Қазақстанда зейнеткерлік жас мәселесі қоғамдағы ең маңызды әлеуметтік тақырыптардың бірі болып отыр. Бұл мәселе тек белгілі бір жасқа жеткен азаматтардың еңбек қызметін тоқтатуы ғана емес, адамның өмір сапасы, денсаулығы, еңбек құқығы және әлеуметтік әділеттілік қағидаттарымен тығыз байланысты. Осы тұрғыдан алғанда Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның сайлауалды бағдарламасында ұсынылған әйелдердің зейнеткерлік жасын 58 жасқа, ал ерлердің жасын 60 жасқа дейін төмендету бастамасы ерекше назар аудартады. Бұл ұсыныс еңбек адамының мүддесін қорғауға және азаматтардың қарттық кезеңіне дені сау әрі лайықты жағдайда жетуіне бағытталған әлеуметтік саясаттың маңызды бағыты болып отырғаны анық.
Қазіргі таңда әлемде экономикалық даму деңгейін тек ішкі жалпы өнімнің көлемімен емес, азаматтардың өмір сүру сапасымен, еңбек жағдайымен және әлеуметтік қорғалу деңгейімен бағалау үрдісі қалыптасып келеді. Сондықтан дамыған мемлекеттердің тәжірибесінде еңбек заңнамасын жетілдіру, жұмыс уақытын оңтайландыру, қызметкерлердің денсаулығын сақтау және лайықты зейнеткерлік жүйесін қалыптастыру мәселесі алдыңғы орынға шығып отыр. Бұл жағдай Қазақстан үшін де аса маңызды бағдар болуы тиіс.
2026 жылғы 5 тамызда өткен саяси партиялар арасындағы теледебатта ЖСДП өкілі Мақсұт Насибулов әлеуметтік саясаттың басты өлшемі ретінде адам құндылығы мен азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту мәселесін көтерді. Оның сөзінде еңбек қатынастары тек экономикалық тиімділікке емес, ең алдымен адамның денсаулығы мен өмірінің сапасына қызмет етуі керектігі ерекше айтылды. Бұл – әлеуметтік демократияның негізгі қағидаларының бірі.
Теледебат барысында ол еңбек реформаларына қатысты өз көзқарасын тарих тұрғысымен негіздеп нақты мысал келтірді: «Бір кездері 8 сағаттық жұмыс күні де мүмкін емес нәрсе деп саналған. Сол кезде адамдар: «Экономика әлсірейді, кәсіпорындар жабылады, еңбек өнімділігі төмендейді» деп ойлаған болатын. Бірақ уақыт өте келе 8 сағаттық жұмыс күні бүкіл әлемде қалыпты жүйеге айналып, XX ғасырдағы ең үлкен жетістіктердің бірі болды», – деді.
Бұл пікірдің мәні мынада. Адам зейнеткк ерте шығып қана қоймай, сол зейнет жасына дені сай, өмірлік потансалы толық, күш-қуаты толық кезде жетуі де маңызды. Демек ЖСДП осы мақсатты меңзеп отыр.
Қазіргі таңда шынымен біздің қоғам өкілдері зейнеткерлік жасқа әбден әлсіреген шағында жетеді. Осыны мойындауымыз қажет. Жалпыұлттық социал-демократиялық партия азаматтардың мұндай мүшкіл халде зейнетке шыққанын қаламайды. Партия азаматтардың өміріне мемлекет кепіл болуды меңзеп отыр. Дұрыс пайым. Бірақ бізде реформалардан күмәндану стеративі басым. Бірақ байқасақ кез келген әлеуметтік реформа алғашында күмән туғызғанымен, уақыт өте келе қоғамның қалыпты өмір салтына айналаты анық. Бүгінгі күні төрт күндік жұмыс аптасы немесе зейнеткерлік жасты төмендету жөніндегі ұсыныстарға қатысты да алуан ойлар мен алуан пікірлер айтылып келеді. Алайда халықаралық тәжірибе еңбек адамының мүддесін қорғауға бағытталған реформалардың ұзақ мерзімде экономикалық тиімділікке де оң әсер ететінін дәлелдеп отыр.
ЖСДП Орталық аппаратының басшысы, Қазақстан Республикасының Құрылтайы депутаттығына кандидат Мақсұт Насибулов өз сөзінде Исландия тәжірибесін алға тартады.«Исландияда көп адам қатысқан ауқымды тәжірибе барысында жұмыс аптасы 35–36 сағатқа дейін қысқартылған. Соған қарамастан еңбек өнімділігі төмендемеген, керісінше артқан. Бүгінде Исландияда қызметкерлерінің шамамен 86 пайызы қысқартылған жұмыс аптасында еңбек етеді немесе сондай мүмкіндікке ие. Біздің бүгінгі қоғамда осыны меңзейді, осыны қалайды. Себебі адамдар өз өзіне көңіл бөлулері керек. Ертең қарттық келеді. Сол қарттыққа дайындалып денсаулығын оңалтып өмірін дұрыс қалыпқа салуға дағдылануға мүмкіндік беруіміз қажет. Сондықтан ел үкіметі біздің бастаманы қолдайды деп үміттенеміз. Әрине кез келген реформа табан астында жүзеге аса салмайтыны анық. Ол да маңызды. Дегенмен біздің ұсыныс осы»,-дейді.
Бұл деректер еңбек уақытын қысқарту экономикалық өсімге кедергі келтіреді деген пікірдің әрдайым шындыққа сәйкес келе бермейтінін көрсетеді. Керісінше, қызметкердің демалыс уақыты көбейген сайын оның физикалық және психологиялық жағдайы жақсарып, жұмысқа деген ынтасы мен өнімділігі артады. Демек, адамның денсаулығына салынған инвестиция ұзақ мерзімді экономикалық тиімділікке айналады.
Осы тұрғыдан алғанда ЖСДП-ның әйелдердің зейнеткерлік жасын 58 жасқа, ерлердің жасын 60 жасқа дейін төмендету туралы ұсынысы төрт күндік жұмыс аптасы идеясымен мазмұндық жағынан үндеседі. Екі бастаманың да түпкі мақсаты – еңбек адамының өмірін жеңілдету, денсаулығын сақтау және ұзақ жылдық еңбектен кейін азаматтардың лайықты өмір сүруіне жағдай жасау деген сөз.
Бұл туралы экс мәжілсмен, ЖСДП-ның Әйелдер қанатының төрағасы, Құрылтай депутатығына кандидат Ажар Сағандықова былай дейді. «Әсіресе ауыр өндірістерде, құрылыста, ауыл шаруашылығы саласында, медицина, білім беру және құқық қорғау салаларында ондаған жыл бойы қызмет атқарған азаматтардың денсаулығы уақыт өте келе әлсірейді. Ол шындық. Мұндай жағдайда зейнеткерлік жасын төмендету тек әлеуметтік жеңілдік емес, еңбек адамын қорғаудың маңызды тетігіне айналуы қажет. Өйткені мемлекет үшін ең басты капитал – табиғи ресурстар емес, адам капиталы. Сондықтан азаматтардың еңбекке қабілетті кезеңін денсаулыққа зиян келтірмей ұйымдастыру және оларды лайықты уақытта зейнетке шығару – өркениетті әлеуметтік мемлекеттің басты міндеттерінің бірі»,-дейді.
ЖСДП ұсынған бастама дәл осы қағидатқа негізделгені анық. Оның басты мақсаты – адамдардың өмірін қысқарту емес, керісінше олардың белсенді әрі сапалы өмір сүру кезеңін ұзарту. Зейнеткерлік жасқа жеткен азаматтың ауыр сырқатпен күресіп емес, отбасының ортасында, қоғам өміріне белсенді араласып, жинаған тәжірибесін кейінгі буынға бере алатын жағдайда болуы әлеуметтік саясаттың шынайы нәтижесі болуға тиіс.
Қорытындылай келе, қазіргі заманғы әлеуметтік саясаттың басты өлшемі экономикалық көрсеткіштер ғана емес, адамның өмір сапасы болуы тиіс. Мақсұт Насибулов теледебат барысында еңбек адамының мүддесін қорғау, жұмыс уақытын оңтайландыру және халықаралық тәжірибеге сүйене отырып әлеуметтік реформаларды жүзеге асыру қажеттігін атап өтті. Осы ұстаным Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның зейнеткерлік жасқа қатысты ұсынысымен толық үндеседі. Өйткені қоғамның тұрақты дамуы азаматтардың денсаулығы мен әл-ауқатына жасалған инвестициядан басталады. Әйелдердің 58 жаста, ерлердің 60 жаста зейнетке шығуы – жай ғана сандық өзгеріс емес, еңбек адамының қадір-қасиетін жоғары қоятын әлеуметтік мемлекетті қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам.
Тапсырыс беруші: ЖСДП төрағасы А. Н. Рахимжанов. «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы» Республикалыққоғамдық бірлестігінің сайлау қоры қаражатыесебінен төленді.