Голбол спорты туралы не білесіздер?

Бүгін, 00:26 / Alashorda
ҚР Туризм және спорт министрлігі

Жасөспірімдер арасындағы V Азия Пара ойындарында Қазақстанның голболдан ұлттық құрамасы тарихи жетістікке қол жеткізіп, алғаш рет алтын медаль иеленді, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.

Аталған жарыста Қазақстан құрамасымен бірге Оңтүстік Корея, Иран, Таиланд және Сауд Арабиясының командалары бақ сынады. Турнир айналмалы жүйе бойынша өтті.

Турнирдің бастапқы кезеңінде Қазақстан құрамасы Оңтүстік Кореяға 9:10, Иран командасына 3:5 есебімен жеңілді. Кейіннен команда ойын жүйесін реттеп, тактикалық тұрғыда жинақталып, кездесулердің барысын өз пайдасына шеше білді. Нәтижесінде қазақстандық голболшылар Сауд Арабиясын 12:7, Таиландты 11:1 есебімен сенімді түрде жеңіп, плей-офф кезеңіне жолдама алды.
Жартылай финалда Қазақстан құрамасы Иран командасын 7:5 есебімен жеңіп, финалдық бәсекеде Оңтүстік Корея құрамасынан 9:6 есебімен басым түсіп, жарыстың алтын жүлдегері атанды.

Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 1-ші орын, Оңтүстік Корея 2-ші орын, Иран 3-ші орынға тұрақтады.

«Жарыс барысында барлығы алты ойын өткіздік. Спортшылар жарысқа жақсы дайындықпен келді. Мемлекет қолдауымен Алматы мен Астанада оқу-жаттығу жиындары ұйымдастырылды. Нәтижеге көңіліміз толады. Команда құрамындағы алты спортшының төртеуі үшін бұл алғашқы халықаралық жарыс болғанына қарамастан, олар өздерін жоғары деңгейде көрсете білді», — деді голболдан бас бапкер Андрей Шпехт.

Айта кетейік, жасөспірімдер арасындағы V Азия Пара ойындары 10–13 желтоқсан аралығында Дубай қаласында (БАӘ) өтті. Байрақты бәсекеге 45 елден 1300-ден астам спортшы қатысып, 11 спорт түрі бойынша 481 медаль жиынтығы сарапқа салынды.

Аталған ойындарда Қазақстан құрамасы 9 спорт түрінен сынға түсіп, жалпы саны 68 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 25 алтын, 23 күміс және 20 қола жүлде бар.

Голбол (Goalball) – бұл көзі көрмейтін немесе көру қабілеті өте төмен спортшыларға арналған командалық спорт түрі. Паралимпиадалық бағдарламаға кіреді.

Мәні қысқаша былай:

Ойын 9×18 метр алаңда өтеді (волейбол алаңындай).

Әр командада 3 ойыншы алаңда болады.

Барлық спортшылардың көзі байланады (тең болу үшін).

Доптың ішінде қоңырау бар – қозғалғанда дыбыс шығады.

Мақсат – допты қарсылас қақпасына домалатып немесе лақтырып гол соғу.

Қорғаныс кезінде ойыншылар есту арқылы доптың бағытын анықтап, денесімен тосқауыл қояды.

Бұл спорттың ерекшелігі – көру емес, есту, реакция, координация және тактика маңызды.

спорт қазақстандық спортшылар Параойындар голбол