«Көргенсіз». Бауыржан Халиолла менің өлгенімді тілеп жүр – Ақұштап Бақтыгереева

Бүгін, 19:43 / Alashorda
Коллаж

Әлеуметтік желіде ақын Ақұштап Бақтыгереева Орал қаласындағы Қадыр Мырза Әлі орталығына Мұхаметжан Тазабекпен кездесудің өтуіне қарсылық білдірген болатын. Ақынның жазбасынан кейін аталған орталықта айтыскермен кездесу өтпеді. Бірақ мамырдың 24 күні «Атамекен» орталығында Мұхамеджан Тазабек «Шаңырақ берекесі» атты форумға қатысты. Ақұштап Бақтыгерееваның жазбасынан кейін Қадыр орталығының директоры Талғат Мықи көлемді пост жазса, айтыскер Бауыржан Халиолла «Тосын» пікір қалдырды. Әлеуметтік желіден басталған дауға байланысты жайықтың ақ шағаласы атанған Ақұштап Бақтыгерееваға хабарласып, әңгімелестік.

– Ақұштап апа сіздің Қадыр орталығында айтыскер ақын Мұхамеджан Тазабекпен кездесу өткізуге байланысты жазбаңыз әлеуметтік желіде қызу талқылып, кеш өтпей қалғанын естіп отырмыз. Сіздің жазбаңыздан кейін кездесу өтпей қалды ма?

– Иә, өтпей қалды. Оның үстіне бұл іске Мәжіліс депутаттары – Қазыбек Иса, Ермұрат Бапи бастаған депутаттар кірісті. Сосын біреулер хабарласты. Әуелі біраз келісімдер болды. Бірақ мен жазуын жаздым. Ел шулап кеткеннен кейін тоқтады. Әйтсе де біреулер «Олар бәрібір кездесті» деп айтып жатыр. Оның анығын үкімет білмесе, мен білмеймін ғой, қарағым.

Сіз өз жазбаңызда Мұхамбетжан Тазабековтың  Қайрат Сатыбалды, Бекболат Тілеухан, Дикий Арманның құшағынан шыққанын айтып, «Тәңірші болу, салафит болу, ақ жамылу, қара жамылу, талақ болу, суайт болу, зымиян болу - өз еркіңіз ғой...» деп түйіндепсіз. Бұған дейін қоғамда Мұхамеджан Тазабекті салафиттік ағыммен байланыстыратын әңгіме айтылып келді. Солай бола тұра Қадыр орталығы оны не үшін шақырып жүр?

 – «Кездесуге әйгілі айтыскер келеді» деп жастарға насихаттайды ғой. Себебі олардың қалтасында ақша бар. Өкінішке қарай олар жастарды улап бара жатыр. Батыста бұлар көбейіп кетті. «Қой терісін жамылған қасқыр» ғой бұлар. Әдемі сөйлейді. Ұлттық құндылықты айтатын ақсақалдар мен білімді адамдар бар. Жастарды солармен неге кездестірмейді? Неге оны тауып алады? Біздің батыс өңірінде яғни Ақтөбе, Атырау, Орал қалаларында сәләфит, уахабистер көбейіп кетті. Теріс ағымға жастар кетіп жатыр. Білім жоқ, ертең салынатын үш атом электр станциясына кім инженер болады? Бәрі балаларын мешітке сүйреп жүр. Оны өзің де көріп жүрсің, оны менен неге сұрап жатырсың? 

Қадыр орталығының басшысы Талғат Мықи сізге өкпелеп көлемді пост жазған екен. Оқыдыңыз ба?

– Оқыдым, ол бишара өзі жазып отырған жоқ, жаздырып отыр. Ол бишараны өзім мектептен бастап жетектеп, сүйреп, оқуға түсіріп, оны бітіртіп оқытқан балам еді. Алғашқы жинағын Оралда жазушылар одағын басқарып жүргенде «Жазушы» баспасынан Есенғали Раушановқа жалынып шығарып беріп едім. Оның барлығын ұмытып, Абай айтқандай «Өз күшігім» өзімді қауып отыр. Енді не істейін, қартайғанда осындайға кездесіп отырмын.

Талғат Мықидың жазуынша, сіз өзіңізге арнау арнаған ақынның кешін өткізу туралы ұсыныс айтқан екенсіз. Сіздің өкпе-ренішіңізді осымен байланыстырады?  

– Жоқ, мен оған «Керемет жыр жазатын жастардың кешін Қадыр орталығында өткізсейші» деп Ақтілектің керемет өлеңін жібердім. Кеше де ескерттім: «Мына кездесуге сен жауап бересің бе? Мұхамеджанды неге шақырдың, орталықтың басшысың ғой, балам. Қадыр орталығына Тазабековты неге кіргізесің, сен ертең жауап бересің» деп жеке өзіне жаздым. Бірақ ол Тазабековтер берген ақшаға уланғандардың ықпалындағы бала болып шықты. Сол бәрін тастап, айтыста күн көріп жүр. Содан соған беріліп кетіпті. Ол ақша үшін менің барлық аналық қамқорлығымды ұмытып кетті. Қазір ақша бәрін шешіп тұр.

