Қордай ауданы әкімдігінің спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы Сейітқали Солтанай ауданның спортшылары республикалық, тіпті халықаралық аренада абыройлы көзге түсіп жатқанын айтады. «Жас келсе іске» демекші Сейітқали Даниярұлынан сұхбат алып, ауданның спорт саласында атқарылып жатқан жұмыстарына тоқталдық.
– Қордай ауданы Жамбыл облысындағы халқы ең тығыз орналасқан, спорттық әлеуеті жоғары өңірлердің бірі саналады. Соңғы жылдары ауданда спорт инфрақұрылымын дамытуға, бұқаралық спортты қолдауға және кәсіби спортшыларды тәрбиелеуге ерекше көңіл бөлініп келеді. Жалпы ауданның дене шынықтыру және спорт саласында бүгінде қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Негізгі көрсеткіштерге тоқталып өтсеңіз.
– Қордай ауданында дене шынықтыру және спорт саласын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Бүгінде спорт саласы ауданның әлеуметтік саясатының маңызды бағыттарының біріне айналды. Мемлекет басшысының бұқаралық спортты дамыту, халықтың спортпен тұрақты шұғылдануына қолайлы жағдай жасау жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында аудан көлемінде кешенді жұмыстар жүзеге асырылуда. Негізгі мақсатымыз – тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануына жағдай жасап қана қоймай, кәсіби спортшыларды тәрбиелейтін тиімді жүйе қалыптастыру.
Қазіргі таңда ауданда тұрғындарға қызмет көрсететін 372 спорт нысаны жұмыс істейді. Олардың қатарында заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, спорт залдары, шағын футбол алаңдары, әмбебап спорт алаңшалары, стрит-воркаут кешендері, ашық жаттығу алаңдары мен ауылдық елді мекендердегі спорт нысандары бар. Бұл инфрақұрылым аудан тұрғындарының, әсіресе жастардың спортпен тұрақты айналысуына мүмкіндік беріп отыр. Сонымен бірге қолданыстағы спорт нысандарының материалдық-техникалық базасын нығайту, оларды кезең-кезеңімен жаңғырту жұмыстары да тұрақты жүргізілуде.
Балалар мен жасөспірімдерді спортқа кеңінен тарту – біздің жұмысымыздың негізгі басымдықтарының бірі. Аудандағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері мен спорт клубтарында мыңдаған жас түрлі спорт түрлерімен тұрақты түрде шұғылданады. Олар дзюдо, бокс, еркін және грек-рим күресі, қазақ күресі, футбол, волейбол, баскетбол, жеңіл атлетика, тоғызқұмалақ, шахмат, гір спорты және басқа да спорт түрлері бойынша кәсіби дайындықтан өтуде. Дарынды балаларды анықтап, олардың шеберлігін шыңдау үшін аудандық, облыстық және республикалық деңгейдегі жарыстарға тұрақты түрде қатысуына барлық мүмкіндік жасалып келеді.
Сонымен қатар бұқаралық спортты дамыту бағытында ауылдық спартакиадалар, шағын футбол турнирлері, бұқаралық жүгіру жарыстары, велошерулер, ұлттық спорт фестивальдері және түрлі спорттық акциялар тұрақты ұйымдастырылып тұрады. Мұндай шаралар тұрғындардың спортқа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, салауатты өмір салтын насихаттауға үлкен ықпал етуде. Әсіресе жастар мен ауыл тұрғындарының спортқа белсенді қатысуы жылдан-жылға артып келеді.
Қордай ауданының спортшылары бүгінде облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетіп, ауданның ғана емес, Жамбыл облысының да абыройын асқақтатып жүр. Биылғы жылдың өзінде аудан спортшылары түрлі деңгейдегі жарыстардан 191 медаль жеңіп алды. Бұл көрсеткіш – спортшыларымыздың тынымсыз еңбегінің, жаттықтырушылардың кәсіби шеберлігінің және мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдаудың нақты нәтижесі.
