ХХІ ғасырда туризм әлемдік экономиканың негізгі қозғаушы күштерінің біріне айналды. Бұл сала жаңа жұмыс орындарын ашып, инвестиция тартуға, шағын және орта бизнестің дамуына серпін беріп қана қоймай, өңірлердің экономикалық әлеуетін арттыруға да ықпал етеді. Сондықтан бүгінде көптеген мемлекет туризмді стратегиялық бағыт ретінде қарастырып, инфрақұрылымды дамытуға қомақты қаржы бөліп келеді.
«2025 жылы туризм саласына 1,9 млрд теңге инвестиция тартылды»
Қазақстан да бұл үдерістен шет қалып отырған жоқ. Мемлекет туризм индустриясын дамытуды ұлттық экономиканың маңызды бағыттарының бірі ретінде айқындады. Осы тұрғыдан алғанда, Жамбыл облысының Қырғыз Республикасымен шекаралас орналасқан Қордай ауданының туристік әлеуеті ерекше. Географиялық орналасуы, тарихи-мәдени мұралары мен заманауи демалыс орындарының көбеюі ауданның туристер үшін тартымдылығын жыл сайын арттырып келеді.
Қордай ауданы әкімдігінің кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің бас маманы Эльдар Дүншебаевтың айтуынша, ауданға келетін туристер саны жылдан-жылға тұрақты өсіп келеді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің туристік әлеуетін арттыру, халықаралық деңгейдегі туристік имиджін қалыптастыру, туристік ағымды көбейту және сапалы инфрақұрылым қалыптастыру жөнінде нақты міндеттер жүктеді. Осы бағыттағы жұмыстар Қордай ауданында да жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.
Қордай ауданы Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы халықаралық автокөлік дәлізінің бойында орналасқан. Сондықтан аудан арқылы күн сайын мыңдаған жолаушы мен шетелдік турист өтеді. Бұл өз кезегінде қызмет көрсету саласының дамуына, жаңа кәсіпкерлік нысандардың ашылуына және инвестиция көлемінің артуына оң әсерін тигізуде.
2025 жылдың қорытындысы бойынша ауданға 24 690 турист келген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 23,3 пайызға немесе 4 672 адамға артық. Оның ішінде 23 946 адам – ішкі турист болса, олардың өсімі 22,4 пайызды құрады. Ал шетелден келген туристер саны 744 адамға жетіп, бір жыл ішінде 60,3 пайызға артқан.
Биылғы жылдың көрсеткіштері де көңіл қуантады. 2026 жылдың бірінші тоқсанында Қордай ауданына 6 408 турист келіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда туристер саны 30,9 пайызға, яғни 1 514 адамға көбейді. Келушілердің басым бөлігін Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан және Үндістан азаматтары құрайды.
Туризм саласына салынған инвестиция көлемі де айтарлықтай ұлғайған. 2025 жылы бұл бағытқа 1,9 млрд теңге инвестиция тартылып, 2024 жылмен салыстырғанда өсім 321,7 пайызды құрады. Айта кетерлігі, 2024 жылы туризм саласына 608,4 миллион теңге инвестиция салынған болатын.
Бүгінде Қордай ауданында туристерге қызмет көрсететін 31 орналастыру орны, бір лагерь, 35 қоғамдық тамақтану орны, 200 орындық кинотеатр, бес бассейн және үш заманауи демалыс кешені жұмыс істейді.
«Қордай ауданында бес бассейн мен үш демалыс орны жұмыс істейді»
Эльдар Дәулетұлының айтуынша, соңғы жылдары ауданда отбасылық демалысқа арналған нысандардың саны едәуір артқан. Әсіресе жаз мезгілінде бассейндер мен демалыс кешендеріне келушілер қарасы көбейеді.
– Қордай ауылындағы ең танымал демалыс орындарының бірі – «ССС» бассейн кешені. Мұнда ашық және жабық бассейндермен қатар, қонақ үй, асхана, монша, дүкен, валюта айырбастау орны, дәріхана, спорт залы және балалар ойын алаңы жұмыс істейді.
Ал «Прайд парк» кешенінде үлкен және шағын бассейндер, жайлы кафе мен отбасылық демалыс аймақтары қарастырылған. «Береке Resort» кешені де келушілерге барлық қолайлы жағдайды ұсынады. Мұнда беседкалар, жеке кабиналар, шағын демалыс үйлері орналасқан. Қонақтарға қазақ, еуропа және шығыс асханасының тағамдары ұсынылады.
Сонымен қатар «Тұран» кешені мен Сортөбе ауылындағы «Парадайс» демалыс орталығы тұрғындар мен қонақтарға жоғары деңгейде қызмет көрсетеді. Бұл кешендерде бассейндерден бөлек қонақ үй, кафе, монша және балаларға арналған ойын алаңдары жұмыс істейді.
