Қордайлық қыз-келіншектер ұлттық нақыштағы креативті бұйымдар шығаруда

30 шілде, 2026 / Alashorda
Ашық дереккөз

Қазіргі таңда Қазақстанда креативті индустрияны дамыту мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының біріне айналып отыр. Бұл сала ұлттық мәдени мұраны жаңғыртып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға, шағын және орта бизнесті дамытуға, әсіресе ауыл тұрғындарының табысын арттыруға мүмкіндік береді. Әсіресе ауыл әйелдерінің қолөнермен айналысып, ұлттық нақыштағы өнімдер шығаруы – креативті экономиканың жарқын үлгісі.

«Президент қол қойған заң креативті индустрияны дамытуға серпін береді»

Осы жылдың майында Қордай аудандық Мәдениет үйінде ауыл әйелдерінің кәсіпкерлік әлеуетін арттыруға арналған маңызды форум ұйымдастырылды. Тағылымды басқосу ауылдағы қыз-келіншектердің экономикалық белсенділігін арттырып, кәсіпкерлік бастамаларын қолдауға бағытталды. Форумға өңірдің кәсіпкер әйелдері, қолөнер шеберлері, мемлекеттік мекемелердің өкілдері, қоғамдық ұйымдар мен жастар қатысты.

Іс-шара барысында ұйымдастырылған көрмеде жергілікті шеберлердің ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдары, киізден жасалған сувенирлер, құрақ көрпелер, ою-өрнекпен көмкерілген киімдер, қыз жасауының бұйымдары, тұрмыстық сәндік заттар, табиғи өнімдер мен тәттілер көпшілік назарына ұсынылды. Көрмеге келген қонақтар қолөнершілердің еңбегіне жоғары баға беріп, олардың өнімдерінің сапасы мен ерекше дизайнына қызығушылық танытты.

Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты, Әйелдер қанатының төрайымы Айман Әшімова ауыл әйелдерінің креативті индустрияны дамытудағы рөлі ерекше екенін атап өтті. Оның айтуынша, ұлттық құндылықтарды дәріптеп, оларды заман талабына сай өнімге айналдырып отырған қыз-келіншектердің еңбегі зор.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылдың 18 ақпанында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне креативті индустрияларды қолдау және дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Бұл заң креативті индустрия саласында еңбек етіп жүрген азаматтарға тың мүмкіндіктер ашты. Әсіресе ұлттық қолөнермен айналысатын шеберлер үшін мемлекеттік қолдаудың жаңа тетіктері қалыптасты. Ендігі жерде өз кәсібін бастағысы келетін азаматтар гранттар мен жеңілдетілген бағдарламалар арқылы өзінің өндірісін кеңейтіп, жаңа технологияларды енгізуге мүмкіндік алады, – дейді ол.

«Ұлттық нақыштағы өнімдерге сұраныс артып келеді»

Айман Әшімованың айтуынша, бүгінде Қордай ауданында ұлттық қолөнерді кәсіпке айналдырған қыз-келіншектердің саны артып келеді. Бірі қазақы нақыштағы қыз жасауларын әзірлесе, енді бірі ұлттық киімдер, бесік жабдықтары, тұрмыстық бұйымдар, түрлі ойыншықтар мен кәдесыйлар дайындайды. Кейбір шеберлер өз үйлерінде шағын тігін цехтарын ашып, бірнеше адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

– Мемлекеттік гранттардың арқасында көптеген кәсіпкер тігін машиналарын, кестелеу құрылғыларын және басқа да қажетті құрал-жабдықтарды сатып алды. Соның нәтижесінде үй жағдайында жұмыс істеп отырған шеберлердің өнім көлемі ұлғайып, сапасы жақсарды. Ең бастысы – олар өз кәсібін дамытумен қатар ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып келеді. Бір әйелдің кәсібі арқылы екі-үш адамның тұрақты табыс тауып отырғанын көріп жүрміз. Бұл ауыл экономикасына да оң әсерін тигізеді, – дейді депутат.

