«Қордай ауданында 37 кітапхана оқырмандарға қызмет көрсетіп жатыр» – Салтанат Балпықова

25 шілде, 2026 / Alashorda

Қордай ауданы – Жамбыл облысындағы ең іргелі аудандардың бірі. Аудан Қырғыз Республикасымен шекараласқандықтан, әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша өңірдегі алдыңғы қатарлы аудандардың санатына кіреді. Қордай ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Салтанат Балпықованың айтуынша, аудан тек әлеуметтік-экономикалық салада ғана емес, мәдениет бағытында да табысты жұмыстар атқарып келеді.

– Салтанат Қанатбекқызы, Қордай ауданында өнер мен мәдениет саласында қандай іс-шаралар атқарылып жатыр?

– Қордай ауданында мәдениет пен өнерді дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Аудан тұрғындарының мәдени өмірін жандандыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, шығармашылық ұжымдардың әлеуетін арттыру және жастардың өнерге деген қызығушылығын дамыту мақсатында жыл бойы түрлі мәдени-көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылады. Бұл жұмыстар аудан әкімдігі мен мәдениет мекемелерінің жоспарына сәйкес жүзеге асырылып келеді.

Ауданда мемлекеттік және ұлттық мерекелерге арналған салтанатты концерттер, әдеби-музыкалық кештер, патриоттық іс-шаралар, тарихи-танымдық кездесулер, фестивальдер мен шығармашылық байқаулар тұрақты түрде өткізіледі. Наурыз мейрамы, Қазақстан халқының бірлігі күні, Жеңіс күні, Астана күні, Республика күні, Тәуелсіздік күні сияқты маңызды мерекелер кең көлемде аталып өтеді.

Халық шығармашылығын дамыту мақсатында әншілер, бишілер, күйшілер және жас өнерпаздар арасында аудандық «Ел іші – өнер кеніші», «Bala Art», «Әулиеата әуендері» байқаулары өткізіліп, жеңімпаздар облыстық және республикалық деңгейдегі мәдени іс-шараларға қатысып келеді. Сонымен қатар ұлттық салт-дәстүрді насихаттауға бағытталған «Ақ бата», «Ақ әже», «Әкелер – отбасы тірегі» атты байқаулар ұйымдастырылды.

Бұдан бөлек, шеберлік сабақтары мен қолөнер көрмелері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Қордай аудандық мәдениет үйі мен ауылдық мәдениет мекемелері қызметкерлерінің ұйымдастыруымен өткен «Мәдениет қызметкерлерінің заманауи қызметі: тәжірибе және болашақ» атты әдістемелік-тәжірибелік семинардың мақсаты – мәдениет қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыру, заманауи мәдени қызметтің жаңа бағыттарымен таныстыру, тәжірибе алмасу және болашақ даму жолдарын айқындау болды.

Мәдениет қызметкерлерінің кәсіби шеберлігін жетілдіру, тәжірибе алмасу және әдістемелік көмек көрсету мақсатында «Мәдени тынығу – шығармашылық ортақ алаңы» атты аудандық семинар-тимбилдинг ұйымдастырылды. Семинар барысында қатысушылар өздерінің жұмыс тәжірибесімен бөлісіп, мәдени-көпшілік іс-шараларды ұйымдастырудың тиімді жолдары туралы пікір алмасты. Сонымен қатар вокал, хореография және қолөнер үйірмелерінің жетекшілері өз бағыттары бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасап, үйірме жұмыстарының жетістіктері мен алдағы жоспарларын таныстырды. Іс-шара аясында шығармашылық жұмыстар көрмесі ұйымдастырылып, қатысушыларға әдістемелік ұсыныстар берілді. Семинар мәдениет саласы мамандарының кәсіби біліктілігін арттыруға, шығармашылық байланыстарды нығайтуға және тәжірибе алмасуға зор мүмкіндік берді.

Жаз мезгілінде мәдениет мекемелері ашық аспан астында концерттік бағдарламалар, балаларға арналған ойын-сауық кештері, шығармашылық акциялар мен мәдени демалыс жобаларын өткізуде. Ауыл тұрғындарына мәдени қызмет көрсету мақсатында көшпелі концерттер де ұйымдастырылып келеді. Жалпы, Қордай ауданында мәдениет пен өнер саласын дамытуға бағытталған жұмыстар халықтың рухани құндылықтарын нығайтуға, ұлттық мәдени мұраны сақтауға және жас ұрпақтың шығармашылық әлеуетін дамытуға өз үлесін қосып келеді.

