Кез келген мемлекеттің тұрақты дамуы мен болашағы ең алдымен заң үстемдігіне, азаматтардың құқықтық мәдениетіне және қоғамдағы өзара жауапкершілікке байланысты. Экономикалық жетістіктер мен ауқымды жобалар ел дамуының бір көрсеткіші болғанымен, мемлекеттің шынайы қуаты – адам құқығының қорғалуымен, әділдіктің салтанат құруымен және халықтың заңға деген сенімімен өлшенеді. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы елдің құқықтық дамуына бағыт-бағдар беретін, қоғамның ортақ құндылықтарын айқындайтын маңызды құжат болып табылады.
Ата Заң – жай ғана құқықтық нормалар жиынтығы емес. Ол мемлекет пен азамат арасындағы байланысты реттеп, әр адамның қоғамдағы орны мен жауапкершілігін айқындайды. Күнделікті өмірде кездесетін көптеген мәселелердің шешімі де конституциялық қағидаттармен тығыз байланысты. Атап айтқанда, азаматтардың мемлекеттік органдармен қарым-қатынасы, еңбек ету құқығы, отбасы тыныштығы, жеке өмірдің қорғалуы және өз ойын еркін білдіру мүмкіндігі – осының барлығы Конституцияда көзделген құқықтардың өмірдегі көрінісі.
Конституциялық құрылыстың өзегінде адам және оның қадір-қасиеті тұруы тиіс. Ата Заңның 1-бабында адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең қымбат қазынасы ретінде белгіленген. Бұл – әрбір азаматтың құқығы мен заңды мүддесі мемлекет үшін басты назарда болуы қажет деген сөз. Адамға құрметпен қарау, оның мәселесіне бейжай қарамау және заңды мүддесін қорғау – әділетті қоғам қалыптастырудың негізгі шарттары.
Сонымен бірге құқықтық мемлекеттің басты белгісі – заң алдындағы теңдік. Конституцияның 16-бабында бекітілген бұл қағидат әр азаматтың лауазымына, әлеуметтік жағдайына немесе тұрғылықты жеріне қарамастан, заң мен сот алдында тең екенін білдіреді. Демек, қандай да бір мәселені шешуде жеке таныстыққа, қызметтік беделге немесе өзге де ықпалдарға емес, заң талаптары мен нақты дәлелдерге сүйену қажет. Әділ қоғамның қалыптасуы дәл осындай ұстанымнан басталады.
Қазіргі цифрлық дәуірде азаматтардың құқықтарын қорғау мәселесі жаңа сипатқа ие болды. Интернет пен әлеуметтік желілер ақпарат алмасуды жеңілдеткенімен, жеке мәліметтердің таралуы, өзгенің рұқсатынсыз ақпарат жариялау және адамның жеке кеңістігіне қол сұғу секілді мәселелерді де көбейтті. Сондықтан цифрлық сауаттылықпен қатар, ақпараттық жауапкершілікті қалыптастырудың маңызы артып отыр.
Конституцияның 21-бабында әр адамның жеке өміріне, жеке және отбасы құпиясына қол сұғылмауына, дербес деректерінің заңсыз жиналуынан, өңделуінен және пайдаланылуынан қорғалуына кепілдік берілген. Бұл талап әрбір азаматтың жеке ақпаратына құрметпен қарауды міндеттейді. Өзгенің отбасына, жеке басына қатысты мәліметтерді рұқсатсыз жарияламау – тек заң талабы ғана емес, адамгершілік пен азаматтық мәдениеттің де көрсеткіші.
Сондай-ақ сөз бостандығы мен пікір білдіру құқығын пайдалану кезінде де жауапкершілікті ұмытпауымыз керек. Әр адамның өз көзқарасын ашық айтуға, қоғамдық мәселелерге қатысты пікір білдіруге құқығы бар. Алайда еркін пікір білдіру өзгенің ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіруге негіз болмауы тиіс. Қоғамдағы келіспеушіліктерді өзара құрмет пен сабырлы диалог арқылы шешу – мәдениетті ортаның қалыптасуына ықпал етеді.
Менің ойымша, құқықтық мәдениеттің қалыптасуы әр адамның өзінен басталады. Заңды білу – оның талаптарын орындаудың алғашқы қадамы ғана. Одан бөлек, қоғамдық тәртіпті сақтау, өзгенің құқығына құрметпен қарау, ортақ мүлікті қорғау және ел игілігі жолында адал еңбек ету де азаматтық жауапкершіліктің маңызды бөлігі саналады. Себебі әрбір адамның еркіндігі басқа азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына құрмет көрсетумен үйлескенде ғана қоғамда тұрақтылық пен келісім орнығады.
Бұл ретте жас ұрпақтың құқықтық тәрбиесіне айрықша көңіл бөлген жөн. Заңды құрметтейтін, өз құқығы мен міндетін білетін, ойын мәдениетті түрде жеткізе алатын жас буын – мемлекеттің ертеңгі тірегі. Сондықтан бала тәрбиесінде ата-ананың жеке үлгісімен қатар, білім беру ұйымдарының, ұстаздардың және қоғамдық орта өкілдерінің ықпалы зор. Жастарға заң талаптарын түсіндірумен шектелмей, оларды жауапкершілікке, өзара сыйластыққа және әділдікке баулуымыз қажет.
Қордай ауданының өсіп-өркендеуі де тұрғындардың бірлігіне, ортақ іске деген жанашырлығына және азаматтық белсенділігіне тікелей байланысты. Өңірдің дамуына әр азамат өз үлесін қоса алады. Ол үшін тұрғындар өз құқықтарын біліп қана қоймай, қоғамдық мәселелерге бейжай қарамай, оларды заң аясында шешуге атсалысуы керек. Ал мемлекеттік органдардың ашықтығы, жұмысының жариялылығы және халықпен тұрақты байланысы қоғам мен билік арасындағы сенімді одан әрі нығайта түседі.
Ата Заңды құрметтеу дегеніміз – оның баптарын жаттап алу немесе мерекелік күндері ғана еске алу емес. Ең бастысы, Конституцияда бекітілген құндылықтарды күнделікті өмірде ұстану. Әділ болу, адам қадірін бағалау, заң талаптарын сақтау, өз міндетіңді адал орындау және ел тыныштығына үлес қосу – конституциялық мәдениеттің нақты көрінісі.
Қорыта айтқанда, Конституция – мемлекетіміздің берік тұғыры, қоғамдық келісімнің негізі және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілі. Оның талаптарын сақтау – тек мемлекеттік органдардың немесе құқық қорғау саласы қызметкерлерінің міндеті емес, барша азаматқа ортақ жауапкершілік. Заңға құрмет бар жерде тәртіп болады, тәртіп бар жерде тұрақтылық орнайды. Ал әділдік пен жауапкершілік үстемдік құрған қоғамның болашағы әрдайым жарқын болмақ.
Алтыбаев Мықтыбек,
Қордай аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы