Астанада нашақорлық пен есірткі қылмыстарына байланысты телекөпір өтті

Бүгін, 18:42 / Alashorda

Бүгін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті базасында нашақорлық пен есірткі қылмыстарының алдын алу мақсатында студенттер мен сотталған азаматтар арасында телекөпір өтті, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.

Аталған іс-шара Астана қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бастамасымен ұйымдастырылды. Іс-шараға Астана қаласы прокуратурасы басқармасының аға прокуроры, сондай-ақ Астана қаласы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі қатысты.

Кездесу барысында қатысушылар студенттерге есірткі құқықбұзушылықтарының құқықтық салдары, оның қоғам мен жеке өмірге тигізетін зияны туралы кеңінен түсіндіріп, салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, жастарды теріс әрекеттерден аулақ болуға шақырып, олардың саналы таңдау жасауы қажеттігін жеткізді. Іс-шара аясында бейнеконференция арқылы №64 мекемесінің шаруашылық жасақ сотталған азаматтармен онлайн кездесу ұйымдастырылып, олар өз өмірлік тәжірибелерімен, өкініштерімен, отбасына және бостандыққа деген сағыныштарымен бөлісті. Бұл өз кезегінде студенттерге үлкен ой салатын, тәрбиелік мәні жоғары диалог алаңына айналды. Телекөпір форматы жастар мен жазасын өтеуші азаматтар арасында ашық пікір алмасуға мүмкіндік беріп, құқықбұзушылықтың алдын алудағы тиімді тәсілдердің бірі ретінде маңыздылығын көрсетті.