Қазақтың ұлттық спорт түрлері – халқымыздың бай мәдени мұрасы мен ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрінің ажырамас бөлігі. Қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату, жамбы ату, аударыспақ, көкпар және бәйге сынды ұлттық ойындар тек дене шынықтыру мен шеберлікті ғана емес, ерлік, ептілік, төзімділік, тапқырлық пен ұлттық рухты дәріптейді. Бұл спорт түрлері ұрпақ тәрбиесінде ерекше орын алып, жастарды елін сүюге, намысшылдыққа және ата-баба мұрасын қастерлеуге баулиды.
«400-ге жуық бала ұлттық спорттың жеті түрінен шыңдалып жатыр»
Ұлттық спорт – қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан өмір салтының, салт-дәстүрі мен рухани құндылықтарының айқын көрінісі. Қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату, жамбы ату, аударыспақ, көкпар мен бәйге сияқты ұлттық спорт түрлері жас ұрпақтың бойына батылдық, төзімділік, намысшылдық пен елжандылық қасиеттерді сіңіреді. Соңғы жылдары мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаудың нәтижесінде ұлттық спорт жаңа деңгейге көтеріліп, халықаралық аренада да кеңінен танылып келеді.
Жамбыл облысы әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты Қордай ауданындағы №19 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Шеризат Рахымжанның айтуынша, бүгінде Қордай ауданында ұлттық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр.
– Мемлекет ұлттық спортты дамытуға жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Соның нәтижесінде жаңа спорт нысандары ашылып, жаттықтырушылардың жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасалуда. Ең бастысы – балалардың ұлттық спортқа деген қызығушылығы жылдан-жылға артып келеді. Ұлттық спорт – халқымыздың рухани болмысын, тарихи сабақтастығын сақтайтын маңызды құндылық. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстардың маңызы зор, – дейді мектеп директоры.
Оның айтуынша, бүгінде Қордай ауданында үш балалар-жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді. Солардың ішінде №19 спорт мектебі ұлттық спорт түрлерін дамытуға маманданған бірден-бір білім ордасы саналады. Жалпы Жамбыл облысында дәл осы бағытта жұмыс істейтін мұндай спорт мектептерінің саны екі-үшеуден аспайды.
Бүгінде аудан әкімдігінің қолдауымен жұмыс істеп отырған спорт мектебінде 400-ге жуық жас спортшы ұлттық спорттың жеті түрінен тұрақты түрде жаттығады. Атап айтқанда, олар қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату, жамбы ату, аударыспақ, көкпар және бәйге спорттарымен шұғылдануда. Бұл үйірмелерде балалар тек спорттық шеберліктерін шыңдап қана қоймай, ата-баба мұрасын дәріптеп, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіреді.
– Балалардың қызығушылығы өте жоғары. Әсіресе қазақ күресі мен тоғызқұмалақ бойынша жетістіктеріміз көңіл қуантады. Жас спортшыларымыз республикалық жарыстарда ғана емес, халықаралық додаларда да ел намысын абыроймен қорғап жүр, – дейді Шеризат Рахымжан.
Әсіресе тоғызқұмалақ мектебінің жетістігі ерекше. Тәжірибелі жаттықтырушылар Мәди Шарап пен Аманжол Бектесовтің жетекшілігімен тәрбиеленіп жатқан жас спортшылар халықаралық деңгейде жоғары нәтиже көрсетуде.
Соның жарқын дәлелі – жас спортшы Нұртілеу Нұртас. Ол 2025 жылы Чехияда өткен тоғызқұмалақтан әлем чемпионатында күміс жүлдеге қол жеткізіп, кейін Азия чемпионатында да жүлдегер атанды. Бұл – Қордайдағы тоғызқұмалақ мектебінің жүйелі жұмысының нақты нәтижесі.
Айта кетерлігі, тоғызқұмалақ бөлімі спорт мектебінде 2018 жылы ашылған болатын. Содан бергі аралықта бұл бөлімнен 12 спортшы спорт шеберлігіне кандидат (КМС) нормативін орындады. Мұндай көрсеткіш ұлттық спортты дамытудағы жүйелі еңбектің жемісі екені сөзсіз.
– Біздің басты мақсатымыз – ұлттық құрамаға лайықты спортшылар даярлау. Қазіргі таңда Тараз қаласында орналасқан облыстық құрама сапында біздің мектептің бес тәрбиеленушісі жаттығып жүр. Алдағы уақытта олардың санын көбейтіп, еліміздің намысын халықаралық жарыстарда қорғайтын спортшыларды тәрбиелеуді көздеп отырмыз. Бұл бағыттағы жұмыстарымыз алдағы уақытта да жалғаса береді, – дейді Шеризат Рахымжан.