Алдағы уақытта да спорт инфрақұрылымын дамыту, ауылдық жерлерде жаңа спорт алаңдарын ашу, спорт мектептерінің материалдық-техникалық базасын нығайту, кәсіби жаттықтырушылардың әлеуетін арттыру және дарынды спортшыларды қолдау бағытындағы жұмыстар жалғасады. Біздің басты мақсатымыз – Қордай ауданын бұқаралық спорт пен жоғары жетістіктер спорты қатар дамыған, республикадағы үздік спорттық өңірлердің біріне айналдыру.
– Қазіргі таңда Мемлекет басшысы халықтың кемінде жартысын бұқаралық спортпен тұрақты айналысуға тарту жөнінде нақты міндет қойып отыр. Осы тапсырманы жүзеге асыру бағытында Қордай ауданында қандай жобалар қолға алынды? Жалпы халықтың спортқа деген қызығушылығы қандай деңгейде және тұрғындарды спортпен шұғылдануға ынталандыру үшін қандай жұмыстар жүргізіліп келеді?
– Мемлекет басшысының бұқаралық спортты дамыту жөніндегі тапсырмасы біз үшін негізгі басымдықтардың бірі болып саналады. Себебі халықтың денсаулығы мен өмір сүру сапасын жақсартудың ең тиімді жолдарының бірі – спортпен тұрақты айналысу.
Осы бағытта ауданда жыл бойы түрлі жас санаттарына арналған спорттық жарыстар, бұқаралық жүгіру акциялары, велошерулер, ауылдық спартакиадалар, мекеме қызметкерлері арасындағы жарыстар және ұлттық спорт түрлерінен турнирлер тұрақты өткізіліп келеді. Сонымен қатар мереке күндеріне орай бұқаралық спорттық фестивальдер ұйымдастырылып, оған жүздеген тұрғын қатысады.
Аудан тұрғындарының спортпен еркін айналысуы үшін кешкі уақытта спорт алаңдары халыққа тегін қолжетімді. Бұл әсіресе жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға үлкен мүмкіндік беріп отыр. Ауылдық елді мекендерде де спорт алаңдарының саны көбейіп, тұрғындардың сұранысына қарай түрлі спорт секциялары ашылуда.
– Балалар мен жасөспірімдерді спортқа баулу бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Болашақ чемпиондарды тәрбиелеу қалай жүзеге асырылуда?
– Кез келген мемлекеттің спорттағы жетістігі ең алдымен балалар спортынан басталады. Сондықтан біз жасөспірімдерді спортқа барынша ерте жастан тартуға ерекше көңіл бөлеміз.
Бүгінде аудандағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері мен спорт клубтарында мыңдаған бала тұрақты түрде жаттығады. Олар дзюдо, қазақ күресі, еркін күрес, бокс, футбол, волейбол, жеңіл атлетика, тоғызқұмалақ және басқа да спорт түрлерімен шұғылданады.
Жаттықтырушылар тек жарысқа дайындаумен ғана шектелмейді. Балалардың тәртібі, денсаулығы, психологиялық дайындығы, білім алуы да тұрақты бақылауда болады. Біз үшін ең бастысы – жақсы спортшы ғана емес, елін сүйетін, тәртіпті әрі білімді азамат тәрбиелеу.
Соңғы жылдары аудан спортшылары жасөспірімдер арасындағы республикалық және халықаралық жарыстарда жүлделі орындарға тұрақты ие болып келеді. Бұл – спорт мектептерінде жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі. Мұндай жетістіктер басқа балаларға да үлкен мотивация береді.
– Қордай ауылындағы орталық стадионға қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл аудан тұрғындары көптен күткен жоба болатын. Жоба аяқталғаннан кейін қандай өзгерістер болады?
– Иә, бұл – аудан тұрғындары ұзақ уақыт күткен маңызды жобалардың бірі. Қазіргі таңда орталық стадионда қайта жаңғырту жұмыстары жоспарға сәйкес қарқынды жүргізілуде.
