Бүгін "Заң мен тәртіп" қағидаты аясында «Сарайшық» ауданына қарасты Аманжол Бөлекпаев көшесі, 9/1 мекенжайында жаңа қоғамдық кеңістіктің салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.
Салтанатты жиынға аула тұрғындары мен мәслихат депутаттары қатысты. Сарайшық ауданының Абаттандыру бөлімінің бас маманы Бекзат Бақытұлы жаңа қоғамдық кеңістік тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік беретінін атап өтті. Сондай-ақ балалар мен жасөспірімдердің спортпен шұғылдануына қолайлы жағдай жасалғанын айтты.
«Бұған дейін тұрғындар тарапынан «Айкөмек» жүйесі арқылы абаттандыру жұмыстарын жүргізу жөнінде өтініштер түскен болатын. Халықтың өтініштері назарға алынып, тиісті қаржы бөлінді. Бүгінде Аманжол Бөлекпаев көшесі, 9/1 мекенжайындағы абаттандыру жұмыстары толық аяқталды. Нақтырақ айтқанда, футбол алаңшасы мен сквер пайдалануға берілді.
Қоғамдық кеңістікті абаттандыру аясында 900 шаршы метр аумаққа тас төсемі төселіп, үш көлеңкелі демалыс орны орнатылды. Сонымен қатар футбол алаңы мен воркаут аймағы жабдықталып, орындықтар мен қоқыс жәшіктері қойылды.
Аумақта жарықтандыру жүйесі де орнатылды. Мұнда 15 саябақтық және төрт көшелік жарықтандыру тірегі қойылды. Қазіргі таңда кеңістікті көгалдандыру жұмыстары жалғасып жатыр. Жоба бойынша барлығы 200 ағаш отырғызу жоспарланған. Бүгінде оның 60-ы отырғызылды.
Биыл Қошқарбаев даңғылының бойында Қасым Аманжолов көшесінен Сағадат Нұрмағамбетов көшесіне дейінгі аралықта абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар Әзербаев көшесі, 6/3 мекенжайында да абаттандыру жұмыстары атқарылды», – деді ол.
Салтанатты шара барысында тұрғындар мен балалар үшін концерттік және ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылды. Аниматорлар балаларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сонымен қатар іс-шара барысында жасөспірімдер арасында нашақорлықтың алдын алу және салауатты өмір салтын насихаттауға ерекше назар аударылды. Осы мақсатта «Астана – есірткісіз қала!» ұранымен арнайы акция ұйымдастырылды.
Жалпы, жаңа қоғамдық кеңістіктің ашылуы тұрғындарға жайлы демалыс орнын қалыптастыруға, балалар мен жастарға арналған спорттық инфрақұрылымды дамытуға, салауатты өмір салтын насихаттауға және аудан тұрғындарының басын біріктіретін қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.