– Соңғы кездері креативті индустрияны дамыту жайы көп айтылып жүр. Ауданда креативті индустрияны дамыту бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?

– Қордай ауданында креативті индустрияны дамыту мәдениет саласының басым бағыттарының бірі болып табылады. Бұл бағытта ұлттық мәдени мұраны сақтай отырып, шығармашылықты қолдау, жастардың өнерге қызығушылығын арттыру және мәдени өнімдерді заманауи форматта дамыту бойынша бірқатар жұмыстар жүргізілуде.

Аудандық мәдениет үйі мен ауылдық мәдениет үйлері жанында домбыра, вокал, хореография, театр, сәндік-қолданбалы өнер, робототехника, қолөнер және бейнелеу өнері бағытындағы шығармашылық үйірмелер тұрақты жұмыс істейді. Бұл үйірмелер балалар мен жастардың шығармашылық қабілетін дамытуға, олардың жаңа идеяларын жүзеге асыруына және кәсіби бағдар алуына мүмкіндік береді.

Ұлттық қолөнерді дамыту мақсатында қолөнер шеберлерінің көрмелері, шеберлік сабақтары және шығармашылық кездесулер өткізіліп, дәстүрлі өнер түрлері кеңінен насихатталуда. Сонымен қатар ұлттық киімдерді жаңғырту және этно-дизайн элементтерін мәдени іс-шараларда пайдалану тәжірибесі де кеңінен қолданылып келеді.

Мәдени іс-шараларды ұйымдастыруда цифрлық технологиялар кеңінен пайдаланылып, концерттер, фестивальдер, көрмелер және ұлттық мерекелер әлеуметтік желілер арқылы тікелей көрсетіледі. Сондай-ақ фото және бейнематериалдар тұрақты түрде жарияланып, мәдени өнімдердің қолжетімділігі артып, ауданның мәдени әлеуеті кең аудиторияға таныстырылуда. Бұл аудан тұрғындарының мәдени өмірге белсенді қатысуына және мәдени ақпараттың қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

– Ауданда балаларға арналған қанша үйірме жұмыс істейді? Үйірмелерде нақты қандай бағыттар қамтылған?

– Қордай аудандық мәдениет үйі, ауылдық мәдениет үйлері мен клуб мекемелері халыққа мәдени қызмет көрсетіп, көркемөнерпаздар ұжымдарының жұмысын ұйымдастырып келеді. Домбыра, робототехника, вокал, би, театр, қолөнер және басқа да шығармашылық үйірмелерде балалар мен жастарды өнерге баулуға ерекше көңіл бөлінеді. Қордай аудандық мәдениет үйі мен клубтарда барлығы 98 үйірме жұмыс істейді, оған 1 711 адам қатысады. Оның ішінде балаларға арналған 84 үйірмеге 1 570 қордайлық бала қамтылған.

– Жуырда Қордайда Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының бастамасымен «Тіл – достықтың дәнекері» атты облыстық тіл фестивалі өтті. Қордайдағы өзге ұлт өкілдері мемлекеттік тілді қаншалықты меңгеріп жатыр?

– Қордай аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен ана тіліміздің қадір-қасиетін насихаттау, жас ұрпақтың туған тілге деген сүйіспеншілігін арттыру және ұлттық рухты дәріптеу мақсатында «Тұғыры биік туған тіл» атты поэзия кеші өтті. Іс-шара барысында ана тілінің маңызы, ұлт руханиятындағы орны кеңінен айтылып, қазақ тіл білімінің негізін қалаушылардың бірі, ғалым Нығмет Сауранбаевтың өмірі мен еңбектері таныстырылды.

Сонымен қатар 2025–2026 оқу жылының қорытындысы аясында Қордай аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен 9–12 жас аралығындағы оқушылар арасында аудандық пікірсайыс турнирі өтті. Шара оқушылардың сыни ойлауын дамытуға, өз пікірін еркін әрі мәдениетті жеткізу дағдысын қалыптастыруға және азаматтық белсенділігін арттыруға бағытталды.

