«Астана жастары» орталығы «Лудоманияға – ЖОҚ!» акциясын өткізді

Бүгін, 15:54 / Alashorda
Alashorda.kz сайты

Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы жастар арасында лудоманияның алдын алу және оған қарсы іс-қимылға бағытталған «Jarqyn Bolashaq» жобасы аясында ақпараттық акция өткізді, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.

«Астана жастары» орталығының жастар ісі бөлімінің маманы Алуа Балтаеваның айтуынша, акцияның мақсаты – жастар мен қала тұрғындарының лудомания қаупі туралы хабардарлығын арттыру, сондай-ақ цифрлық және ойын қауіпсіздігіне жауапты көзқарас қалыптастыру.

«Бүгін біз «Астана жастары» орталығының «Жарқын болашақ» жобасы аясында еріктілермен бірге халық көп шоғырланған жерлерде лудоманияның алдын алуға байланысты арнайы буклеттер таратып жатырмыз. Осы арқылы қала тұрғындары мен жастарға құмар ойынға тәуелді болудың салдары ауыр болатынын түсіндіруге тырысамыз. Құрбы-құрдастарымызды құмар ойынға қызықпай, керісінше одан алыс жүруге шақырамыз.

Мәселен, арнайы кітапшада құмар ойынға салынған адам немесе оның туған-туыстары қайда хабарласуы керек екені жазылған. Егер сіздің жақын адамыңыз құмар ойынның құрығына түсіп қалса, көмек сұрау үшін не істеу керек екені баяндалған.

Жалпы біз «Жарқын болашақ» жобасы арқылы мектеп оқушылары мен студенттерге лекциялар, форумдар өткіземіз. Құрбы-құрдастарымыздың құмар ойынға салынып кетпеуі үшін осы секілді түрлі іс-шаралар ұйымдастырып отырмыз.

Өкінішке қарай, соңғы жылдары жастардың құмар ойынның жетегіне түсуі жиілеп кетті. Себебі интернетте оған байланысты ақпараттар қолжетімді болып тұр. Мәселен, интернет арқылы фильм көргенде лудоманияның жарнамасы жарқырап шыға келеді. Көбіне жігіттер лудоманияға қызығып, оңай ақша ұтып алуға тырысады. Бірақ мұның алдамшы дүние екенін көп жастар түсінбейді», – дейді ол.

Алуа Балтаеваның айтуынша, құмар ойынға салынған азаматтар арнайы оңалту орталықтарына барып, ем-дом алуы керек. Ол кейбір жастардың «Көмек» орталығы арқылы емделіп, қайтадан жаңа өмір бастап жатқанын тілге тиек етті.

 

«Астана жастары» лудомания