Балаева СІМ басшысы ұсталды деген ақпаратты жоққа шығарды

Бүгін, 15:10 / Alashorda
orda.kz

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ақпарат құралдарында расталмаған ақпараттар тарап жатқанын айтып, мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.

«Кейбір ресми БАҚ пен анонимді телеграм-арналарда мемлекеттік қызметшілердің ұсталғаны жөнінде ресми расталмаған ақпарат тарап жатыр. Еске салғым келеді, кез келген ақпаратты тарату алдында оның шынайылығын тексеру міндеті бар. Сондай-ақ кінәсіздік презумпциясы қағидатын және журналистік этиканы сақтау қажет. Көбіне «хайп» қуып, расталмаған мәліметтерді жариялау арқылы журналистер азаматтарға және олардың жақын туыстарына зиян келтіруі мүмкін. Мұндай әрекеттер олардың абыройы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіріп, негізсіз жала жабуға әкелуі мүмкін»,- дейді Балаева.

Министр сондай-ақ журналистерді кәсіби БАҚ ұстануға тиіс міндеттерді сақтауға шақырған.

«Сондай-ақ, жалған ақпарат таратқаны үшін әкімшілік әрі қылмыстық жауапкершілік көзделгенін еске саламын», - деп жазды ол.

Еске салсақ, бүгін кейбір БАҚ құралдары мен телеграм арналарда Қазақстанның сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен кәсіпкер Гаджи Гаджиевтің қамауға алынғаны туралы ақпарат тараған еді.