Қордай ауданындағы №19 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің бүгінгі тыныс-тіршілігі ұлттық спорттың өңірде жүйелі дамып келе жатқанын көрсетеді. Елдің рухын көтеретін, ұлттық болмысты ұлықтайтын спорт түрлеріне қызығушылық танытқан жастардың қатары көбейген сайын қазақтың төл мұрасы да жаңа буынның қолымен жалғасын таба беретіні анық.
«Көкпар, бәйге мен жамбы атуды дамыту үшін ең алдымен ат керек»
Қордай ауданындағы №19 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде ұлттық спорттың жеті түрі бойынша жұмыс жүйелі жолға қойылғанымен, олардың даму қарқыны бірдей емес. Мектеп директоры Шеризат Рахымжанның айтуынша, бүгінде тоғызқұмалақ пен қазақ күресі өңірдегі ең қарқынды дамып келе жатқан ұлттық спорт түрлерінің қатарына жатады. Ал көкпар, бәйге мен жамбы ату бағытында материалдық-техникалық базаның жеткіліксіздігі қолбайлау болып отыр.
– Тоғызқұмалақтан кейін ерекше дамып келе жатқан спорттың бірі – қазақ күресі. Бұл бағытта тәжірибелі жаттықтырушыларымыз жас буынды тәрбиелеп келеді. Ардагер бапкерлеріміз Алтыбай Мықтыбек пен Жомарт Ұзақбаев көптеген талантты спортшылардың жолын ашып жүр. Соның ішінде Алтыбай ағамыздың шәкірті, Қордай ауданының Сарыбұлақ ауылында туған Данил Федоровтың жетістігін ерекше атап өтуге болады. Ол өткен жылы қазақ күресінен Қазақстан чемпионы атанса, биыл ел чемпионатында күміс жүлдені жеңіп алды. Бұл – жүйелі дайындықтың жемісі. Қазір мектебімізде қазақ күресінен 9 спорт шеберлігіне кандидат бар. Алдағы уақытта олардың санын көбейтіп, спорт шеберлерін тәрбиелеуді көздеп отырмыз, – дейді мектеп басшысы.
Алайда ұлттық спорттың барлық түрінде бірдей жоғары нәтижеге қол жеткізу әзірге мүмкін болмай отыр. Әсіресе ат спортына қатысты бағыттарда негізгі мәселе – жаттығуға арналған жылқылардың жетіспеуі.
– Өкінішке қарай, жамбы ату, көкпар және бәйге бойынша әзірге аудандық деңгейдегі жарыстарда ғана жақсы нәтиже көрсетіп жүрміз. Жақында ғана жамбы ату бөліміне тәжірибелі маман Ескендір Кеңсебаев келді. Ол бұл спорт түрін жаңа деңгейге көтеруге күш салатынын айтып отыр. Бірақ жоғары нәтиже көрсету үшін ең алдымен тұрақты жаттығатын ат қажет. Қазір біз ауыл тұрғындарының аттарын уақытша сұрап мініп жаттығамыз. Алайда көкпар мен бәйгеге жарайтын сәйгүліктердің бағасы қымбат болғандықтан, иелері оларды күнделікті жаттығуға бере бермейді. Сондықтан көкпарды, бәйгені және жамбы атуды дамыту үшін ең алдымен арнайы жаттығу аттары қажет, – дейді Шеризат Рахымжан.
Соған қарамастан, спорт мектебінің бапкерлері бар мүмкіндікті тиімді пайдаланып, бірқатар табысқа қол жеткізіп келеді. Мәселен, бәйге спортынан осы уақытқа дейін үш спортшы спорт шеберлігіне кандидат атанса, Қазақстан чемпионаттарында бір тәрбиеленуші алтын, екі спортшы күміс жүлдені жеңіп алған.
Бүгінде бәйге бөлімінде тәжірибелі жаттықтырушылар Жеңіс Дәнеғұлов пен Еркебұлан Тұрдан жас шабандоздарды баптап келеді. Ал көкпардан Қордай ауданының құрамасын Нұрберген есімді маман жаттықтырады.