Сондай-ақ Қордай аудандық кітапханасының коворкинг орталығында «Ел болып оқимыз» жобасы аясында қазақтың ұлы ақыны Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына арналған «Жыр алыбы – Жамбыл» аудандық шығармашылық байқауы өтті. Байқауға бес үміткер қатысып, үш кезең бойынша өз өнерлері мен шығармашылық қабілеттерін көрсетті.

Сонымен бірге Жамбыл Жабаевтың 180 жылдық мерейтойына орай «Jas Stars – 2026» аудандық пікірсайыс турнирі жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Турнирге аудан мектептерінің 4–6-сынып оқушылары қатысып, өзара бақ сынасты. Жас дебатшылар өз ойларын жүйелі жеткізіп, дәлел келтіру, қарсы пікірге жауап беру сияқты маңызды дағдыларын көрсетті.

Қордай аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты балалар мен жасөспірімдер кітапханасының ұйымдастыруымен тұрақты оқырмандардың қатысуымен мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, сөздік қорын дамыту және еркін ойлау қабілетін қалыптастыру мақсатында «Сөз – еркін, ой – ашық» тақырыбында пікірталас алаңы және «Кітап – менің серігім» тақырыбында оқырман конференциясы өткізілді.

Жамбыл облысы бойынша мемлекеттік тілді оқытудың 2024–2026 жылдарға арналған Жол картасына сәйкес, 2025 жылы қазақ тілі курстарымен 1 426 адам қамтылды (жоспар – 1 400 адам).

Ал биыл қазақ тілі курстарымен 1 469 адамды қамту жоспарланған. Қазіргі таңда қазақ тілі курстарымен қамтылғандар саны – 476 адам. Оның ішінде білім беру саласының қызметкерлері – 107, студент жастар – 248, медицина саласының қызметкерлері – 37, түрлі сала өкілдері – 64, жұмыссыз ауыл тұрғындары – 20 адам.

Ұлттық құрамына тоқталсақ, оның ішінде 7 қазақ, 376 дүнген, 33 орыс, 44 әзербайжан, 3 қырғыз, 3 украин, 2 татар, 2 ұйғыр, 4 түрік және 2 күрд диаспорасының өкілі бар.

Деңгейіне қарай «Тілашар» бағдарламасы бойынша – 113 тыңдаушы, А1 қарапайым деңгейінде – 84, А2 базалық деңгейінде – 181, В1 орта деңгейінде – 45, В2 ортадан жоғары деңгейінде – 29 және С1 жоғары деңгейінде 24 тыңдаушы білім алуда.

2026 жылғы 24 шілдедегі жағдай бойынша орталыққа қарасты 7 кабинет жұмыс істейді. Олар Қордай, Масаншы, Ауқатты және Степной ауылдық округтерінде орналасқан.

Биылғы жылдың қаңтар–шілде айлары аралығында өзге ұлт өкілдеріне қазақтілді орта қалыптастыру, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, тыңдаушылардың дұрыс сөйлеу дағдысын жетілдіру, сөздік қорын байыту, тыңдалым қабілетін дамыту, сондай-ақ қазақ және ағылшын тілдерінде еркін сөйлеуге баулу мақсатында құрылған «ŞAÑYRAQ» клубының бес отырысы өткізіліп, оған 200-ден астам курс тыңдаушысы қатысты.

– Қазақ жазушыларының әдеби шығармаларын насихаттау – өте маңызды жұмыс. Оның үстіне «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында түрлі іс-шаралар қолға алынып жатыр. Ауданда кітап оқуды насихаттау бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?

– Бүгінде Қордай ауданында барлығы 37 кітапхана оқырмандарға қызмет көрсетеді. Оның ішінде аудандық орталық кітапхана, балалар кітапханасы және 35 ауылдық филиал бар.

Кітап қорының жалпы саны – 354 360 дана. Оның ішінде қазақ тіліндегі кітаптар саны – 209 544 дана. Оқырмандар саны – 30 948. Кітап берілімі – 452 036 дана. Оның ішінде мемлекеттік тілдегі кітаптардың берілімі – 331 592 дана. Жалпы кітапханаға келушілер саны – 206 206 адам, оның 106 131-і – балалар.

