Өткен аптада еліміздегі жекеменшік мектеп иелері Оқу-ағарту министрлігіне келіп, қаржының уақытылы бөлінбей жатқанына шағымданған болатын, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.
Дәл осы күні Оқу-ағарту министрі лауазымына бұрынғы Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова тағайындалды. Су жаңа министр жекеменшік мектепке берілуі тиіс қаржыны қалай шешеді? Мәселен вице-министр Майра Мелдебекова қаражатты әр өңірдің әкімдігі өзі шешуі керек екенін айтады.
- Әр өңірдің жағдайы әртүрлі. Бір облыс тек бір-екі айға ғана қаражат таба алады. Бұл – күрделі мәселе, бірнеше жыл қордаланған түйін. Бюджеттік заңнамаға сәйкес әр аймақтың мүмкіндігі ескеріліп, шешім қабылданады. Бір ай, екі ай немес алты ай. нақты қазір жауап бере алмаймын. Қазір Үкіметке барамын. Сонда талқылаймыз,– деді ол.
Бір сөзбен айтқанда бюджетте жекеменшік мектеп иелеріне дәл қазір бөліп беретіндей қаржы жоқ секілді. Бірақ бұл сөзді Жұлдыз Сүлейменова Ақтөбе олысы Шалқар ауданы әкімінің орынбасары Аян Қорқытұлы секілді ашық айта алмай отыр ма деп ойлаймыз.
Естеріңізде болса, Аян Қорқытұлы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы болып тұрғанда әлеуметтік желінің жұлдызына айналған болатын. Аян Қорқытұлы телеарна тілшісіне «Биыл ештеңе жоқ, дым жоқ, ақша жоқ, жол жөнделмейді" деп аудандағы жол жасалмайтынын тіке айтқан. Тіпті ол "ақша тиген жағдайда мұрын боғын шашыратып істейміз» және «Шалқар чики-чики» деген болатын.
Өткен аптада Жұлдыз Досбергенқызы жекеменшік мектептің қожайындарымен кездесуге шықққан жоқ. Бәлкім ол өзінің жерлесі Аян Қорқытұлы секілді «Биыл ештеңе жоқ» деп жекеменшік мектеп иелеріне ашық айтуы керек пе? Жоқ әлде «Шалқар чики-чики» демекші, күрделі мәселелі «Чики-чики» ете ме?
Жекеменшік мектептің қаржыландыруына байланысты сұрақты бұрынғы білім министрі, қазіргі таңда Мәжіліс депутаты болып отырған Асхат Аймағамбетовке қойдық.