Аударыспақ спорты да біртіндеп қарқын алып келеді. Бұл бағытта 2019 жылдан бері жаттықтырушы Арнұр Асылхан еңбек етіп жүр. Ол – көкпардан тәжірибелі спортшы, аударыспақтан Қазақстан чемпионы әрі спорт шеберлігіне кандидат. Оның жетекшілігімен тәрбиеленіп жатқан жас спортшылар облыстық жарыстарда жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Соңғы өткен облыс чемпионатында шәкірттерінің бірі алтын медаль жеңіп алса, тағы екеуі күміс және қола жүлдені иеленді.
Мектеп ұжымы ұлттық спорттың барлық бағытын тең дәрежеде дамытуға күш салып отыр. Ол үшін білікті бапкерлермен қатар, заманауи материалдық-техникалық база мен, әсіресе, ат спорты түрлеріне қажетті жаттығу жылқыларының болуы аса маңызды. Осындай қолдау көрсетілген жағдайда Қордайдан республикалық қана емес, халықаралық деңгейде ел намысын қорғайтын ұлттық спорт шеберлері шығарына мектеп ұжымы сенімді.
«Ноғайбай би ипподромын жаңарту – ұлттық спорттың дамуына серпін береді»
Ұлттық спортты дамыту тек білікті бапкер мен талапты спортшыға ғана емес, заманауи инфрақұрылымға да тікелей байланысты. Әсіресе ат спорты түрлерінде арнайы жаттығу алаңы, атқора және спорттық талаптарға сай ипподромның болуы – жоғары нәтиженің басты алғышарттарының бірі. Қордай ауданындағы ұлттық спорттың дамуына қатысты ең өзекті мәселелердің бірі де осы.
Шеризат Рахымжанның айтуынша, ауданда ұлттық спортқа қажетті негізгі нысандардың бірі – Ноғайбай би атшабары. Алайда қазіргі таңда оның орналасқан жері мен инфрақұрылымы республикалық деңгейдегі жарыстарды өткізуге толық мүмкіндік бермейді.
– Қордай ауданында Ноғайбай би атшабары бар. Бірақ ол таулы жерде орналасқандықтан, қазіргі ипподромдарға қойылатын стандарт талаптарына толық сәйкес келмейді. Соған қарамастан бұл жер ұлттық спорттың дамуына қызмет етіп келеді. Қазір Қордай ауданы әкімдігі мен аудандық ат спорты федерациясы аталған ипподромды жаңғырту бағытында нақты жоспар құрып отыр. Жоспарға сәйкес, Ноғайбай би ипподромын кезең-кезеңімен жаңартып, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету көзделген, – дейді мектеп директоры.
Оның айтуынша, жобаны 2026 жылдан бастап іске асыру жоспарланған. 2026–2027 жылдары ипподром аумағын қайта жаңғыртып, жаңа атқоралар салу, жаттығу алаңдарын ретке келтіру және ұлттық спорт түрлеріне қолайлы жағдай жасау көзделіп отыр.
– Егер ипподром жаңартылса, біз үшін үлкен мүмкіндік ашылады. Сонда қосымша бюджет қаражаты есебінен жаттығуға арналған аттар сатып алуға мүмкіндік туады. Бүгінде бізге ең қажеттісі – осы мәселе. Қажетті жағдай жасалса, көкпар, бәйге, аударыспақ және жамбы ату сияқты ұлттық спорт түрлерін дамытуға ешқандай кедергі болмайды. Жас спортшыларымыздың республикалық, тіпті халықаралық жарыстарда жоғары нәтиже көрсетуіне де жол ашылады, – дейді Шеризат Сапарбайұлы.
Қордай ауданының Қырғыз Республикасымен шекаралас орналасуы да ұлттық спортты дамытуға өзіндік мүмкіндік беріп отыр. Биыл Қырғызстанда өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында өңірде ұлттық спортты кеңінен насихаттау бағытында бірқатар маңызды іс-шара ұйымдастырылған.
– Биыл Қырғызстанда Көшпенділер ойындары өтеді. Осыған орай Жамбыл облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Қордай ауданы әкімдігінің қолдауымен ұлттық ат спорты бойынша ауқымды жарыс өткіздік. Қырғыз елімен көршілес жатқан аудан болғандықтан мұндай шаралардың маңызы ерекше. Жарысқа өңірдің түкпір-түкпірінен жас шабандоздар келіп, өз бақтарын сынады, – дейді ол.