Талғат Мықи «Былтыр Қадыр Мырза Әлінің 90 жылдығы мен ақын атындағы орталықтың 10 жылдығы тойланды. Шақырулы қонақтардың ішінде Сіз де болдыңыз. Келіп тойға қатысып кеткеніңіз үшін қомақты қаламақы алдыңыз! Ал, Қайнар Олжай ағамыз «Айналайындар, маған ештеңе керек емес! Қадыр ағамның аруағынан ұят болады...» деп, ұсынылған қаламақыдан үзілді-кесілді бас тартты» деп жазыпты. Бұған не дейсіз?

– Оның бәрі өтірік. Бұл жерде 15 миллионның 11 миллионын Жүрсін Ерман келіп, Бауыржан Халиолла айтысқа алып алды. Ақыр аяғында Жұбан Молдағалиевке арналған спектакльді қоюға да ақша жетпей қалды. Олар енді айта береді. Мен Қадыр ақынның тойына келіп ақша сұрай ма екенмін, көргенсіз? Мен Қадыр ақынның кемпірін жеңешелеп, жетектеп келдім. Қайта кейбір жігіттерге «Жеңешемізге шай-пұлдық ақша берсеңдерші, дұрыс камзол кигізсеңдерші» деп жүрдім.

Мен Ақұштап ақын ретінде сексенге келгенде, осы күні көрінген айтыскер мініп жүрген көлік мініппін бе? Мені сексен жас мерейтойыма шақырғанда «Жайық суға кетіп жатыр, мен бармаймын» деп айттым. Мысалы Ханбибінінің мерейтойын Шымкент қалай тойлады? Мен Оралдан кітапханамды тастайтын жер таппай кетіп қалдым. Сонау Әбулерден бастап автографы алынған кітаптарды шашып, ауылдағы үйде үйіп отырмын. Оралдан көшіп кетіп қалдым.

Әу баста «Оралдың қыздарын тәрбиелейінші, етегін жабайыншы» деп 25 жылымды Оралға бердім. Енді балаларымның қасына келіп, Алматыма қайттым. Сондағы маған істеп отырғандары мынау ғой. Мен әр қыздың тағдырына араласып, түнгі клубта екіқабат болып, ұятқа қалған, жігіті алдап кеткен талай қызға қамқорлық көрсеттім. Сондай-ақ университет пен колледжде талай қыздың уахабизмге кірмеуі үшін арпалыстым. Оны өзім айтсам, мақтанғандай боламын. Бірақ бүкіл жақсылығыңды қазақ өлгесін көреді екен ғой.

Әлеуметтік желіде айтыскер ақын Бауыржан Халиолла «Біреуге өлім тілемейсің. Бірақ өлмей қойып жүйкеңе тиетіндер бар» деп жазыпты. Бұл сөз сізге арналған жазба ма?  

– Ол да өзімнің өсірген балам ғой. «Жүрсіннің жүйріктеріне» өзім жетектеп алып, өбектеп барып қостым. Жүрсіннің көзі тірі. «Мына бала жоқ-жұқа бала. Осы баланы айтысқа қосшы» деп өтінген мен едім. Жүрсіннің көзі тірі. Алғашында айтысқа арақ ішіп бармай қалғанда «Сенің балаң» деп маған ренжитін. Сөйткен балам ғой. Қазір уахабизмнің ақшасы көңілдеріне қоныңқырап тұр. Қазір бастысы адамгершілік емес, ақша болып кетті. Тазабековтың өзі «Маған ақшаның қайдан түсіп тұратынын білмеймін, әйтеуір телефоныма түсіп тұрады» деп сұхбатында айтқан. Сол көп ақша лепіріп сөйлегенге, сол ақшаның ықпалында кетті. Әу баста айтыскерге сақал қойғызған осы Тілеухандар мен Тазабектер болды. Оны өздерің көріп жүрсіңдер. Олар спортқа да кірді, айтысқа да кірді. Алғашқы айтыскерлер өзіміз тәрбиелеген жап-жас балалар еді.

Мен «Намаз оқыма» демеймін, бес жасымда әжеммен бірге намаз оқығанмын. Осылардың білген намаз, Құран сүрелерінің бәрін білемін. Мен бірақ қазіргі ұрпақтың ғылым, білім жолын қуып, әлем қатарына шыққанын тілейтін анамын. Мен өз ұрпағымды солай тәрбиеледім. Қазір немерелерім сол бағытта оқиды. Олар құдайсыз емес. Менің балаларым Құдайдан да қорқып, адамды да сыйлайды. Біз оларды солай тәрбиеледік. Менің де атадан балаға қалған ұрандарым бар, сыйынатын әруағым бар, сыйлайтын әулиелерім бар.  Ал мыналардың істеп жүргені басқа бағыт қой. Мен соны көріп шыдамай кеттім, әйтпесе бұларға қартайғанда қайратым жетпейді.