Жыл басынан бері кітапханалар жүйесінде 1 205 іс-шара өткізіліп, оған 24 212 адам қатысты. Оның ішінде облыстық «Ел болып оқимыз» жобасы аясында – 42, «Жазушымен бір күн» жобасы аясында – 18, республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында – 60, «Заң мен тәртіп» қағидатын насихаттау бойынша – 8, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау бағытында – 12 іс-шара ұйымдастырылды. Сонымен қатар мерейтойлық даталар мен мерейтой иелеріне арналған түрлі форматтағы мәдени шаралар өткізілді.

Facebook және Instagram әлеуметтік желілеріндегі парақшаларда 1 205 іс-шара жарияланып, олар 19 926 лүпіл, 8 442 пікір және 61 897 қаралым жинады.

Сонымен қатар 23 сәуір – Ұлттық кітап күніне орай Қордай аудандық орталық кітапханасының коворкинг орталығында «Кітаппен сырласқан күн» атты әдеби-рухани кездесу өтті. Күнбатыс ауылының тумасы, жазушы Есімқұл Халықбаевтың «Алғыс» кітабының тұсаукесері жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Қордай аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты балалар мен жасөспірімдер кітапханасының ұйымдастыруымен «Кітаппен келген көктем» тақырыбында ашық аспан астында кітап оқу шарасы өтті. Іс-шара орталық саябақта ұйымдастырылып, оқырмандарға ерекше әсер сыйлады.

Цемзауыт ауылдық кітапханасында «Кітап – ақыл-ойдың айдыны» атты көшпелі кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Сондай-ақ Қордай аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен «Кітап – ұлттың рухани тірегі» атты әдеби-сазды кеш өтті. Шара барысында кітап туралы өлеңдер оқылып, кітапхана оқырмандары арасынан «Үздік оқырман – 2026» анықталып, марапатталды. Сонымен бірге Қордай аудандық ардагерлер алқасының мүшесі, Әкелер кеңесінің төрағасы Бақыт Байжігітовтың «Ұстаз ұлағаты – өмір тағылымы» атты кітабының тұсауы кесіліп, қалың оқырманға жол тартты. Ал «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында таңдалған Қабдеш Жұмаділовтің «Тағдыр» романынан үзінді сахналанды.

Сондай-ақ Қордай аудандық орталық кітапханасында, балалар мен жасөспірімдер кітапханасында және ауылдық кітапханаларда «Әр кітап – жаңа әлем» атты ашық есік күні, «Артық білім – кітапта» тақырыбында кітап көрмелері, кітап жәрмеңкелері және кітап туралы фильм көрсетілімдері тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.

Мемлекет басшысының «Кітап оқитын ұлт» жобасын қолдау аясында Қордай аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі жазғы демалыс кезінде «Балауса» балаларды сауықтыру лагерінде қазақтың тұңғыш ағартушысы, ұлы педагог, балалар әдебиетінің негізін қалаушы Ыбырай Алтынсариннің 185 жылдығына арналған «Ұлт ұстазы – Ыбырай» атты шығармашылық байқау ұйымдастырды. Сонымен қатар лагерь аумағында «Жазғы кітапхана» жұмыс істеп, балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне және ой-өрісін дамытуына мүмкіндік жасалды.

Кітапхана қорына келіп түскен жаңа әдебиеттерді қалың оқырманға онлайн және офлайн форматта насихаттау жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде.

– Қордай ауданынан елімізге белгілі жазушы Несіпбек Дәуітайұлы шыққаны белгілі. Қаламгердің мұрасын насихаттау жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр?

– Қордай аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде «Жергілікті ақын-жазушылар мұрасы – болашақ ұрпақ қазынасы» атты тұрақты кітап көрмесі ұйымдастырылған. Көрме кітапхана оқырмандары көп шоғырланатын орынға қойылған. Онда жергілікті ақын-жазушылар туралы мәліметтер ұсынылып, олардың шығармаларына тұрақты түрде шолу жасалып тұрады.

 

Жамбыл облысы Салтанат Балпықова