Оның айтуынша, кәсіпкер әйелдерді қолдауда қоғамдық ұйымдардың да үлесі зор. Соның бірі – «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанындағы Іскер әйелдер кеңесінің «Бір ауыл – бір өнім» жобасы. Аталған бастама ауылдық жерлердегі ерекше өнімдерді анықтап, оларды брендке айналдыруға, ішкі және сыртқы нарыққа шығаруға бағытталған.

– Әйелдер қанаты, Іскер әйелдер кеңесі және Іскер әйелдер қауымдастығы арасында үшжақты меморандумға қол қойылған. Осы келісім аясында әйелдердің кәсіпкерлік бастамаларын қолдап, оқыту семинарларын өткізіп, кеңес беріп, көрмелер ұйымдастырып келеміз. Сонымен қатар олардың өнімдерін сауда алаңдарына шығару, маркетинг пен бренд қалыптастыру мәселелеріне де қолдау көрсетіледі. Барлығымыздың мақсатымыз ортақ – ауыл әйелдерінің табысын арттырып, ұлттық қолөнердің дамуына серпін беру, – дейді Айман Әшімова.

Мәслихат депутатының айтуынша, қазіргі таңда ұлттық нақыштағы өнімдерге сұраныс артып келеді. Қазақы стильдегі киімдер, әшекейлер, тұрмыстық бұйымдар мен кәдесыйлар тек елімізде ғана емес, шетелдік туристер арасында да жоғары бағалануда.

– Сондықтан ауылдағы қолөнершілердің шығармашылық әлеуетін қолдау – мәдени мұраны сақтаумен қатар экономиканың жаңа бағытын дамытуға да мүмкіндік береді.Қордай ауданындағы қыз-келіншектердің бастамалары соның айқын дәлелі. Олар ата-бабадан қалған қолөнер дәстүрін заман талабымен ұштастырып, ұлттық құндылықтарды заманауи өнімге айналдыруда. Осындай жобалардың арқасында ауыл әйелдерінің кәсіпкерлік белсенділігі артып, жаңа жұмыс орындары ашылып, өңірде креативті индустрияның дамуына тың серпін берілуде, – дейді ол.

«Өз кәсібін ашып, отбасына тірек болғысы келетін әйелдер көп»

Бүгінде Қазақстанда ауыл әйелдерінің кәсіпкерлік әлеуетін арттыру мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының біріне айналды. Өйткені ауылдағы әрбір жаңа кәсіп – жаңа жұмыс орны, әрбір табысты отбасы – әлеуметтік тұрақтылықтың кепілі. Әсіресе әйелдердің кәсіпкерлікке келуі тек отбасының табысын арттырып қана қоймай, тұтас ауылдың экономикалық белсенділігін күшейтеді. Соңғы жылдары мемлекет тарапынан кәсіп бастауға арналған гранттар, жеңілдетілген несиелер, субсидиялар мен түрлі оқыту бағдарламалары іске асырылып келеді. Осындай мүмкіндіктерді ауыл әйелдеріне кеңінен түсіндіру және оларды кәсіпке тарту мақсатында еліміздің барлық өңірінде жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты, «AMANAT» партиясы жанындағы Әйелдер қанатының мүшесі, кәсіпкер Айман Серікқызының айтуынша, ауыл әйелдерінің экономикалық белсенділігін арттыру бүгінгі күннің ең өзекті мәселелерінің бірі.

– Қазіргі таңда қоғамда жас отбасылардың ажырасуы жиілеп бара жатқаны жасырын емес. Оның басты себептерінің бірі – жұмыссыздық пен тұрмыстық зорлық-зомбылық. Ал бұл мәселелердің түп-төркіні көбіне әлеуметтік жағдайдың төмендігінен, қаржы тапшылығынан туындайды. Тұрақты табыс болмаса, отбасында түсініспеушілік көбейеді. Сондықтан әйелдердің де кәсіпке араласып, отбасының әл-ауқатын көтеруге үлес қосуы маңызды. Бүгінде өз кәсібін ашып, жолдасына тірек болып, балаларының болашағына инвестиция салғысы келетін әйелдердің саны артып келеді, – дейді ол.

