Арай Есенбекке пара ұсынған адам қызметтен қуылды (ВИДЕО)

Бүгін, 17:29 / Alashorda
Коллаж

Шымкенттік журналист Арай Есенбектің ісіне байланысты жолдаған сауалымызға Шымкент қаласының әкімдігі мен «Shymkent» ӘКК» АҚ жазбаша жауап берді, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.

Мамырдың 28-і күні «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі, Басқарма төрағасы Данияр Ахметжановқа «Байсейітова Жанна Арыстанқызы расымен де «Shymkent» ӘКК» АҚ Маркетинг және ілгерілету департаментінің директоры қызметін атқара ма?» және «Бейнежазбада көрінген Төлеуов Мейірбек Дарханұлы «Shymkent» ӘКК» АҚ-да бейнеоператор болып қызмет атқара ма?» деген сауалдар жолдаған едік. Алайда корпорация қойылған сұрақтарға нақты жауап бермеген.

Маусымның 5-і күні редакцияға жолданған жауапта: «Shymkent» ӘКК» АҚ (бұдан әрі – Қоғам) Сіздің өтінішіңізді қарап, төмендегіні хабарлайды. Осы жауап хат дайындалған күнгі жағдай бойынша Байсейітова Ж.А. Қоғамның Маркетинг және ілгерілету департаментінің директоры лауазымын атқармайды. Өтініште көрсетілген бейнематериалдың таралуына байланысты Қоғам тарапынан қызметтік немесе ішкі тексеру жүргізілген жоқ. Сонымен қатар, Төлеуов М.Д. өтініште көрсетілген бейнеоператор лауазымын атқармайды», – делінген.

«Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы Жанна Байсейітованың қандай себеппен қызметтен кеткенін және оның жұмыстан босатылуына Арай Есенбекке ұсынылған параның қатысы бар-жоғын түсіндіруді қажет деп таппаған секілді.

Ал Шымкент қаласы әкімдігіне 26 мамыр күні жолдаған сауалымызға арада 20 күн өткен соң, яғни 16 маусымда жауап келді. Жауап хатта: «Шымкент қаласы әкімінің аппараты Сіздің өтінішіңізді қарап, келесіні хабарлайды. Жанна Арыстанқызы Байсейітова 2024 жылғы 5 ақпаннан бастап Шымкент қаласы әкімінің ақпараттық мәселелер жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі болып табылады. Мейірбек Дарханұлы Төлеуов «Shymkent» ӘКК» АҚ Қалалық ортаны әлеуметтік дамыту департаментінің менеджері қызметін атқарады», – деп көрсетілген.

Бір қызығы, «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының 5 маусымдағы жауабында Жанна Байсейітованың аталған мекемеде жұмыс істемейтіні жазылған. Ал Шымкент қаласы әкімінің аппараты оның Ғабит Сыздықбековтің штаттан тыс кеңесшісі ретінде қызмет атқарып отырғанын хабарлайды.

Егер ол «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясындағы қызметінен босатылған болса, штаттан тыс кеңесші ретінде қайдан жалақы алып отыр? Сондай-ақ, Ғабит Сыздықбековтің Жанна Байсейітованы корпорацияда қызметке тіркетіп, өзі штаттан тыс кеңесші ретінде пайдаланды деген күдік туындаса, бұл жағдай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Заң мен тәртіп» қағидатына қаншалықты сәйкес келеді?

Ғабит Сыздықбеков Арай Есенбек «Shymkent» ӘКК» АҚ Данияр Ахметжанов Жанна Байсейітова