Камбоджа мен Таиланд шұғыл түрде атысты тоқтату туралы келісті

Бүгін, 18:19 / Alashorda
Ашық дереккөздерден

Камбоджа мен Таиландтың қорғаныс министрлері атысты тоқтату туралы келісімге қол қойылғанын мәлімдеді. Келісім бірден күшіне енді, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі BBC-ге сілтеме жасап.

Басылым мәліметінше, құжат жергілікті уақыт бойынша түскі сағат 12:00-де (Гринвич уақытымен 05:00) күшіне енген.

Келісім шарттарына сәйкес, Таиланд пен Камбоджа әскерлері қазіргі тұрған орындарында қалып, алға жылжуды тоқтатады. Қақтығыстардан зардап шеккен шекара маңындағы аймақтардың тұрғындарына алғашқы мүмкіндік туған кезде өз үйлеріне оралуға рұқсат етіледі.

Министрлердің бірлескен мәлімдемесінде «екі тарап та себепсіз оқ атуға, алға жылжуға немесе қарсы тараптың позициялары бағытына қарай әскерді жылжытуға жол бермеуі тиіс» деп атап өтілген. Бұл шаралар шиеленісті төмендетудегі негізгі қадамдар ретінде қарастырылады.

Сондай-ақ Таиланд тарапы бітім кемінде 72 сағат сақталған жағдайда, өзінде ұсталып отырған Камбоджаның 18 әскери қызметкерін отанына қайтаруға міндеттеме алды. Құжатта бұл қадам қазан айының соңында АҚШ президенті Дональд Трамптың қатысуымен қол қойылған «Куала-Лумпур декларациясының рухында» жүзеге асырылатыны көрсетілген.

Үш аптаға созылған қақтығыстар салдарынан кемінде 41 адам қаза тауып, екі елдің бір миллионнан астам бейбіт тұрғыны өз үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған.

Бұған дейін Таиланд пен Камбоджа 24 желтоқсанда атысты тоқтату жөнінде келіссөздер өткізетіні хабарланған болатын.

әлем жаңалықтары Таиланд Камбоджа