Қордай ауданына қарасты бірнеше ауылдың жолдары жөнделіп жатыр

Бүгін, 12:24 / Alashorda
ФОТО: Қордай ауданы әкімдігі

Қордай ауданында жол инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жүйелі түрде жалғасып келеді, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі Қордай ауданы әкімдігіне сілтеме жасап.

 Биыл аудан көлемінде автомобиль жолдарының сапасын жақсарту және тұрғындардың қауіпсіз әрі қолайлы қатынасын қамтамасыз ету мақсатында бірқатар маңызды жобалар қолға алынған. Жол саласын дамыту тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырып қана қоймай, елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң әсерін тигізуде.

Қазіргі уақытта аудандық маңызы бар Қаракемер – Керу автомобиль жолының 18,1 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аталған жолдың жаңартылуы көлік қозғалысының қауіпсіздігін арттырып, жол жүру уақытын қысқартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Күнбатыс-1 және Күнбатыс-2 ауылдарына кіреберіс жолдарды жөндеу жобалары да қарқынды жүзеге асырылуда. Бұл жұмыстар ауыл тұрғындарының аудан орталығымен және басқа елді мекендермен қатынасын жақсартуға бағытталған.

Жол жөндеу жұмыстары ауданның бірнеше ірі ауылдарын қамтып отыр. Атап айтқанда, Сортөбе, Қордай, Масаншы және Ноғайбай ауылдарындағы бірқатар көшелерде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қордай ауылындағы Жібек жолы, Байзақов және Панфилов көшелерінің қосалқы жолдарын жөндеу де жоспарға сәйкес атқарылып жатыр. Нәтижесінде тұрғындар үшін қолайлы әрі сапалы жол инфрақұрылымы қалыптасып, көлік қозғалысының тиімділігі арта түспек.

Сонымен қатар аудандағы маңызды жобалардың бірі – «Шу – Қайнар» автомобиль жолын күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда. Жоба аясында тек ауданаралық жол ғана емес, Қайнар ауылының ішкі көшелері де қамтылған. Бұл ауыл тұрғындары үшін жайлы орта қалыптастырып, өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

Жол инфрақұрылымын дамыту бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстар Қордай ауданының тұрақты дамуына серпін беріп, тұрғындардың қауіпсіз әрі қолайлы өмір сүруіне жағдай жасауда. Алдағы уақытта да аудан аумағында жол сапасын жақсартуға бағытталған жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырыла бермек.

Қордай ауданы әкімдігі Тас жолы