Редакциядан: Радикалды діни ағымдардың құрбаны тек өмірден өз орнын таппаған немесе діни сауаты мүлдем төмен адамдар ғана емес. Бұл идеологияның құрсауына кезінде елге қызмет еткен, арнайы әскери дайындықтан өткен азаматтар да түсіп қалуы мүмкін. Бүгінгі кейіпкеріміз Ержан – кезінде Бас барлау басқармасында қызмет еткен бұрынғы әскери барлаушы. Алайда ол да деструктивті ағымның психологиялық арбауына түсіп, Сириядағы соғыс лагеріне кетуге бел буған болатын. Тілшімізге берген эксклюзивті сұхбатында Ержан өзінің басынан өткен ауыр өткелдерін, деструктивті топтардың жымысқы әдістерін және темір тордың арғы жағында ақиқатты қалай қайта тапқанын бүкпесіз баяндап берді.
Әскери шеннен – рухани ізденіске
– Ержан, әскери тәртіп пен қатал заңдылықтарға бағынған барлаушының радикалды діни ағымға келуі сырттай қарағанда екі түрлі әлем секілді көрінеді. Әңгімемізді өзіңіздің өскен ортаңыздан және әскери салаға қалай келгеніңізден бастасақ?
– Мен 1987 жылы Ұлытау облысы, Жезқазған қаласында дүниеге келдім. Отбасымызда ағам, әпкем, қарындасым және мен болдым, бірақ біздің шаңыраққа тоқсаныншы жылдардың қиындығы өте ауыр тиді. Біз 1995 жылы ағамнан, ал келесі жылы әкемнен айырылып қалдық. Көп ұзамай әпкем тұрмысқа шығып, анам екеуміз ғана қалдық. Сол жылдары елдегі экономикалық дағдарыстың салдарынан анам да жұмыстан қысқартуға ілігіп, тұрмысымыз қатты нашарлап кетті, ал әкемнің көзі тірісінде жағдайымыз өте жақсы болатын. Мен әкемнің кезіндегі қалауын орындау үшін әскери мамандықты таңдадым. Тоғызыншы сыныптан кейін Щучинск қаласындағы әскери училищеге түсіп, оны үздік тәмамдап шықтым. Кейіннен келісімшарт негізінде әскери қызметімді Ақтаудағы теңіз жаяу әскері штабтық батальонының барлау ротасында бастадым. Одан соң Қарағанды облысының Ақтас кентіндегі Бас барлау арнайы басқармасына ауысып, 2009 жылға дейін осы салада қызмет атқардым.
– Өміріңізді діни ізденіске бағыттауға, рухани әлемге бет бұруға нақты не түрткі болды?
– Мен бала кезімнен жаназа рәсімдерінде үнемі Құран оқылып жатқанын көріп өстім. Әкем мен ағамнан айырылғаннан кейін үйдегі жалғыз ер азамат болып қалғандықтан, өзіме жауапкершілік сезініп, сүрелер жаттап, Құран бағыштауды үйренуге тырысатынмын. Тіпті мектепте оқып жүргенде де медресеге барып тұрдым. Кейіннен 2007–2008 жылдары қоғамда діни тақырыптар өте кеңінен талқылана бастады, бұл маған да қатты әсер етіп, дінге көбірек көңіл бөле бастадым. Әскери қызметте жүргенімде полигондарда немесе қаңырап бос қалған суық ғимараттарда түнеуге тура келетін қауіпті сәттерде үнемі «Аятул-Курси» сүресін оқып жүретінмін. 2008 жылы отбасымызбен Астана қаласына қоныс аудардық. Әскери қызметтен кеткеннен кейін алдымда жаңа кезең басталды, болашағыма қатысты көп ойланып, іздендім. Сол уақытта жаңадан ашылған «Нұр-Астана» мешітіне барып, жұма намаздары мен уағыздарға қатыса бастадым, намазды да сол кезде тұрақты түрде оқуға көштім.
«Тек сүннетті ұстанамыз»: Психологиялық манипуляция
– Дәстүрлі діннен ауытқып, жат ағымның жетегінде кетуіңіз қалай басталды?
– Бәрі кездейсоқтықтан басталғандай көрінді. Бір күні Конгресс Холл маңында өткен Мәуліт мерекесіне арналған жиынға қатысып, сол жерде таратылып жатқан діни кітаптар мен дискілердің ішінен «Сахабалардың өмірі» туралы дискіні алдым. Менің жаңа ғана көлік сатып алған кезім болатын, сол себепті бұл дискіні көлігімде үнемі тыңдап жүрдім. Рамазан айы басталғанда таныстарым Шұбар ықшамауданындағы мешітте өте жақсы қари бар екенін айтып, сол жаққа баруға кеңес берді. Осылайша «Нұр-Астана» мешітінің орнына Шұбардағы мешітке бара бастадым. Ол жерде өздерін «сүннетті ғана ұстанамыз» деп таныстыратын адамдар өте көп жиналған екен.
Мен басында ханафи мәзһабы бойынша намаз оқып жүрген едім, бірақ олардың құлшылық жасауындағы өзгешеліктерді байқап, сұрақтар қоя бастадым. Олар менің сұрақтарыма өте сабырлы, биязы әрі өте қызықты етіп жауап беріп, «нағыз сүннетпен осылай оқу керек» деп мені сендірді. Кейіннен олар маған Саид Бурятский мен Ринат Әбу Мұхаммадтың уағыздарын тыңдауға берді. Ринат Әбу Мұхаммадтың адамдардың жеке басына тиісіп сөйлеуі маған ұнаған жоқ, ал Саид Бурятскийдің сөз саптауы, ойын әсерлі жеткізуі санама қатты әсер етті.
