Alashorda.kz ақпараттық агенттігі сіздерге «Аңыз адам» журналынан алынған сұхбатты ұсынады. Материалда Қазақстанның көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы Өмірбек Байгелді Каратай Тұрысовтың өмір жолы, кәсіби қалыптасуы мен ел экономикасының дамуына қосқан үлесі туралы естеліктерімен бөліседі.
— Каратай Тұрысұлының қайраткер болып қалыптасуына белгілі дәрежеде әсер еткен қандай жағдайлар болуы мүмкін?
— Каратай Тұрысов секілді ірі тұлғалар туралы әңгіме ұзаққа созылуы мүмкін. Өйткені ол кісілердің өмірі — бір әңгіменің желісіне сыймайтын, бір кітаптың да арнасынан асып түсер күрделі өмір. Әркім әртүрлі болып өмірге келеді. Бір адам бір адамға ұқсамайды. Әрбірінің өмірі әртүрлі өрбиді.
Каратайдың өмірге келген заманы өте ауыр заман болды. Ол кез халқымыздың басына қиыншылық туып тұрған тұс еді. Ашаршылықтың аяғы. Елдің ішерге асы, киерге киімі жоқ, аш-жалаңаш кезі. Сол дәуірдің барлық қиыншылығы, барлық ауыртпалығы сол ұрпақтың мойнына артылды, арқасына батты. Сонымен таласып жүріп бұл кісілер білім алып, мектепке барды.
Ол кісі Тараз қаласындағы, таудың жиегіндегі, қырғыздармен шекаралас Талас өзенінің бойындағы Жасөркен деген ауылдан. Сол жерден мектепке қатынап оқыды. Заманның сол дәуірінен, ауыр кезеңнен тірі қалған балалардың барлығы өте пысық, еті тірі болып өсті. Ірі тұлғалар болып қалыптасты. Соншама көп қиындықты жеңу оңай ма?!
Міне, Каратай мен оның тұстастары өлім мен өмірдің ортасында арпалысып өсті десе де болғандай. Сондай қиындықтар, өздерінің ішкі ерік-жігері олардың құрыш болаттай шыңдалып, шымыр болуына да әсерін тигізді.
Сол Жамбыл мектебінде Шерхан, Каратайлар бірге оқыған. Бес жылдан кейін мен де сол мектепке бардым. Бұл мектептен түлеп ұшқандардың көбі ірі-ірі қайраткерлерге айналды.
— Каратай ағаның өмір жолының алғашқы кезеңдерінде өз ықпалын тигізген адамдар болды ма?
— Асанбай Асқаров ағаның облыстық комсомол комитетінің секретары болып тұрған кезінде оны шақырып алып, қай салаға барғысы келетінін сұрап, жолдама берген екен. Содан Мәскеуге барып геолог мамандығын оқып келді. Ол кезде қазақ мектебінде орысшаға жетік балалар аз еді. Біздің қалада орыстар да аса көп болмады. Елге келгеннен кейін геолог болып жұмыс істеді. Бір әңгімесінде:
«Паң далада жүреміз. Әр тасты қарап, зерттеп, тентіреп жүрген кезіміз. Бір қойшы шал атпен қасымызға келді де:
— Әй, геологсың ба? — деді.
— Иә, геологпын, — деген едім,
— Әй, әкеңнің геолог болып көрген күні құрысын. Жүр, үйге кіріп шай іш, — деп үйіне алып барып шай берді», — деп айтқаны бар еді.
«Басымнан біреу суық су құйып жібергендей болды. Өзімді сол сәтте барып, мен өзі сонда кіммін деп ойланған екенмін», — деп еді. (күліп)
— Қызмет барысында қандай-қандай баспалдақтардан өтті?
— Қаражал деген шағын қала болатын. Шахтерлердің қаласы. Каратай жап-жас бола тұра, табандылығымен сонда бірінші секретарь болды. Сол кезде аты жақсы шыға бастады. Еңбекқорлығымен көзге түсті. Әртүрлі жауапты қызметтерді атқарды. Торғайдың облыс ретінде ашылған тұсы. Ол кезде Торғайда өндіріс болмайтын. Димекеңнің сол өңірге өндірісті білетін біреу барсын, сондай жұмыстарды алға қойсын деген тапсырмасымен Торғайға барады. Өңірдің өндірісінің алға жылжуына ықпал етеді.