Жоба аясында футбол алаңы толық жаңартылып, халықаралық талаптарға сай жабынды төселеді. Сонымен қатар жүгіру жолақтары қайта салынып, трибуналар жаңартылады, жарықтандыру жүйесі, инженерлік желілер және көрермендерге арналған барлық жағдай заман талабына сай жасалады.
Бұл нысан пайдалануға берілгеннен кейін ауданымызда облыстық әрі республикалық деңгейдегі ірі спорттық жарыстарды өткізуге мүмкіндік туады. Ең бастысы – аудан жастары мен тұрғындары заманауи спорт нысанында жаттығып, бос уақыттарын тиімді өткізе алады.
Біз бұл стадионның тек жарыс өтетін орын ғана емес, аудан тұрғындарының басын қосатын ірі спорт орталығына айналатынына сенімдіміз.
– Тайбэйде өткен Азия кубогында күміс жүлдеге ие болған Мейірбек Байзақов туралы айтып өтсеңіз.
– Мейірбек Байзақов – Қордай ауданындағы спорт мектептерінде тәрбиеленген талантты спортшылардың бірі. Ол 2004 жылы дүниеге келген. Спорттағы алғашқы қадамын 2014 жылы Қордай ауданындағы №17 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің дзюдо бөлімінде бастады. Кейін №18 спорт мектебіне ауысып, өзінің шеберлігін одан әрі шыңдады. Алғашқы жаттықтырушысы – Нұрбек Орекенов.
Дарынды спортшы кейін Алматы қаласындағы Қ.Ахметов атындағы республикалық мамандандырылған спорт мектеп-интернатында білім алып, кәсіби деңгейде шыңдалды. Сонымен қатар спорт колледжін тәмамдап, бүгінде Тараз қаласындағы Жоғары спорттық шеберлік мектебінде жаттығуын жалғастырып келеді. Қазіргі жаттықтырушысы – Жамбыл облысының аға жаттықтырушысы Рахымжан Қожатаев.
Мейірбектің жетістіктері жыл сайын артып келеді. 2025 жылы жастар арасындағы Қазақстан чемпионатында қола жүлдегер атанса, сол жылы ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатында да қола медаль иеленіп, ұлттық құраманың сапына қабылданды. Ал 2026 жылы Тайбэйде өткен Азия кубогында күміс медаль жеңіп алып, халықаралық деңгейде өзінің жоғары әлеуетін дәлелдеді.
Оның бұл жетістігі – тек өзінің ғана емес, жаттықтырушыларының, ата-анасының және Қордай ауданындағы спорт мектебінің ортақ еңбегінің жемісі деп білеміз.
– Қордай ауданында республикалық және халықаралық деңгейде ел намысын қорғап жүрген тағы қандай спортшылар бар?
– Қордай ауданы – талантты спортшылар тәрбиелеп келе жатқан өңір. Біз мұны мақтан тұтамыз. Бүгінде ауданымыздан шыққан көптеген спортшылар республикалық және халықаралық ареналарда Қазақстанның намысын абыроймен қорғап жүр.
Олардың қатарында еркін күрестен Азия чемпионатының жүлдегері Наиль Зейналов, бокстан Қазақстан чемпионы Мейірлан Бейсехан, қазақ күресінен Қазақстан чемпионы әрі самбодан Азия кубогының жеңімпазы Шариз Буралкинова, гір көтеруден Азия чемпионы Захар Дьяченко бар. Сонымен қатар кикбоксинг, жеңіл атлетика, дзюдо және басқа да спорт түрлерінен республика көлемінде жоғары нәтиже көрсетіп жүрген спортшыларымыз өсіп келеді.
Осындай чемпиондардың жетістігі жас спортшылар үшін үлкен үлгі. Балалар олардың жеңістерін көріп, өздерінің де үлкен спортқа жетуге деген сенімін нығайтады. Сондықтан біз тәжірибелі спортшылар мен жас буын арасындағы сабақтастықты сақтауға ерекше мән береміз.