Дәл сол кезеңде Сириядағы қанды оқиғалар күшейіп, ИГИЛ ұйымы құрылып, әлем мұсылмандарына белсенді үндеулер жасап жатқан болатын. Мен мешіттегі жаңа таныстарымнан сұрақ қойған кезде, олар мемлекеттік билікті жиі сынайтын. Менің өзімде де «Қазақстан табиғи байлыққа бай мемлекет болса да, неге халықтың тұрмысы соншалықты ауыр?» деген сұрақтар пайда болды. Кейіннен Дарын Мұбаровтың уағыздарын да тыңдай бастадым, ол кезде олардың айтқандары өте жүйелі әрі шынайы ақиқат секілді көрінді.
Сирия елесі және тұтқындалу
– Дәстүрлі құндылықтар мен қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан діни мектебін жоққа шығаратын бұл ағымның негізгі қаупі неде? Сирияға аттану туралы шешім қабылдауыңызға не себеп болды?
– Мәселе олардың жастарға беретін ақпаратының астарында жатыр. Олар жастардың санасына «бұл мұсылман мемлекеті емес», «бұл – тағұт мемлекет» деген сияқты уды сіңіреді, алайда бұл пікірлердің ешбірі шындыққа жанаспайды. Өкінішке қарай, сол жылдары көптеген жастар дұрыс діни білім ала алмады, соның салдарынан мен де Сирияға бару туралы ойлана бастадым.
Мен 2014 жылы Умра сапарына барған кезде сол жақтан Сирияға өтуді жоспарлап, Салман әл-Бурятскиймен байланысқа шықтым. Бірақ ол «қазір фитна күшейіп тұр, әзірге келмей-ақ қой» деп маған кеңес берді. Кейіннен басқа адамдармен кездестім, олар өздерін ИГИЛ ұйымымен тікелей байланыстамыз деп таныстырып, қажет болса мені Сирияға өткізіп жібере алатындарын айтты. Осылайша 2015 жылы отбасыммен бірге Түркия арқылы соғыс аймағына шығуды жоспарладым, алайда Қазақстаннан шығуыма құқық қорғау органдары рұқсат бермей, жолымды кесті.
Ақиқатқа оралу: Түрмедегі терең ойлар
– Терроризм бабымен айыпталып, темір торға қамалған кездегі алғашқы әсеріңіз қандай болды? Түрме қабырғасындағы оңалту жұмыстары санаңызды қалай өзгертті?
– Мен 2016 жылы терроризмге қатысуға оқталу бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылып, төрт жылға бас бостандығымнан айырылдым. Кейін түрмедегі тәртіптік жағдайларға байланысты жаза мерзіміме тағы бір жыл он ай қосылып, қатаң режимге ауыстырылдым. Алғашқы уақытта біз теологтардың сабақтарына мүлдем қызығушылық танытпадық, тіпті оларға ашық қарсылық білдіріп жүрдік. Бірақ уақыт өте келе тәжуидтен бастап, дәстүрлі ханафи мәзһабы мен Матуриди сенім мектебі жөніндегі дәрістерді тыңдай бастадым.
Кейін өз өтінішіммен Арқалықтағы қатаң режимдегі мекемеге ауыстырылдым. Сол жерде мен үшін кітап оқуға өте үлкен мүмкіндік туды. Әсіресе тарих пен ислам ілімі бойынша өте білімді теологтардан дәріс алдым. Осылайша 2017–2022 жылдар аралығында көптеген діни және тарихи еңбектерді оқып, өткен өмірімді, бүкіл көзқарасымды қайта саралап шықтым.
Қоғамға қайта бейімделу мен үшін аса қиын болған жоқ, себебі түрмеде кітап оқуға, спортпен шұғылдануға және өмір туралы терең ойлануға уақыт жеткілікті болды. Жастық шақта адам қызба мінезді, сезімге тез берілгіш келеді, бірақ уақыт өте келе сабыр сақтаудың, әр нәрсеге салмақтылықпен қараудың маңызын түсінеді екенсің.
Біз түрмеде Матуриди сенім мектебін жан-жақты түсіндіретін ұстаздардан білім алып, ханафи мәзһабы туралы көптеген кітаптар оқыдық. Соның ішінде «Мұсылман тұлғасы» атты еңбек маған ерекше қатты әсер етті. Сонда ғана біз бұрынғыдай тек билікті кінәлай берудің мүлдем дұрыс емес екенін түсіне бастадық. Кейбір адамдардың бізді өз мақсаттарына қалай оңай пайдаланғанын кейін барып ұқтық. Радикалды идеологияның басты мақсаты – мұсылмандардың арасына іріткі салып, қоғамның бірлігі мен тыныштығын бұзу екенін анық түсіндім.
– Бүгінгі таңда рухани ізденісте жүрген, дінге жаңа қадам басқан жастарға адаспаудың қандай жолдарын нұсқар едіңіз?
– Ең алдымен жастарға «дінді жойып жатыр» деген жалған ұрандарға ешқашан сенбеуге кеңес беремін. Бүгінгі таңда елімізде білімді, білікті имамдар өте жеткілікті. Менің басты кеңесім – дін мәселесінде көп тыңдап, дұрыс ұстаздардан білім алу. Мысалы, тауға шыққанда адам өз бетімен кетпей, тәжірибелі нұсқаушының айтқанын орындайды ғой. Сол сияқты діни мәселеде де өз бетінше шешім қабылдамай, ғасырлар бойы қалыптасқан ханафи мәзһабы мен Матуриди сенім мектебінің негізінде білім алған дұрыс. Дінді эмоциямен немесе соқыр сезіммен емес, сенімді білім арқылы тану – адамды адасудан сақтайтын ең маңызды жол.
Сұхбаттасқан: Гүлбиназ Абай