Мені «Өлмейді» деп екінші рет жазып отыр. «Қазақ әдебиеті» газеті Күлаш Ахметова дүниеден өткенде көңіл айту сұрағанда, неге екенін білмеймін, Бауыржан Халиолла «Өлетін адам өлмейді, өлмейтін адам өледі» деп жазды. Сондағысы Күләш емес, мен өлуім керек екен. Енді олар Құдайға сенсе, мен де Құдайға сенемін. Маған Фариза мен Күләштің айтпағанын айтсын деп ғұмыр берген шығар. Әлеуметтік желіге «Фариза, мені «Өзімнің» ақын балам өлтіре алмай жүр. /салафиттермен дос еді/ Ол жаққа баратын тізімде кімдер алда тұрғанын қарай салшы» деп жаздым. Неге екенін білмеймін Бауыржан Халиолла менің өлгенімді тілеп жүр.

Енді менің басқа шарам жоқ, бұларға ештеңе де айтпаймын. Егер Үкімет «Осылардыкі дұрыс» деп отырса, не шара бар? Мен үкімет мен Парламент және заң органдары яғни прокуратураға «Батысқа келіп, діни ағымда жүрген адам жастарды бұзып жатыр» деп хат жазып, сұрадым.  Бір қызығы олар үндемейді. Мына біздің Батыс Қазақстан облысының прокуроры солардың жағында. Неғылған адам екенін білмеймін, жас жігіт, бірақ бетпе бет көрген жоқпын.

Идеологияға жауапты Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары мен облыстық ішкі саясат басқармасы не қарап отыр? Олармен сөйлестіңіз бе?

– Оларды Бауыржан Халиолла бағындырып алған. «Ана істеп отырған қателіктеріңді айтамын, жеп отырған ақшаларын көрсетемін, сондықтан сіздер менің айтқанымды істейсіңдер» дейді. Қазір Мәдениет бастамасының тізгінін Халиоллаға берген. Қайда барып ән саламыз десе – ән салады, қай жаққа барамыз десе де барады. Оларға ақша табылады. Мені Қадырдың тойына келіп ақша алды деп отырғандары, егер олар Құдайға сенетіндер болса, Құдай алдында күнә. Мен Қадырдың өмір бойы шайын беріп өскен қарындасымын.

Енді ол қайдан шыққан ақша? Сіз ол жиынға Алматыдан келіп қатыстыңыз ба?

– Мен Алматыдан Қадырдың әйелін жетектеп келіп, қатыстық. Менің «Қадыр айтыс ақыны емес. Айтыс жасамаңдар» деген сөзіме өшігіп отырған түрі. Алматыдан Қайнар Олжай, Мереке Құлкенов келді. Мен ешқандай қаламақы алған жоқпын. Мен қандай қаламақы аламын? Егер мен Қадыр ағамыздың әйелін ертіп тойына келсем?

– Егер ешқандай қаржы алмасаңыз өзіңіз жала жапты деп отырған Талғат Мұқиды сотқа бермейсіз бе?

– Жасы келген мен сияқты адам мұндай лас нәрседен алыс жүру керек. Бұларменен соттасып жүруді өзіме ар санаймын. Ит үреді, керуен көшеді. Мен халқыма Ақұштап болып, ақ шағала болып танылдым. Халқым аман болсын. Менің халқымның алдында, ақын ағаларымның алдында титтей де кінәм жоқ. «Үлгі бол» деді – үлгі болдым. Елу жылдан астам бір күйеумен тұрамын, бәлен баланың бесігін тербетіп, жырын жаздым. Айтарымды еліме айттым. Мен мұндай көргенсіздермен соттасып жүре алмаймын. Егер сотқа беру қажет болса, әлеуметтік желіде ақ шағаланы мазақтап салған суреттеріне дейін тұр. Мені халық Ақжайықтың ақ шағаласы десе, Бауыржан Халиолла фейсбук әлеуметтік желісіне өздерінше мені мазақтап ақ шағалаға тышқан жегізіп жатқан суреттерін салды. Ал ақ шағала ондай құс емес. Өзі толқында шырылдап ұшып жүрген құс. Маған «Ақ шағала» деп халық ат берген. Олар соған дейін мазақтап отыр. Олармен соттасып, ұрысу менің абыройыма сын. Мен олардың деңгейіне түсе алмаймын, балам.

– Аман болыңыз апа.

Ақұштап Бақтыгереева Мұхаметжан Тазабек Қадыр Мырза Әлі Талғат Мықи Бекболат Тілеухан Дикий Арман Бауыржан Халиолла