«БҰҰ-ның абыройы бұрынғыдай асқақтап тұрған жоқ» – Ермек Сейітбатталов

18 наурыз, 2026 / Alashorda
Ашық дереккөз

Әскери сарапшы Ермек Сейітбатталов қазақ жауынгерлерінің шетелдегі бітімгершілік миссияларға қатысуы маңызды екенін айтады, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.

Дегенмен, оның пікірінше, бүгінде бітімгершілік қызметтің беделі мен абыройы біршама төмендеген.

«Себебі Біріккен Ұлттар Ұйымының абырой-беделі бұрынғыдай асқақтап тұрған жоқ. Мұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бір емес, бірнеше рет айтты. Жалпы, еліміз бітімгершілік миссияларға 2000 жылдардан бері белсенді түрде қатысып келеді. Әуелде Украина мен Үндістанның үйлестіруімен әрекет еткен әскерилеріміз соңғы жылдары дербес жұмыс істеуді меңгерді. Мәселен, 2024 жылдың наурыз айында Голан жотасына 139 сарбаз аттанып, өз міндеттерін абыроймен атқарды. Ашығын айтсақ, Голан жотасындағы жағдай оңай емес. Бұл аймақ Ливан мен Сирияға жақын орналасқан стратегиялық маңызы жоғары өңір саналады. Сол аумақта біздің сарбаздар қызмет атқарып жатыр. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі мандатының VI тарауы аясындағы міндеттер салыстырмалы түрде аса қауіпті емес. Алайда қазақстандық бітімгершілік контингенті VII тарау негізінде жұмыс істеп жатыр. Сондықтан бұл миссияның қауіпті екенін жасырмаған жөн», – деді ол.

Ермек Сейітбатталов Әскери сарапшы