«АҚИЫҚ АҚЫНҒА АРНАЛҒАН ЖАС АҚЫНДАР ЖЫР МҮШӘЙРАСЫ ӨТТІ»

Бүгін, 00:20 / Alashorda

«АҚИЫҚ АҚЫНҒА АРНАЛҒАН ЖАС АҚЫНДАР ЖЫР МҮШӘЙРАСЫ ӨТТІ»

2026 жылдың 12 наурыз күні Абай облысы, Семей қаласындағы «Ыбырай Алтынсарин атындағы № 37 гимназиясының» Бәтташ Сыдықұлы атындағы Шешендік сөз өнері орталығында ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына 95 жыл толуына орай «Ақ қауырсын» шығармашылық үйірмесінің ұйымдастыруымен гимназияішілік жас жазба ақындар жыр мүшәйрасы өтті.

Дарынды жастар – жарқын болашақтың кепілі. Аталған шараның басты мақсаты – оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту, дарынды жас қаламгерлерге қолдау көрсету, ұлттық поэзияға деген қызығушылықты арттыру және Мұқағали мұрасын жас ұрпаққа кеңінен насихаттау.

Мүшәйра барысында жас ақындар сүйікті ақынға деген құрметін білдіріп, Мұқағалиға арнаған жырларын, жүрек толғауларын көпшілік назарына ұсынды.

Жыр додасына барлығы 20-ға жуық жас қаламгер қатысып, өзара бақ сынады.

Қатысушылардың өнерін саралап, әділ бағасын берген қазылар алқасының құрамында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, "Бәтташ Сыдықұлы атындағы Шешендік сөз өнері орталығының"  жетекшісі Нұрғамысова Шолпан Махмұтқызы, сондай-ақ "Шәкәрім университетінің"  «Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасының 4-курс студент-машықкерлері Елтай Шырын мен Төлеш Ақпейіл болды.

Әділқазылар алқасының төрайымы Нұрғамысова Шолпан Махмұтқызы болып, жыр сайысы өзіндік дәрежеде әділ өткізілді. 

Аталмыш мүшәйра  Омарғалиев Ерік Қайратбекұлының жүргізуімен өтті. Әдеби кештің шымылдығы гимназия қабырғасындағы Домбыра үйірмесінің   жалынды жас шәкірттері, «Ғасыр үні» ансамблінің мүшелері Азамат Асанәлі мен Асқар Баймұраттың орындауындағы «Ер Тұран» күйімен ашылды. Жас күйшілердің шебер орындауы кештің ажарын аша түсіп, көрермен қауымды ерекше сүйсіндірді.

Кейін алғашқы сөз кезегі беріліп, мүшәйраның мән-маңызы туралы айтылып, Мұқағали Мақатаевтың өмір жолы мен әдеби мұрасы жайында қысқаша баяндалды.  Ақын поэзиясының көркемдік әлемі, оның қазақ әдебиетіндегі орны туралы тағылымды ойлар айтылды.

Байқау қорытындысы бойынша ерекше дауысымен, көркем оқу шеберлігімен және шығармашылық талантымен көзге түскен Баилова Жанерке Бас жүлде иегері атанды.

І орын – Кенже Сағынбекке бұйырды.

ІІ орын – Аманбекова Сабина мен Төлегенұлы Алдиярға берілді.

ІІІ орын – Саят Інжу, Жұман Ерхан және Сакенов Ерасыл иеленді.

Сонымен қатар байқауға белсене қатысқан бірқатар оқушылар арнайы Алғыс хаттармен марапатталды. Олар: Сембай Інжу, Арнұрқызы Нұрсана, Сауметов Диас, Мамеева Айлин, Жасарбек Расул, Мақсатбек Медина, Жұмағазы Әдемі, Бақытжан Ақнұр, Идрисова Інжу және Берікжан Айерке.

Мүшәйра соңында "Ыбырай Алтынсарин атындағы N 37 гимназиясының" Оқу ісі жөніндегі орынбасары Қалиева Сара Сырымқызы қорытынды сөз сөйлеп, жеңімпаздарды марапаттап, жас ақындардың шығармашылығына жалпылама өз бағасын берді.

Айта кетейік, Бас жүлде иегеріне ақынның «Үш бақытым» атты жыр жинағы табысталды. Бұл сыйлыққа демеушілік көрсеткен – «Атамұра» кітап сауда үйінің Абай облыстық филиалының басшысы Сәуле Мажитова.

Ал қалған жүлделерді «Құнанбай қажы атындағы Алаш аудармашылар одағы» қоғамдық қоры "Абайдың қара сөздер" кітаптарын ұсынды.

Кештің қорытындысын 7-оқушысы Жұман  Ерханның орындауында «Алаш аманаты» күйі тартылып, рухани шараға ерекше көрік берді. Осылайша әсерлі күй күмбірімен өрілген бүгінгі мүшәйра өз мәресіне жетті.

Осындай тағылымды әдеби-рухани шаралар жас ұрпақтың өнер мен поэзияға деген сүйіспеншілігін арттырып, олардың шығармашылық қабілетін дамытуға үлкен серпін беретіні сөзсіз.

Асқар Бектұрған, Семей қаласы