Астана күні қарсаңында үздік отбасылар марапатталды

Бүгін, 18:03 / Alashorda

ҚР Ұлттық музейінде Астана күні қарсаңында «Отбасы – бақыт мекені» жобасы аясында ұйымдастырылған «Біздің жүрегіміздегі Астана» бейнероликтер байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.


Байқаудың мақсаты – жас отбасылардың шығармашылығын қолдау, отбасы құндылықтарын дәріптеу және елордаға деген сүйіспеншілікті насихаттау.
Іс-шараға Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Самат Ибраев, Астана қаласы мәслихатының заңдылық, құқық тәртібі және жұртшылықпен жұмыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының мүшесі Қанат Естек, «Әкелер Одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Астана филиалы төрағасының орынбасары Марат Жұман қатысты. Сондай-ақ Астана қаласы әкімдігінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері Клара Өмірзақова мен Бөтагөз Ахтаева шараның құрметті қонағы болды.

Бейнероликтер байқауына елорданың 30-ға жуық жас отбасы қатысып, Астанамен байланысты ең жарқын естелігін бейнеролик арқылы таспалаған болатын. Қатысушылардың жұмыстары Instagram әлеуметтік желісінде жарияланып, жеңімпаздар лүпіл (лайк) саны бойынша анықталды.
– Бұл байқау – елордамызға деген сүйіспеншілікті, отбасы бірлігін және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған маңызды бастама. Қатысушылардың әр бейнеролигінен Астанаға деген ыстық ықылас, туған елге деген құрмет және отбасының берекесі айқын сезілді.
Баршаңызды Астана күнімен құттықтай отырып, шаңырақтарыңызға амандық, татулық, мол бақыт тілеймін, – деді Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Самат Сабырұлы. 
 

Айта кетейік, жобаның марапаттау рәсімі концерттік бағдарламамен көркемделіп, жеңімпаз отбасылар да өз өнерлерін көпшілікке паш етті.
Байқау қорытындысы бойынша 20 үздік қатысушы Алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.