Британия Ресейдің «көлеңкелі флотына» қарсы қатаң шара қабылдады
Ұлыбритания үкіметі Ресейдің «көлеңкелі флотына» қарсы қысымды күшейтіп, енді санкцияға іліккен кемелерді өз аумақтық суларында тоқтатып, тексеруге және қажет болған жағдайда ұстауға рұқсат берілгенін мәлімдеді. Бұл туралы ресми хабарламада айтылды https://www.bbc.com/russian/articles/cwyx3qn7gzvo.
Жаңа ережеге сәйкес, британдық әскери күштер елдің аумақтық суларымен транзит жасап өтетін күмәнді кемелерге көтеріліп, оларды тексеруге толық құқылы болады. Билік бұл қадамды Ресейдің Украинадағы соғысын қаржыландыруға пайдаланылатын жасырын мұнай тасымалына қарсы бағытталған маңызды соққы деп бағалап отыр https://www.gov.uk/government/news/shadow-fleet-set-to-be-interdicted-in-uk-waters-in-latest-blow-to-russia.
Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер бұл шешімнің стратегиялық маңызын атап өтті. Оның айтуынша, әлемдегі тұрақсыздық пен қауіп-қатердің күшеюі жағдайында мұндай шаралар аса қажет.
«Путин Таяу Шығыстағы соғысқа байланысты мұнай бағасының өсуін өз пайдасына шешкісі келеді. Сондықтан біз оның “көлеңкелі флотына” қарсы күресті күшейтіп жатырмыз. Бұл тек Ұлыбританияның қауіпсіздігі үшін емес, сонымен қатар Украинадағы соғысты қаржыландыратын заңсыз табысты тоқтату үшін қажет», – деді ол.
Жаңа шаралар нәтижесінде санкцияға іліккен кемелер үшін Ұлыбританияның аумақтық сулары, соның ішінде маңызды теңіз жолдарының бірі – Ла-Манш бұғазы іс жүзінде жабылады. Бұл өз кезегінде мұндай кемелерді ұзақ әрі шығынды маршруттарды таңдауға мәжбүр етеді немесе ұсталу қаупіне итермелейді.
Бұл бастама Біріккен экспедициялық күштер саммиті қарсаңында жарияланды. Финляндия астанасы Хельсинки қаласында өтетін жиында аймақтық қауіпсіздік және Украинаға қолдау мәселелері талқыланбақ.
Асқар Бектұрған, шығыстанушы, қытай тілінің маманы, тәуелсіз саясаттанушы:
«Көлеңкелі флот» дегеніміз – халықаралық санкцияларды айналып өтіп, мұнайды жасырын немесе жартылай ашық тәсілмен тасымалдайтын танкерлер жиынтығы. Бұл термин Батыс елдері Ресей мұнайына баға шектеуін енгізгеннен кейін кең қолданысқа енді. Қазір мұндай кемелердің басым бөлігі халықаралық стандартқа сай сақтандырусыз жұмыс істеп, ресми бақылаудан тыс әрекет етеді.
Менің ойымша, «көлеңкелі флот» – тек экономикалық құрал ғана емес, сонымен бірге геосаяси қысымға қарсы жауап. Ресей ғана емес, Иран сияқты санкциядағы елдер де осы тәсілді бұрыннан пайдаланып келеді. Бұл – санкциялардың толық тиімді жұмыс істемейтінін көрсетеді.
Алайда мұндай жүйенің қауіптері де бар. Бақылаусыз тасымал экологиялық апаттарға, теңіз қауіпсіздігінің төмендеуіне және заңсыз қаржы айналымының артуына әкелуі мүмкін. Сондықтан «көлеңкелі флот» қысқа мерзімде тиімді болғанымен, ұзақ мерзімде жаһандық тұрақтылыққа қауіп төндіретін фактор ретінде бағалануы тиіс.
Сарапшылардың мәліметінше, Ұлыбритания әскери-теңіз күштері мұндай операцияларға дайындықты бастап кеткен. Соңғы апталарда арнайы бөлімшелер түрлі сценарийлер бойынша жаттығулар өткізіп, соның ішінде қарулы экипаждарға қарсы әрекет ету тәсілдерін пысықтады.
Әзірге британдық әскери қызметкерлер ешбір кемеге нақты шабуыл жоқ. Алайда қорғаныс ведомствосындағы дереккөздер алғашқы операцияның «жақын арада» жүзеге асуы мүмкін екенін айтады.
Соңғы уақытта Ұлыбритания теңіз күштері Финляндия, Швеция және Эстония елдерімен бірлесіп, Ресейдің «көлеңкелі флотына» жататын кемелерді бақылау және қадағалау жұмыстарын күшейте түсті.
Бұл қадам Батыс елдерінің Ресейге қарсы санкциялық қысымды одан әрі арттыруға ниетті екенін көрсетеді. Сарапшылардың пікірінше, мұндай шаралар Ресейдің мұнай экспортынан түсетін табысын азайтып, оның әскери әрекеттерін қаржыландыру мүмкіндігін шектеуі мүмкін.