Әйелдер қанаты ауылдағы қыз-келіншектерге жаңа мүмкіндік ашты

Айман Серікқызының айтуынша, осы мәселелерді жүйелі шешу мақсатында 2023 жылдың қараша айында «AMANAT» партиясының жанынан Әйелдер қанаты құрылды. Ұйым республика бойынша он бағытта жұмыс жүргізсе, соның ең маңыздысының бірі – ауыл әйелдерінің кәсіпкерлікпен айналысуына жағдай жасау.

Жамбыл облысында бұл бастама нақты жобалар арқылы жүзеге асырылып келеді. Әйелдер қанаты облыстағы барлық он ауданды және жүз елу бір ауылдық округті аралап, ауыл тұрғындарымен бірнеше мәрте кездесулер ұйымдастырған.

Бұл кездесулерге тек партия өкілдері ғана емес, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының, Аграрлық несие корпорациясының, мемлекеттік кірістер органдарының және қаржы институттарының мамандары қатысып, мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктерін жан-жақты түсіндірген.

– Біз ауылдарға барғанда көптеген әйелдердің кәсіп ашуға ниетті екенін көрдік. Бірақ олардың көбі қандай мемлекеттік қолдау бар екенін, қайда жүгіну керектігін білмейді. Сондықтан әрбір кездесуде гранттар, жеңілдетілген несиелер, бизнес-жоспар әзірлеу, салық төлеу тәртібі, мемлекеттік бағдарламалар туралы кеңінен түсіндірдік. Мұндай кездесулер әйелдердің өз күшіне деген сенімін арттырды, – дейді депутат.

Оның айтуынша, қазақтың «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген қанатты сөзі бүгінде ерекше маңызға ие болып отыр. Қазіргі қазақ әйелі тек отбасының ұйытқысы ғана емес, табысты кәсіпкер, жұмыс беруші әрі қоғамның белсенді мүшесіне айналып келеді.

Қордайдағы форум жаңа идеялардың алаңына айналды

Ауыл әйелдерінің бастамаларын қолдау мақсатында Қордай ауданында өткен «Ауыл әйелі – ауыл экономикасы» форумы өңірдегі маңызды іс-шаралардың бірі болды

Форумның басты мақсаты – тәжірибелі кәсіпкер әйелдер мен өз кәсібін енді бастағысы келетін қыз-келіншектердің басын қосып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасау.

Жиын барысында кәсіпкерлікті қалай бастау керек, мемлекеттік қолдауды қалай тиімді пайдалану қажет, өнімді қалай нарыққа шығару керек, бизнесті қалай дамытуға болады деген өзекті мәселелер кеңінен талқыланды.

– Форумға келген қыз-келіншектердің көбі «Өз кәсібімізді қалай ашамыз?», «Бизнесті қалай кеңейтеміз?», «Қандай мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға болады?» деген сұрақтарды қойды. Осындай кездесулердің нәтижесінде көптеген әйел нақты шешім қабылдап, кәсіп бастауға бел буды, – дейді Айман Серікқызы.

Жеке тәжірибе – табыстың басты кепілі

Айман Серікқызы кәсіпкерлік туралы тек теория жүзінде емес, өзінің өмірлік тәжірибесіне сүйене отырып әңгімелейді. Ол ширек ғасырдан астам уақыттан бері ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп келеді. Бүгінде өзі басқаратын «Байнұр» шаруа қожалығы өңірдегі табысты шаруашылықтардың бірі саналады.

Жолдасымен бірге асыл тұқымды еділбай қойын, қазақтың ақбас сиырын өсіріп келеді. Сонымен қатар 2012 жылы Канададан абердин-ангус тұқымды ірі қара малын әкеліп, ет бағытындағы асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға үлес қосқан.