Жалпы биыл аудан спортшылары халықаралық, республикалық және облыстық жарыстарда 191 медаль жеңіп алып, Қордай спортының қарқынды дамып келе жатқанын тағы бір мәрте дәлелдеді. Бұл көрсеткіш алдағы уақытта бұдан да жоғары болады деп сенеміз.
– Әр өңірде болашағынан зор үміт күттіретін жас таланттар болады. Сіздің ойыңызша, бүгінде Қордай ауданында алдағы уақытта халықаралық аренада ел намысын қорғайтын, үлкен жетістіктерге жетуге әлеуеті бар жас спортшылар кімдер? Олармен қандай жүйелі жұмыстар жүргізілуде?
– Қордай ауданында болашағынан зор үміт күттіретін дарынды жастар өте көп. Біз үшін ең басты міндеттердің бірі – сол таланттарды ерте жастан анықтап, олардың кәсіби тұрғыда қалыптасуына барлық қажетті жағдайды жасау. Өйткені үлкен жеңістер бір күнде келмейді. Оның артында ұзақ жылдар бойғы жүйелі дайындық, бапкерлердің кәсіби еңбегі, ата-аналардың қолдауы және спортшының табандылығы тұрады.
Бүгінде халықаралық деңгейде жақсы нәтижелер көрсетіп жүрген жастарымыздың қатарында Азия кубогының күміс жүлдегері Мейірбек Байзақовты, Азия чемпионатының жүлдегері Наиль Зейналовты, бокстан Қазақстан чемпионы Мейірлан Бейсеханды, қазақ күресі мен самбодан жоғары жетістіктерге қол жеткізіп жүрген Шариз Буралкинованы ерекше атап өтуге болады. Сонымен қатар еркін күрес, дзюдо, бокс, жеңіл атлетика, гір спорты және басқа да спорт түрлерінен өсіп келе жатқан талантты жас спортшыларымыз бар. Олар бүгінде облыстық және республикалық жарыстарда тұрақты түрде жүлделі орындардан көрініп, халықаралық жарыстарға қатысуға мүмкіндік алып келеді.
Жас спортшылармен жұмыс тек жарысқа қатыстырумен ғана шектелмейді. Біз оларды кезең-кезеңімен дайындауға басымдық береміз. Спорт мектептерінде тәжірибелі бапкерлер жұмыс істейді, оқу-жаттығу жиындары ұйымдастырылады, республикалық турнирлерге қатысуына жан-жақты қолдау көрсетіледі. Дарынды балаларды анықтау үшін мектепішілік, ауылдық және аудандық жарыстар тұрақты өткізіліп тұрады. Осындай жарыстарда көзге түскен спортшылар арнайы дайындық топтарына қабылданады.
Сонымен қатар олардың білім алуына, психологиялық дайындығына, денсаулығына және дұрыс тамақтануына да ерекше көңіл бөлінеді. Себебі қазіргі заманғы спорт тек физикалық дайындықпен шектелмейді. Халықаралық деңгейде табысқа жету үшін жан-жақты дайындық қажет.
Біздің мақсатымыз – Қордай ауданынан Қазақстан ұлттық құрамасының сапын толықтыратын спортшылардың қатарын көбейту. Алдағы уақытта бүгінгі жас жеткіншектер Олимпиада, Азия ойындары мен әлем чемпионаттарында ел намысын абыроймен қорғайды деп сенеміз. Біз өз тарапымыздан олардың үлкен спортқа қадам басуына барлық жағдайды жасауға күш салып келеміз.
– Соңғы жылдары ұлттық спорт түрлеріне мемлекет тарапынан ерекше қолдау көрсетіліп келеді. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының өтуі де бұл бағытқа тың серпін бергені белгілі. Қордай ауданында ұлттық спортты дамыту бойынша қандай жұмыстар атқарылуда? Жасөспірімдерді қазақтың төл спорт түрлеріне баулу бағытында қандай нәтижелер бар?
