Астана кофеханаларына әдеби кітаптар қойылып жатыр

Бүгін, 20:08 / Alashorda

Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Қазақстан Жазушылар одағының Астана қаласындағы филиалымен бірлесіп қала тұрғындары арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, қазақ тіліндегі әдебиетті насихаттау және мемлекеттік тілдегі кітаптардың қолжетімділігін арттыру мақсатында қазақ тілінде жазылған кітаптарды кофеханаларда тарату жобасын бастады, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.

Басқарма басшысы Сәкен Есіркеп кофеханаларда өзге тілдегі кітаптардың көп екенін айтады. Сол себепті ол әр кофеханада қазақ ақын-жазушылардың кітаптары қойып, насихаттауды қолға алғанын тілге тиек етті.

“Жобаның негізгі мақсаты – кітап оқуды күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналдыру, тұрғындардың қазақ тіліндегі әдебиетке деген қызығушылығын арттыру және ұлттық рухани құндылықтарды дәріптеу. Осы мақсатта кофеханаларда арнайы кітап сөрелері ұйымдастырылып, келушілерге демалыс уақытында кітап оқып, түрлі әдеби шығармалармен танысуға мүмкіндік жасалады.

Қазан айында 50-ге жуық кофеханаға 400-ге жуық кітап таратылды. Кофеханалар өкілдері жобаны оң қабылдап, бастамаға ризашылықтарын білдірді. Олар кітаптарды қоғамдық кеңістіктерде қолжетімді ету идеясын қолдап, мұндай бастамалардың келушілерге қолайлы әрі мазмұнды орта қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті.

Бүгін кезекті рет 1500-нан астам қазақ тіліндегі кітапты таратылады. Олардың қатарында қазақ әдебиетінің таңдаулы туындылары мен жергілікті қаламгерлердің шығармалары бар” деді ол. 
 

Ал Қазақстан Жазушылар одағының Астана қаласындағы филиалының төрағасы Бауыржан Бабажан кофехана иелері бұл бастаманы қуана қолдағанын айтады.

“Қала тұрғындарын осы бастаманы қолдауға және үйлерінде оқылып, қажетсіз болып қалған кітаптарын осындай орындарға табыстауға шақырамыз.

Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде қазақ тіліндегі кітаптардың қоғамдық кеңістіктердегі қолжетімділігін арттыруға, жергілікті жазушылардың шығармаларын насихаттауға және қала тұрғындары арасында кітап оқуға деген қызығушылықты дамытуға бағытталған жоба атқарылады” деді ол.