Форум барысында ол ауыл шаруашылығымен айналысқысы келетін әйелдерге мемлекет тарапынан берілетін субсидиялар, жеңілдетілген несиелер, инвестициялық қолдау және асыл тұқымды мал өсірудің тиімділігі жөнінде жан-жақты айтып берді.

Сонымен қатар ірі сауда желілерінің басшылары кәсіпкер әйелдерге өнімді өткізу, маркетинг, бренд қалыптастыру және сатып алушылармен жұмыс істеудің жолдарын түсіндіріп, өз тәжірибелерімен бөлісті.

Еңбек еткен адамға мүмкіндік мол

Айман Серікқызы бүгінде мемлекет тарапынан кәсіп ашамын деген азаматтарға барлық жағдай жасалып отырғанын айтады.

– Кейде адамдар «Үкімет бізге көмектеспейді» деп жатады. Шын мәнінде мемлекет кәсіп бастаймын деген азаматтарға жеңілдетілген несие береді, грант бөледі, ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға субсидия қарастырады. Мүмкіндік бар. Ең бастысы – еңбек етуге деген ниет пен жауапкершілік болуы керек, – дейді ол.

Оның айтуынша, ауылдағы тағы бір күрделі мәселе – жұмыс күшінің тапшылығы. Жастардың қалаға көшуі салдарынан тәжірибелі мамандар азайып барады.

– Бүгінде ауылда мал бағатын адам табу қиын. Кейбір шаруашылықтар айына 500-700 мың теңге жалақы ұсынса да, жұмыс істейтін адам табылмайды. Сондықтан еңбекке деген көзқарасты өзгертуіміз керек. Әр адам өз мүмкіндігін пайдаланып, кәсіп ашуға немесе тұрақты еңбек етуге ұмтылғаны жөн, – дейді депутат.

Берік отбасы – қуатты мемлекеттің негізі

Айман Серікқызы әйелдің қоғамдағы басты миссиясы – отбасының берекесін сақтау мен саналы ұрпақ тәрбиелеу екенін ерекше атап өтті.

– Біз дамыған мемлекет құрамыз десек, ең алдымен тәрбиелі, білімді, еңбекқор ұрпақ өсіруіміз керек. Ондай ұрпақты тәрбиелейтін – ана. Сондықтан аналардың әлеуметтік жағдайының жақсы болуы өте маңызды. Кейбір адамдар барлық мәселені ажырасумен шешуге болады деп ойлайды. Бірақ отбасының беріктігі әйелдің даналығы мен ер азаматтың жауапкершілігіне байланысты. Берекелі отбасы – берік мемлекеттің іргетасы, – дейді ол.

Оның айтуынша, бүгінде ауылдарда мемлекеттен жеңілдетілген несие алып, шағын кәсібін бастап, бірнеше адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған әйелдер көбейіп келеді. Олар тек өз отбасын ғана емес, тұтас ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып отыр.

Қазіргі таңда Қазақстанда әйелдер кәсіпкерлігіне ерекше көңіл бөлінуде. Биыл креативті индустрияларды қолдауға бағытталған заңнамалық өзгерістердің қабылдануы да жаңа мүмкіндіктердің көкжиегін кеңейтті. Бұл ауылдағы қолөнермен, ұлттық бұйымдар жасаумен, қызмет көрсету саласымен айналысатын әйелдер үшін де тың серпін береді.

Әйелдің қолындағы кәсіп – тек табыс көзі емес. Ол – жаңа жұмыс орындары, ауылдағы әлеуметтік тұрақтылық, балалардың сапалы білімі, отбасының әл-ауқаты және ел экономикасының дамуына қосылған нақты үлес. Сондықтан ауыл әйелдерінің кәсіпкерлігін дамыту – бүгінгі күннің ғана емес, болашақ Қазақстанның да маңызды стратегиялық міндеттерінің бірі.

Қордай ауданы Айман Әшімова