– Ұлттық спорт – халқымыздың мәдени мұрасы мен ұлттық болмысын айқындайтын маңызды құндылықтардың бірі. Сондықтан Қордай ауданында ұлттық спорт түрлерін дамытуға ерекше мән беріліп келеді. Мемлекет басшысы да ұлттық спортты қолдау мәселесіне тұрақты назар аударып келеді. Осыған сәйкес ауданда қазақ күресі, көкпар, бәйге, аударыспақ, асық ату, тоғызқұмалақ сияқты ұлттық спорт түрлерін кеңінен насихаттау және дамыту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда.
Жыл сайын аудан көлемінде ұлттық спорт түрлерінен түрлі деңгейдегі жарыстар, ашық турнирлер, ауылдық және аудандық чемпионаттар ұйымдастырылады. Бұл жарыстарға ауыл жастары мен мектеп оқушылары белсенді қатысып келеді. Мұндай сайыстар жас спортшылардың тәжірибе жинақтауына және ұлттық спортқа деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Әсіресе қазақ күресі мен тоғызқұмалаққа қызығушылық жылдан-жылға өсіп келеді. Сонымен қатар ат спортына да ерекше көңіл бөлініп отыр. Қазіргі таңда 10–17 жас аралығындағы балалар ұлттық ат спорты үйірмелеріне тартылып, тұрақты түрде жаттығып жүр. Соның нәтижесінде ауданымызда бәйгеден 3 спорт шеберлігіне кандидат, қазақ күресінен 9 спорт шеберлігіне кандидат, тоғызқұмалақтан 12 спорт шеберлігіне кандидат дайындалды. Бұл ұлттық спортты дамыту бағытындағы жұмыстардың нақты нәтижесі деп айтуға болады.
Бүгінде барлық спорт мектептері мен үйірмелер қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Тәжірибелі жаттықтырушылар жастармен тұрақты жұмыс жүргізіп келеді. Сонымен қатар аудан спортшылары Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына іріктеу жарыстарына қатысып, өз шеберліктерін шыңдауда.
Алдағы жоспарымыз – ұлттық спортпен айналысатын жастардың қатарын көбейту, ауылдық жерлердегі үйірмелердің жұмысын күшейту және дарынды спортшыларды облыстық әрі республикалық құрамаларға шығару. Біз ұлттық спорттың тек жарыс емес, жас ұрпақты елжандылыққа, батылдыққа және ұлттық құндылықтарды құрметтеуге тәрбиелейтін маңызды құрал екенін жақсы түсінеміз.
– Жуырда Қордай ауданында Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына іріктеу мақсатында облыстық ашық турнир ұйымдастырылды. Бұл жарыстың аудан үшін маңызы қандай болды? Турнирдің қорытындысы мен қордайлық спортшылардың көрсеткіштеріне тоқталып өтсеңіз.
– Бұл турнирдің аудан үшін маңызы өте жоғары болды. Өйткені мұндай жарыстар ұлттық спортты дамытуға ғана емес, өңірдегі дарынды спортшыларды анықтап, олардың шеберлігін бағалауға үлкен мүмкіндік береді. Жарысқа Жамбыл облысының барлық аудандарынан тәжірибелі шабандоздар мен спортшылар қатысып, өте тартысты бәсеке өтті.
Қордай ауданы ұйымдастыру жағынан да, спортшылардың нәтижесі жағынан да жоғары деңгейде көрінді. Біздің спортшылар бірнеше жүлделі орындарды иеленіп, ұлттық спорттағы әлеуетіміздің жоғары екенін дәлелдеді. Турнир барысында құнан бәйге мен аламан бәйге ұйымдастырылып, жалпы жүлде қоры 5 миллион теңгені құрады. Аламан бәйгеде жеті, құнан бәйгеде бес жүлделі орын сарапқа салынды.
Бұл жарысқа қатысқан жастар үшін де үлкен тәжірибе болды. Олар кәсіби спортшылармен бірге жарысып, өз мүмкіндіктерін бағалады. Осындай жарыстардың нәтижесінде көптеген жас шабандоздардың шеберлігі артып келеді. Алдағы уақытта мұндай турнирлерді тұрақты өткізіп, ұлттық спортты одан әрі дамыту жұмыстарын жалғастырамыз.