Мағауиннің қабіріне туған жердің топырағы мен жусаны жеткізілді

22 қыркүйек, 2025 / Alashorda

Вашингтонда жерленген қазақтың көрнекті жазушысы Мұхтар Мағауиннің қабіріне арнайы зиярат жасалып, туған жерінен топырақ жеткізіліп, Құран оқылды, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі Qaz365.kz сайтына сілтеме жасап. 

Жазушының ұлы Едіге Мағауин Абай облысы Шұбартау ауданындағы Босаға өңірінен әкелінген топырақ пен жусанды әкесі жатқан қабірге салды. Бұл – жазушыны ата қонысымен символдық түрде байланыстыруды көздейтін қазақы дәстүр.

Зиярат рәсіміне Вашингтондағы Kazakh American Association мүшелері қатысып, Мағауиннің рухына тағзым етті.

Еске сала кетсек, Мұхтар Мағауин – тарихи романдары мен зерттеулері арқылы ұлттық сананың жаңғыруына үлес қосқан қаламгер. Ол бүкіл ғұмырын қазақ тарихын түгендеуге арнап, артына 27 том еңбек қалдырды.