Ақтөбені дүлей дауыл басып, жұртты жарықсыз, сусыз қалдырды (ВИДЕО)

Бүгін, 12:05 / Alashorda
Фото: diapazon.kz

Жуырда ғана үздіксіз ұзақ нөсерден қатты зардап шеккен Ақтөбеге енді дүлей дауыл кеп тиді. 21 маусым күні түстен кейін Ақтөбе қаласында кенеттен көтерілген қатты дауыл тұрғындарды әбігерге салды, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.

Қатты желдің салдарынан бірнеше ағаш тамырымен қопарылып, кейбір аудандарда электр энергиясы өшіп қалды. Тұрғындардың айтуынша, олар алдағы дауыл туралы ешқандай ескерту алмаған.

Дауыл шамамен сағат 13:30-да басталған. Аулаларда ағаштар құлап, көліктерге зақым келген. Табиғат құбылысының салдары түсірілген бейнежазбалар әлеуметтік желілерде кеңінен тарап жатыр. Жергілікті тұрғындардың сөзінше, ауа райы бірнеше минуттың ішінде күрт өзгерген.

Дауылдың ұзақтығы жарты сағатқа да жетпегенімен, оның салдары айтарлықтай болған. Қала бойынша ондаған ағаш құлап, инфрақұрылымға зиян келтірген.

Сонымен қатар, тұрғындар бірнеше ықшамауданда электр қуатының үзілгенін мәлімдеді. Әсіресе Алтын Орда ауданындағы бірқатар көпқабатты тұрғын үйлер жарықсыз қалған.

Қандыағаш қаласының бір бөлігі жарықсыз қалғаны туралы ақпарат бар. Сонымен қатар, қаланың бірнеше ауданда электр қуаты жоқ. Қазір апатты қалпына келтіру жұмыстары күшейтілген режимде жүріп жатыр.

Ақтөбе Дауыл