Иран АҚШ ұсынған бейбіт жоспарды «біржақты» деп бағалады, ал Трамп қысымды күшейтуде
Reuters агенттігінің хабарлауынша, Иран билігі АҚШ ұсынған соғысты тоқтату жоспарын «біржақты әрі әділетсіз» деп бағалады. Бұл ретте Дональд Трамп Теһеранды келісімге келуге шақырып, кері жағдайда әскери қысымның жалғасатынын мәлімдеді.
Иранның жоғары лауазымды өкілдерінің бірі бұл ұсыныс елдің негізгі талаптарына сәйкес келмейтінін айтып, оның тек АҚШ пен Израиль мүдделеріне қызмет ететінін жеткізді. Соған қарамастан, дипломатиялық байланыстар толық үзілмеген.
Қақтығыстың шиеленісуі
Ақпанның 28-і күні АҚШ пен Израиль Иранға соққы жасағаннан кейін, Тегеран жауап ретінде Израильге, АҚШ әскери базаларына және Парсы шығанағындағы елдерге соққы берді. Сонымен қатар, Иран стратегиялық маңызы зор Ормуз бұғазы арқылы өтетін мұнай тасымалына шектеу қойды. Бұл жағдай әлемдік нарыққа бірден әсер етті:
Мұнай бағасы барреліне 105 долларға дейін өсіп, қор нарықтары төмендеді және өнеркәсіп, технология, туризм секторлары қысымға ұшырады.
Ормуз бұғазы – басты мәселе
Трамп Иран келіссөздер аясында 10 мұнай танкерін бұғаз арқылы өткізуі мүмкін екенін айтып, оны «жақсылық белгісі» деп атады. Сонымен қатар, ол Иран мұнайына бақылау орнату мүмкіндігін де жоққа шығармады.
Иран өз кезегінде: «достас емес» елдердің кемелері тек келісім арқылы өте алатынын, ал кейбір елдерге (Мысалы, Малайзия, Тайланд) жеңілдік жасалғанын мәлімдеді.
Келіссөздер және талаптар
АҚШ-тың арнайы өкілі Steve Witkoff 15 тармақтан тұратын ұсыныс жолданғанын растады. Бұл талаптар: Иранның ядролық бағдарламасын қысқартып, зымыран әлеуетін шектеуді және бұғазға бақылау орнату сияқты шарттарды қамтиды.
Ал Иран болса, болашақта шабуыл жасалмауына кепілдік пен келтірілген шығын үшін өтемақы сұрап, Ормуз бұғазына толық бақылау алу сияқты қарсы талаптар қойып отыр.
Әскери әрекеттер жалғасуда
Соңғы тәулікте Иран Израиль аумағына бірнеше зымыран соққысын жасады. Шабуылдар Тель-Авив, Хайфа қалаларына және басқа аймақтарға бағытталған. Өз кезегінде Израиль Иранның әскери нысандарына соққы беруді жалғастырып жатыр. Мысалы Ислам революциясы сақшылары корпусының теңіз күштері қолбасшысының жойылғанын мәлімдеді.
Қақтығыс салдарынан екі тарапта да адам шығыны мен инфрақұрылымдық зиян тартып келеді.
Сарапшылардың пікірінше, АҚШ-тың «қатаң талаптарға негізделген» ұстанымы мен Иранның өз шарттарынан бас тартпау позициясы келіссөздерді қиындатып отыр. Бұл жағдай Таяу Шығыстағы соғыстың жақын арада аяқталу мүмкіндігін төмендетеді.