін туғызған тағы бір жайт – туристердің қаражаты «Саяхат» жеке кәсіпкерлігінің есепшотына да аударылғаны туралы мәлімет. Олар бұл есепшоттың қандай мақсатта пайдаланылғанын және ақшаның қайда жұмсалғанын анықтауды сұрайды.
Наразы топтың басты айтары – келтірілген шығынды өндіріп алу және жауапты тұлғалардың әрекетіне заң аясында баға беру. Яғни олар Қылмыстық кодекстің 190-бабы, яғни алаяқтық белгілері бойынша тергеу жүргізуді табанды түрде талап етіп отыр.
Полиция іске кірісті, тергеу жайы әзірге құпия
Туристердің жаппай шағымынан кейін Aliba Travel компаниясының қызметі полицияның назарына ілікті. Астана қаласының Полиция департаменті «ALIBA COMPANY» ЖШС-не қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын растады.
«Астана қаласы Есіл ауданы полиция басқармасымен "ALIBA COMPANY" ЖШС-не қатысты азаматтардың ұжымдық арыздарына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде», – делінген ресми жауапта.
Алайда полиция тергеудің мән-жайын ашып айтпады. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сүйенген ведомство өзге ақпаратты жариялаудан бас тартты.
Ресми жауапқа Астана қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары М.С.Қайбар қол қойған.
Күмән тудыратын сұрақ көп...
Бұл оқиғада әзірге жауапсыз қалған сұрақ көп. Компания қаржылық қиындықтарға тап болғанын біле тұра, неге жаңа туристерден ақша қабылдауды жалғастырған? Бір туристік топтан түскен қаражаттың келесі топтың шығынын жабуға жұмсалуы қаржы пирамидасына тән тәсілді еске салмай ма? Ең бастысы, жүздеген адамның ақшасы қайда кетті? Армандаған саяхатына олардың бірі жылдар бойы жинаған қаражатын жұмсады, енді бірі қарызға кірді, ал кейбірі әлі күнге дейін жүзеге аспаған саяхаттың несиесін төлеп отыр. Осынща әуре-сарсаңға кім жауап береді? Әзірге тұшымды жауап жоқ!
Жәбірленушілер құзырлы органдардан әділдік күтеді.
Дәурен Сейітжанұлы