Алматы әуежайында өзін өртемек болған ер адамға қатысты тергеу тоқтатылды

Бүгін, 13:11 / Alashorda
Фото: Видеодан алынған скрин

Алматы әуежайында 33 жастағы тұрғынның өзін өртемек болған әрекетіне байланысты басталған қылмыстық тергеу тоқтатылды, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі

Бұл дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 105-бабының 1-бөлігі (Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу, өзін-өзі өлтіруге көндіру немесе өзін-өзі өлтіруге ықпал ету) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілген. Ауруханадан шыққаннан кейін ер адам ешкімге шағымы жоқ екені туралы жазбаша өтініш берген.

— Тергеу барысында қажетті барлық іс-шара орындалып, қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты іс Қылмыстық-процестік кодекстің 35-бабы 1-бөлігінің 2-тармағы негізінде тоқтатылды. Прокурор бұл шешімді бекітті, — деп хабарлады Көліктегі полиция департаменті.

Тергеу қорытындысы бойынша Алматы әуежайының авиациялық қауіпсіздік қызметіне осы оқиғаның болуына әсер етуі мүмкін кемшіліктерді түзету туралы ресми ұсыныс жіберілді.

Көліктегі полиция департаменті тергеуге қатысты басқа ақпарат құпия болғандықтан, жария етілмейтінін мәлімдеді.

Алматы әуежайы Көліктегі полиция департаменті