Жарыс барысында аламан бәйге мен құнан бәйге ұйымдастырылып, оған жүздеген жас шабандоз қатысты. Аламан бәйгеге жүзге жуық спортшы қатысса, құнан бәйгеде 60–70 шабандоз бақ сынады. Ұйымдастырушылар жеңімпаздарды лайықты марапаттап, құнан бәйгеде жеті, ал аламан бәйгеде бес жүлделі орын белгіледі. Мұндай жарыстар жас спортшылардың тәжірибесін арттырып қана қоймай, ұлттық ат спортының бұқаралық сипатын күшейтуге де оң ықпал етеді.
Шеризат Сапарбайұлының айтуынша, ұлттық спортты дамыту бір күннің немесе бір жылдың жұмысы емес. Бұл – жүйелі қолдауды, сапалы инфрақұрылымды және жанашырлықты қажет ететін ұзақ мерзімді бағыт. Сондықтан ауданда қолға алынатын Ноғайбай би ипподромын жаңғырту жобасы тек бір нысанды жөндеу емес, ұлттық спорттың болашағына салынатын инвестиция болмақ.
Қордай өңірінде ұлттық спортқа қызығушылық танытып жүрген жүздеген баланың арманы – ел намысын халықаралық жарыстарда қорғау. Сол арманның орындалуына білікті бапкерлердің еңбегімен қатар, заман талабына сай спорттық инфрақұрылым да үлкен ықпал етеді. Егер жоспарланған жобалар толық жүзеге асса, Қордай ауданы ұлттық спорттың жаңа орталықтарының біріне айналып, қазақтың көкпары, бәйгесі, аударыспағы мен жамбы атуы жаңа белеске көтерілері сөзсіз.
Қазақстанда ұлттық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлінуде
Соңғы жылдары Қазақстанда ұлттық спортты дамыту мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының біріне айналды. Өйткені ұлттық спорт – тек жарыс алаңындағы бәсеке ғана емес, халқымыздың мәдениеті мен тарихын, салт-дәстүрі мен ұлттық болмысын ұрпақ санасына сіңіретін маңызды құрал. Осыған байланысты елімізде ұлттық спортты қолдауға бағытталған ауқымды жұмыстар жүзеге асырылып келеді.
Бүгінде республика бойынша қазақ күресі, көкпар, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату, бәйге, құсбегілік, тоғызқұмалақ, асық ату және дәстүрлі садақ ату секілді ұлттық спорт түрлері жүйелі түрде дамытылуда. Өңірлерде мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектептері ашылып, ұлттық спорт бөлімдері көбейіп келеді. Сонымен қатар жаңа ипподромдар, көкпар алаңдары, жаттығу базалары салынып, қолданыстағы спорт нысандары кезең-кезеңімен жаңғыртылуда.
Мемлекет тарапынан ұлттық спорт федерацияларына жан-жақты қолдау көрсетіліп, республикалық және халықаралық жарыстардың күнтізбесі жыл сайын кеңейіп келеді. «Қазақстан Барысы», «Әлем Барысы», «Еуразия Барысы» турнирлері қазақ күресінің беделін арттырса, көкпардан Азия чемпионаттары мен халықаралық турнирлер, республикалық бәйге мен аударыспақ додалары ұлттық спорттың танымалдылығын арттыруға ықпал етуде. Тоғызқұмалақ та әлемнің көптеген елінде дамып, халықаралық жарыстар тұрақты ұйымдастырылып келеді.
Ұлттық спортты дамытуда жасөспірімдер тәрбиесіне де басымдық беріліп отыр. Балалар мен жасөспірімдер арасында республикалық чемпионаттар, ауыл спорт ойындары, оқушылар арасындағы жарыстар жиі өткізіліп, дарынды спортшыларды ерте жастан анықтауға мүмкіндік жасалуда. Бұл жұмыстар ұлттық құрама сапына білікті спортшылар даярлауға негіз болып отыр.
Соңғы жылдары Қазақстан Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына тұрақты қатысып, ұлттық спорт түрлерінен жүлделі орындар иеленіп келеді. Бұл – еліміздегі жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі. Сонымен қатар ұлттық спортты ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраларымен сабақтастыра отырып насихаттау, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу және бұқаралық ақпарат құралдары арқылы кеңінен дәріптеу ісі де қарқын алған.
Бүгінде ұлттық спорт тек ауыл-аймақтың ғана емес, тұтас елдің мақтанышына айналып келеді. Мемлекеттік қолдау, тәжірибелі бапкерлердің еңбегі және жастардың қызығушылығының артуы нәтижесінде қазақтың төл спорт түрлері халықаралық деңгейде кеңінен танылып, ұлттық рухты асқақтататын маңызды құндылық ретінде жаңа даму кезеңіне қадам басты.