Бұған дейін Мәжіліс елімізде мәдени-бұқаралық іс-шараларда фонограмма қолдануға шектеу енгізетін заң жобасы екінші оқылымда мақұлданған болатын, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.
Мәжіліс депутаты Ринат Зайыттың айтуынша, тыйым барлық жерде емес, тек 200 адамнан астам көрермен жиналатын іс-шараларға қатысты қолданылады. Егер алаң арнайы техникалық құралдармен жабдықталмаған болса, фонограммаға рұқсат беріледі.
Әйтсе де Ринат Зайыттың фонограммаға тыйым салуға байланысты пікіріне белгілі өнер майталманы Қанат Айтбаев пен Елена Мәжитқызы қарсы екенін білдірді. Мәселен әлеуметтік желіге «Енді барлық әншілерді оркестрмен қамтамасыз ет. Оркестрдің жазып алынған сүйемелімен ән айту бәрібір фонограмма сүйемелімен ән айту болады» деп жазған Қанат Айтбаевтың пікіріне Елена Мәжитқызы «Қанат, соны айт, оркестровканы, аранжировканы жазып берсін, дирижерге гонорар төлесін, дыбыс аппаратурасымен қамтамасыз етсін, сосын табиғи дауыста айтпасақ, заңын қолдансын. Осы әншілердің қандай мәселесі, проблемалары бар деп ешкім сұрамайды» деп жазды.
Сондай-ақ Қанат Айтбаев «Елена Мәжитқызы, Парламентте бірде бір кәсіби музыкант жоқ, бірде бір музыкалық индустрия саласының техниктері, режиссерлері жоқ, бірақ сала бойынша заң қабылдайды. Нонсенс! Фонограмма - парламенттің деңгейі емес, мәдениет министрлігінің мәдениет комитетінің құзырындағы ғана мәселе ғой!» деп жазды.
Мәжіліс депутаты Ринат Зайыт өнер адамдарының осы пікіріне байланысты өз ойын айтты. Депутат Қанат Айтбаевтың заңды оқымағанын айтты.