Кеше қостанайлық “Тобыл” футбол клубы шымкеттік “Ордабасы” командасын 2:0 есебімен жеңіп, 2025 жылғы Қазақстан кубогының жеңімпазы атанды, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.
Матчтың тағдырын алғашқы таймдағы екі гол шешті. 19-минутта беларусь шабуылшысы Михал Сигневич есеп ашса, 33-минутта Максим Чесноков айырмашылықты арттырды.
Қалған уақытта «Ордабасы» есепті қысқартуға тырысқанымен, «Тобыл» қорғанысы сыр бермеді. Бұл жеңіс қостанайлық клуб тарихындағы үшінші кубок болды. Бұған дейін «Тобыл» 2007 және 2023 жылдары ел кубогын иеленген еді.
Айта кетейік, турнирдің шешуші ойыны Қызылордадағы жаңадан ашылған “Қайсар арена” стадионда ұйымдастырылды. Ал жеңіс «Тобылға» бұйығандықтан келесі маусымда Қазақстан Премьер-лигасында төртінші орын алған командаға еурокубок жолдамасы бұйырады.
Осы көктемде Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков “Ордабасы” клубының ойыншысы Асхат Тағыберген 20 млн теңге жалақы алатынын, клубтан кетпей отырғанын айтқан еді. Осы қысымнан кейін ұлттық құраманың капитаны Асхат Тағыберген Ордабасы” клубынан кетуге мәжбүр болды. Тамыз айында Шымкентте “Тобыл” мен “Ордабасы” клубы кездесіп, 2:3 есебімен қостанайлық клуб жеңіске жетті. Аталған ойында Асхат Тағыберген алыстан шірене теуіп, өзін клубтан қуып жіберген Ғабит Сыздықбековке “сәлем” айтқан болатын.
Күні кеше ойында да Асхат Тағыбергеннің “Тобыл” клубы “Ордабасы” командасын 2:0 есебімен жеңіп кетті.
Қазіргі таңда “Ордабасы” клубы Қазақстан премьер лигасында 31 ұпаймен 8 орында келе жатыр. 2023 жылы Қазақстан чемпионы болған клуб үшін бұл тым нашар көрсеткіш. Асхат Тағыбергенді футбол ойнай алмайды деп клубтан қуып жіберген Ғабит Сыздықбеков бұған не дейді екен. Мүмкін ол клубтың бас бапкері болып, “Ордабасы” командасын өзі жаттықтыруы керек шығар? Қалай болғанда да ол кімнің жақсы ойнап, кімнің нашар ойнайтынын жақсы біледі емес пе?