Аудандағы үш ірі демалыс орнының әрқайсысының өзіндік ерекшелігі бар. Бетқайнар ауылындағы «Алмаз» су қоймасында катамаранмен серуендеуге, балық аулауға және табиғатты тамашалауға мүмкіндік жасалған. Ал Қарасу ауылындағы «Джолдасбек ата» этноауылы қымыз және саумалмен емдеу қызметімен ерекшеленеді. Мұнда қонақ үй, киіз үйлер, атпен серуендеу алаңдары мен ұлттық тағамдар ұсынылады.
Сондай-ақ Қордай ауылындағы «Гавайи Қордай» демалыс орны да тұрғындар мен туристердің сүйікті орнына айналған. Демалыс кешенінде жағажай, пирс, қайықпен серуендеу мүмкіндігі, ашық және жабық тамақтану орындары, монша, автотұрақ және басқа да қажетті инфрақұрылым қарастырылған. Кешеннің аумағы толық абаттандырылып, көгалдандырылған және жарықтандырылған. Сондықтан мұнда жаз мезгілінде келушілер саны жыл сайын артып келеді.
«Қаракемер ауылында Кенесары хан Қасымұлының мемориалы орналасқан»
Қордай ауданы тарихи-мәдени мұраларға бай өңірлердің бірі саналады. Ауданға келген туристер тек табиғат аясында демалып қана қоймай, қазақ халқының тарихынан сыр шертетін киелі орындарды аралап, тарихи тұлғалардың өмір жолымен танысуға мүмкіндік алады. Соңғы жылдары ауданның туристік әлеуетін арттыру мақсатында тарихи ескерткіштерді насихаттау, туристік маршруттарды кеңейту және келушілерге қолайлы жағдай жасау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Қордай ауданы әкімдігінің кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің бас маманы Эльдар Дүншебаевтың айтуынша, ауданның тарихи-мәдени нысандары туристер арасында ерекше қызығушылық тудырып келеді.
– 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қордай ауданындағы демалыс орындары мен туристік нысандар 25 580 адамға қызмет көрсетті. Ал 2026 жылдың екінші тоқсанында ауданға келген туристердің саны Жамбыл облысының тұрғындарын қоса есептегенде шамамен 13 500 адамға жетті. Бұл көрсеткіш ауданның туристік әлеуетіне деген қызығушылықтың жыл сайын артып келе жатқанын көрсетеді, – дейді ол.
Оның айтуынша, ауданға келген қонақтар демалыс орындарымен қатар көптеген тарихи-мәдени ескерткіштерді тамашалай алады. Атап айтқанда, Кенен ауылында қазақтың әйгілі ақыны әрі сазгері Кенен Әзірбаевтың мемлекеттік музейі мен «Тұлғалар тұғыры» мемориалдық кешені орналасқан.
Отар ауылында қазақтың көрнекті шешені құрметіне қойылған «Кебекбай шешен» ескерткіші бар. Ал аудан орталығы Қордай ауылында Қордай аудандық тарихи-өлкетану музейі, «Ноғайбай би» ескерткіші, Қордай батырдың монументі, Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне арналған мемориал, панфиловшы Н.Н. Белашовқа, Ауған соғысының ардагерлеріне және саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіштер орналасқан.
Сонымен қатар Ноғайбай ауылында Ноғайбай бидің кесенесі, Өтеген ауылында Өтеген батыр кесенесі, Күнбатыс-2 ауылында қола дәуірінен сақталған «Тоспалы жартас» петроглифтері, Масаншы ауылындағы Дүнген музейі, Қаракемер ауылдық округіндегі Кенесары хан Қасымұлының мемориалы және Қарасай ауылындағы Қарасай батыр ескерткіші ауданның ең маңызды тарихи-мәдени нысандарының қатарына жатады.
– Жалпы Қордай ауданында 865 тарихи-мәдени ескерткіш мемлекеттік қорғауға алынған. Оның ішінде 41 нысан сәулет және монументтік өнер ескерткіштері санатына кіреді. Бұл ауданның тарихи мұрасының қаншалықты бай екенін көрсетеді, – дейді Эльдар Дүншебаев.
«Ауыл тұрғындары «Өтеген батыр» кесенесіне баратын жолды жөндеп берді»
Эльдар Дәулетұлының пікірінше, туризмнің дамуына әсер ететін негізгі факторлардың бірі – көлік инфрақұрылымы. Сапалы жолдар мен сервистік қызметтердің болуы туристердің қауіпсіз әрі жайлы саяхат жасауына мүмкіндік береді.