Бұл Димекеңнің әр кадрға терең ойланып, мән беретіндігінің көрінісі болса керек. Кейіннен министр болды. Кәсіподақты басқарды. Орталық комитеттің хатшысы болды. Мәскеуде де жоғары қызметтер атқарды. Сонда барғанда кездесіп, жағдай сұрасып, әңгімелесіп тұратынбыз.
1986 жылғы Желтоқсандағы дүрбелеңді естіп, ел жағдайына алаңдап, қатты күйзелді. ЦК-ның Ресейдегі қызметкерлерімен күнде көрісіп, ойнап-күліп жүретінбіз. Солармен бір күнде араласпай кеттік.
Ол кезде мен облыстың бірінші хатшысымын. Одан кейін Каратай Орталық сайлау комиссиясының төрағасы болды. Кәсіподақта да абыройлы қызмет жасады. Ұзақ жылдардан кейін жасы келген соң, халықтың қалауымен депутат болып, бұл кісі бюджет комитетін басқарды, мен Сенатқа келдім. Қатар жұмыс істедік. Өте білімді экономист. Бюджет комитетін абыройлы түрде басқарды.
— Қазақстанның нарықтық экономикаға көшу барысына ол кісінің қаншалықты үлесі болды?
— Өте көп. Негізгі тетігін тауып, бастауын бастаған сол кісі. Одан басқа бізде мықты экономист болған жоқ. Жалпы Қазақстанда білікті экономист жоқтың қасы десе де болады. Теория жүзінде жақсы білетіндердің сол істі қолына алып жүргізетін тәжірибесі жоқ. Біздің артықшылығымыз — біз сол өндірістегі тәжірибенің, қайнаған тірліктің бел ортасында жүріп қызмет еттік. Сол үшін де бізге жеңіл болды.
— Экономикалық заңдардың қабылдануына да ол кісінің тікелей қызметі көп болды, иә?
— Тікелей қатысы болды. Ел экономикасын дамытуға бағытталған заңдардың бірқатары осы кісінің мұрындық болуымен қабылданды. Ел дамуына қосқан үлесі орасан.
«Біз жай тастарды ғана зерттемедік, дала кезіп жүргенде радиациялық тастар да кездесетін», — деп айтатыны бар еді. Соның бәрі денсаулығына нұқсан келтірмей қоймады. Баласының да қазасы жанына қатты батты, қабырғасын қайыстырды.
— Ағаның адами болмысын, азаматтық болмысын айшықтайтын естеліктер есіңізде ме?
— Азаматтығы — үлкеннің де, кішінің де, кім-кімнің де өтінішін жерде қалдырмайтын. Халықпен етене жақын болды. Жұмысты қандай ауыр болса да, бәрін өз мойнына алып, үлкен жауапкершілікпен жасайтын.
Біреуден көңілі қатты қалғанда дауыс көтеріп ұрыспайтын. Қатты ренжіді дегендегі аузынан шығатын ең ауыр сөзі — «түкімін өссін». Мен ұрысудың орнына бұл кісі «түкімін өссін» деп бата береді, — деп таңғалатынмын. Бұл үйреніп алатын жақсы әдет екен деп жүретінмін. (күлді)
Жеңгемізді де Құдай сай етіп қосты. Мықты адам. Бірге өте жақсы өмір сүрді. Қазір де орнын жоқтатпайды. Ағаға қатысты барлық жиындарға қатысып, бағасын, батасын беріп отырады. Артында ізін өшірмейтін ұрпағы бар. Өнегелі істерін ұлықтайтын халқы бар.
Ол кісі туралы үлкен хикаяларға бергісіз, ел жадында сақталған қызықты, үлгілі әңгімелер көп. Қиын мәселелерде зілсіз сөзбен-ақ күйін тауып кеткен тұстары да көп. Өмірдің әртүрлі баспалдақтарында мінезі де, ойы да, сөзі де кемелденген адам болды.
— Ағаның өзіне тән әуестенетін хоббиі, жақсы көретін ойындары болды ма?
— Бильярдты жақсы көріп ойнады. Қатты ойнады. Маған Жамбылға келген сайын кий алып келетін. Шахмат ойлану арқылы ойналатын ойын болса, бильярд қозғалысты, ептілікті қажет ететін ойын ғой. Ол кезде Шерхан бар, Каратай бар, бәріміз жиі-жиі бас қосып, ойнап тұратынбыз.
Сұхбаттасқан Жарылқап ҚАЛЫБАЙ