Қытайдың Гуйян қаласында өткен World Boxing Әлем кубогінің екінші кезеңінде Қазақстан құрамасы 5 алтын және 3 қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.
Қытайда өткен әлем кубогының екінші кезеңі өз мәресіне жетті. Бұл жарыста Нұрқан Нұсанов жетекшілік ететін ерлер құрамасы 3 алтын медаль жеңіп алса, Елдос Сайдалин баптайтын қыздар құрамасы қоржынымызға 2 алтын және 3 қола медаль салды.
Осылайша, ұлттық құрамамыз 5 алтын және 3 қола медальмен жалпыкомандалық есепте Қытайдан кейін екінші орынға ие болды.
Жүлдегерлер қатары мынадай: Санжар Тәшкенбай (50 келі), Абылайхан Жүсіпов (70 келі), Айбек Оралбай (+90 келі) және Назым Қызайбай (54 келі), Виктория Графеева (60 келі) алтын иеленсе, Аида Әбікеева (65 келі), Валерия Аксенова (80 келі) және Дина Исламбекова (+80 келі) қола жүлдеге қол жеткізді.