Алматы қаласында 12 жастағы бала пышақ жарақатынан көз жұмды. Бұл туралы марқұмның туыстары әлеуметтік желіде жазды, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.
Жазба авторының айтуынша, қайғылы оқиға барысында жасөспірімге бірнеше рет пышақ сұғылған. Оның мәліметінше, қылмысқа қатысы бар деген күдікпен екі жасөспірім аталады.
Алматы қаласы полиция департаменті оқиғаның 10 маусым күні Түрксіб ауданында болғанын растады. Департамент мәліметінше, адам өлтіру дерегі бойынша 13 жастағы қала тұрғыны күдікке ілініп, арнайы мамандандырылған мекемеге орналастырылған.
Алдын ала деректерге сәйкес, күдікті мен жәбірленуші бір-бірін бұрыннан таныған. Қайғылы жағдай кәмелетке толмағандар арасында туындаған жанжалдың салдарынан болғаны айтылып отыр.
Қазір аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілу үстінде. Құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған кешенді жұмыстар атқарып жатқанын хабарлады.
Сондай-ақ, тергеу қорытындысына сәйкес, күдіктінің ата-анасының бала тәрбиесіне қатысты міндеттерін орындауына құқықтық баға берілуі мүмкін.