Қазақстан экономикасы жеті айда 4,1%-ға өсті

Бүгін, 10:09 / Alashorda
Фото: Үкімет

 Қазақстан экономикасы 2026 жылдың алғашқы жеті айында 4,1%-ға өсті. Мұнай өндіру төмендегеніне қарамастан, өсім өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, көлік, сауда және ауыл шаруашылығы сияқты салалардың есебінен қамтамасыз етілді, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі Үкіметке сілтеме жасап

ҰСБ алдын ала дерегіне қарағанда, 2026 жылғы қаңтар-шілдедегі ЖІӨ-нің өсуі 4,1%. Бұл бірінші жартыжылдықтағы көрсеткіш деңгейінде. Мұнай өндірудің 8,9%-ға (53,2 млн тонна) төмендеуіне және жаһандық нарықтың құбылмалылығына қарамастан, өсу орнықтылығында көрінетін оң динамикаға қол жеткізілді. 

Экономикалық өсу шикізаттық емес сектор есебінен қолдау тауып, ҰЭМ-нің есептеуінше, биылғы жеті айда 5,4%-ға өскен. Экономиканың негізгі сегменті-өңдеу өнеркәсібі-9,0% - ға жоғары өсу қарқынын көрсетті. Бұл ретте машина жасау (22%), тамақ өнімдерін өндіру (13,9%), химия өнеркәсібі (26,9%), фармацевтика (38,5%), құрылыс материалдары (9,4%), дайын металл бұйымдары (35%) өңдеудегі өсу қарқыны бойынша көшбасшы. Құрылыста (15,3%), көлікте және қоймада (7,4%), саудада (5,9%), ауыл шаруашылығында (5%), байланыста (4,3%) айтарлықтай өсуге қол жеткізілді.

Айта кету керек, алдыңғы жылдары экономиканың өсу қарқыны шикізат секторының динамикасына қатты тәуелді болды. Өндірудің баяулауы ЖІӨ-нің өсуін тежесе, жеделдеуі, сәйкесінше, күшті өсу қарқынына жол ашты. Өнеркәсіптік әлеуетті нығайтып, даму институттарының рөлін күшейту, транзиттік, автомобиль және теміржол инфрақұрылымын дамытып, отандық тауар өндірушілер мен ШОБ-ты қолдау, шикізаттық емес бағыттарға инвестицияларды арттыру арқылы экономиканы кезең-кезеңімен әртараптандыру соңғы жылдары экономикадағы мұнай секторының рөлін айтарлықтай төмендетті (2025 жылғы қорытынды бойынша ЖІӨ құрылымындағы мұнай өндіру үлесі 7,8%-ға дейін қысқарған).