Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев мектеп мұғалімдеріне өзін мақтап жағымды пікір жаздырып, лайк бастыруға қатысты сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.
Нұрлыбек Нәлібаев «Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы» баспасөз брифингінде журналистер сұрағына жауап берді. Брифингте осыған дейін телеграм арналарда тараған мұғалімдерге әкімдік жұмысын мақтап пікір жазып, лайк басуға мәжбүрлеуге қатысты сұрақ та қойылды.
«Әлдебір WhatsApp чатта сіздің қызметіңізге қатысты постқа әрбір мектеп 30 лайк пен пікір жазуы керек деген тапсырма скрині телеграм арналарда жазылды. Сіздің әкім ретінде іскерлігіңіз Ақмешіттен асып, Астанаға жетіп жатыр. Солай бола тұра мұғалімдерді әбігерге салып, осылай лайк басу керек деген тапсырма берудің қажеті қанша?», – деп сұрады журналист Серік Жолдасбай.
Оның бұл сұрағын Нұрлыбек Нәлібаев жоққа шығарды. Ол өзінің жұмысын мақтатып жазба жаздыруға ешқандай қажеттілік жоқ деді.
«Ондай тапсырма болған жоқ. Болған да емес. Нақты ақпарат болса бізге жолдаңыз. Мен оны тексеріп, сізге жазбаша да, ауызша да хабарласып баяндайын. Қажет болатын болса, құқық қорғау органдарына да тапсырамыз. Ондай тапсырма болған емес, енді оның қайдан шығып жүрген әңгіме екенін білмеймін. Ондай біреуді мәжбүрлеп, бізге жақсы пікір жазып, лайк басыңыздар дейтіндей, оған шынын айтсақ, зәруде емеспіз», – деді ол.
P.S. Телеграмда жарияланған скрин ақпаратта "Әр мектеп 30 лайк, пікір жазуға" деп жазылған. Аталған тапсырманың әсері болса керек, постқа 3,5 мың лайк, 598 пікір жазылған.