– Бүгінде Қордай ауданы аумағы арқылы өтетін республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында В, С және D санатындағы 17 жол бойы сервис нысаны және бір модульдік санитариялық-гигиеналық торап жұмыс істеп тұр. Бұл халықаралық бағыттағы туристерге қажетті қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз етеді.
Ауданда қалыптасқан үш негізгі туристік маршруттың ішінде Өтеген батыр кесенесіне баратын бағыт ерекше орын алады. Даңқты батырдың кесенесі – жергілікті маңызы бар тарих және сәулет ескерткіші. Сонымен қатар ол Қазақстанның киелі жерлер картасына және Жамбыл облысының ресми туристік маршруттарына енгізілген.
Туристердің қасиетті орынға еркін қатынауы үшін соңғы жылдары инфрақұрылым да жаңартылды. Қарасу ауылдық округіне қарасты Өтеген батыр ауылындағы кесенеге апаратын 1,3 шақырым жолға күрделі жөндеу жүргізіліп, оған 35 миллион теңге жұмсалды. Жол демеушілердің, ауыл тұрғындарының, сондай-ақ «РемДоСтрой» және «Ақтас» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің қолдауымен толық пайдалануға берілді.
Сонымен қатар туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ақпараттық тақтайшалар, бағыт көрсеткіштері және QR-кодтар орнатылған. Бұл келушілерге тарихи нысандар туралы толық мәліметті бірнеше тілде алуға мүмкіндік береді.
Ауданның ерекше тарихи орындарының бірі – «Тоспалы жартас» петроглифтері. Бұл археологиялық ескерткіш жергілікті маңызы бар тарихи нысан ретінде облыстың туристік бағыттарына енгізілген. Ғалымдардың деректеріне сәйкес, жартастағы суреттердің тарихы біздің дәуірімізге дейінгі IV мыңжылдықтың соңы мен I мыңжылдықтың басына жатады. Қола дәуірінен сақталған бұл бірегей ескерткіш Масаншы ауылдық округіне қарасты Күнбатыс-2 ауылының аумағында орналасқан», – дейді ол.
«Кенесары хан мемориалы облыстың туристік бағыттарына енгізілген»
Эльдар Дүншебаевтың айтуынша, туристер ерекше қызығушылық танытатын орындардың бірі – Қаракемер ауылдық округіндегі Кенесары хан Қасымұлының мемориалы.
– 2006 жылы бой көтерген мемориал Жамбыл облысының ресми туристік маршруттарына енгізілген. Бұл ескерткіш қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлының соңғы шайқасы өткен жерді және оның ерлік жолын ұлықтау мақсатында салынған.
Мемориал аумағында Кенесары ханның соңғы шайқасына қатысып, ерлікпен қаза тапқан сарбаздардың есімдері мен қазақ руларының таңбалары қашалып жазылған. Бұл кешен тарихи тағылым мен ұлттық рухты дәріптейтін қасиетті орындардың бірі саналады.
Кенесары хан мемориалы Қаракемер ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 14 шақырым жерде, Қаракемер–Қарасай батыр автожолының сол жағында орналасқан. Бүгінде бұл нысан еліміздің әр өңірінен келетін туристердің ғана емес, шетелдік қонақтардың да қызығушылығын тудырып отырған маңызды тарихи-туристік орындардың біріне айналып келеді.
Осындай тарихи мұралар мен заманауи туристік инфрақұрылымның үйлесімі Қордай ауданының өңірдегі туризмді дамытуға зор әлеуеті бар аймақ екенін айқын көрсетеді. Туристік нысандарды жаңғырту, жол бойындағы сервисті жетілдіру және тарихи ескерткіштерді кеңінен насихаттау жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Бұл өз кезегінде аудан экономикасының дамуына серпін беріп, туристер легінің одан әрі артуына ықпал етеді, – дейді Эльдар Дүншебаев.
P.S. Жалпы Жамбыл облысы – тарихи мұрасы, табиғаты көркем өңірлері және бірегей мәдени ескерткіштерімен ерекшеленетін Қазақстанның туристік әлеуеті жоғары аймақтарының бірі. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан өңірде ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енген Ақыртас сарай кешені, Айша бибі, Бабажы қатын, Қарахан кесенелері сияқты сәулет ескерткіштері бар. Сондай-ақ облыс аумағында Меркі және Жайсан киелі орындары, Берікқара шатқалы, Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығының бір бөлігі, Қаратау жоталары мен көркем тау шатқалдары экологиялық туризмді дамытуға мүмкіндік береді.
Өңірде тарихи-танымдық, экологиялық, этнографиялық және емдік-сауықтыру туризмі қатар дамып келеді. Туристер үшін жол бойындағы сервистік қызметтер жетілдіріліп, қонақ үйлер, демалыс орындары мен туристік маршруттар саны артуда.