Германияда зейнеткерлік жас ұлғайтылуы мүмкін

28 желтоқсан, 2025 / Alashorda
pexel.com

Қазіргі таңда елде зейнеткерлік жасты 65-тен 67 жасқа дейін кезең-кезеңімен арттыру процесі жүріп жатыр және ол онжылдықтың соңына дейін аяқталуы тиіс. Сонымен қатар, еңбек өтілі кемінде 35 жыл болған жағдайда азаматтар 63 жаста зейнетке шығуға құқылы, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.

Билік коалициясының құрамына кіретін Христиан-демократиялық одақ (ХДС) партиясы жанындағы Экономикалық кеңес зейнеткерлік жасты одан әрі арттыруды ұсынды. Кеңестің бас хатшысы Вольфганг Штайгер Швеция, Дания және Нидерланд тәжірибесін үлгі ретінде атады.

Оның айтуынша, аталған елдерде 67 жастан жоғары зейнеткерлік жасты жүйелі түрде арттыру, зейнетақы резервтерін қалыптастыру және зейнеткерлерді халықтың қартаюына байланысты мәселелерді шешу үдерісіне тарту тұрақты зейнетақы жүйесін қамтамасыз етудің негізгі факторлары болып табылады.

Германияның жаңа үкіметі үшін зейнетақы саясатының жаңа тұжырымдамасын әзірлеу басты міндеттердің бірі саналады. Коалициялық келісімде зейнетақы мөлшерін бұрынғы жалақының 48 пайызы деңгейінде сақтау және 63 жаста зейнетке шығу кепілдігі қарастырылған. Алайда сыншылар бұл шешім зейнетақы сақтандыру жүйесіне түсетін қаржылық жүктемені арттыруы мүмкін екенін атап өтуде.

зейнетақы Германия зейнеткерлік